Жаңалықтар

Сұңғыла дәрігер һәм елін сүйген ер жайлы дастан

Айтыскер ақын, ұстаз Айтбай Жұмағұл – 50 жаста

Сурет Айтбай Ботпайұлының жеке мұрағатынан

І
Бұл оқиға болса да ұмытылған,
Астарында ізгілік сыры тұнған.
Дәрігердің дәрігері көктем қылар
Шарасыз күйге түскен үмітін жан.

Жібергендей жарық қып түн құшағын
Мейірімнің жырлайын бір мысалын.
Қарақұдық ауылында елден ерек
Бала бар-тын дейтұғын:
«Күнге ұшамын!»

Жұрт сүйсінер көргенде сол баланы,
Бір қауіптен Құдайдың қорғағаны.
Төртке толған кезінде күйік шалып,
Үзілуге шақ қалды арман, әні.

Шыбықты тай, ақ шытты байрақ қылған,
Асыр салып үй ішін ойнақ қылған
Сол құлыншақ байқамай соғылды кеп
Самауырға сарқылдап қайнап тұрған.

Құлын даусы жер жарып шырқыраған,
Шама қалмай қалды оған бұлқына алар.
Әпкесі кеп жейдесін шешті үлгеріп,
Ол болмаса қалмас та ед(і), мүмкін, аман?

Күйген дене жазылмай жабысқаны,
Оң қолының тартылып, қарысқаны
Күннен-күнге балаға ауыр тиіп,
Әке-шеше жүрегін жаныштады.

Қайран ана қылғаны ем болмады,
Қайран әке бармаған жер қалмады.
Жаратқанға жалынды баласының
Тағдырына алаңдап енді алдағы.

«А, Құдайым, сауықтыр, баланы оңда!» –
Деумен әке көп жүрді қала, жолда.
Тарығумен тұрғанда Майқұдықта,
Алдына кеп тоқтады қара «Волга».

– Арпалысып жүрсің-ау алаң күнмен?
Қиналғаның байқалды маған бірден.
Соны сезіп тоқтадым, інім, саған,
Хал-жайыңды дұрыс-ау болар білген?

– Бағаласын деп бізге барды да ұдай,
Басымызға бір сынақ салды Құдай.
Күйіп қалған балама шипа іздеумен
Шарлағалы жер-көкті болды бір ай.

– Көңіліңді бір сәтке жайлағайсың,
Сауықты деп балаңды ойлағайсың.
Құлдыраңдап ол әлі ойнақтайды,
Құрбан шалып кейін бір тойлағайсың.

Күн өткізбей ұлыңды әкел маған,
Көрмей өтсін жолынан қатер балаң.
Мен Мәскеуден келгенше қарай тұрар
Өз ісіне білікті жетер маман.

Көңіліңде қалмасын күмән әрі,
Құлантаза жазылып шығады әлі.
…Осыны айтып әлгі адам қағаз берді,
Мекенжайы жазылған бұдан әрі.

Қай біреуден естіген, көргендерді,
Бірер сәтке ұмытып сергелдеңді
Әке қалды тәубе айтып, алғыс айтып,
Көктен іздеп жүргені жерден келді.

ІІ
Жылдар жылжып, қалды артта әбігер күн,
Туғаннан соң о баста бағына елдің
Халық қамын ойлайтын ерге айналды
Емдеген ұл баяғы дәрігердің.

Алмағайып заманның бұлты көшіп,
Жатқан шақта елге құт шын тілесіп,
Көш бастаған осы бір азаматтың
Соңынан да келеді жұрт ілесіп.

Жоқшысындай Алаштың қаймағының,
Жыршысындай өмірдің байламының.
Сарбазына айналды санасы ояу
Ұлтсыздықпен күресу майданының.

Күн артынан өткенде бір күн өтіп,
Жүрегінен жалынды жыр түлетіп,
Естілді үні білгенге қайдан да оның
Қызғыштайын  жүретін шыр-шыр етіп.

Бала күнде қарысқан алақаны
Жоқ-жітікке бүгін сый таратады.
Бірде қалам, ал бірде домбыра ұстап
Толғанумен атады ала таңы.

«Күнге ұшамын!» дейтұғын арманымен
Дүлдүл болды айтыста арда күрең.
Өтері анық өлгенше елін сүйіп,
Айналасын жылытып бар жанымен.

P.S.
Нағыз ердің парықтап парасатын,
Өлеңменен жаңғырттым сана хатын.
Айтбай* – Айтбай болды ғой
көргендіктен
Мақажанов Хафиздың* шарапатын.

Сұлтан ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Басқа материалдар

Back to top button