Медицина

Қарағандыдағы №3 көпсалалы ауруханада TrueBeam желілік жылдамдатқышы пайдалануға берілді

Енді ем іздеп, алысқа барудың қажеті жоқ. Жоғары технологиялы көмек өз жерімізде көрсетілуде. Қарағанды қаласындағы №3 көпсалалы ауруханада TrueBeam желілік жылдамдатқышы пайдалануға берілді. Аталған маңызды бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бекітілген 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында жүзеге асырылып отыр.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қатерлі ісікпен күресте уақыт пен дәлдік шешуші рөл атқарады. Қарағандыда іске қосылған жаңа буындағы сәулелік терапия құрылғысы – аймақ медицинасындағы зор серпіліс. Құрылғы іске қосылып, пациенттерді емдеу басталып та кетті. Бұл – онкологиялық қызметті жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Дерекке сүйенсек, аталған жабдық «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен сатып алынған.

Аймақта жыл сайын қатерлі ісіктің шамамен 4 мың жаңа жағдайы тіркеледі. Бұған дейін жылына 700-ге жуық адам ғана сәулелік терапиядан өтсе, соңғы екі жыл ішінде 1807 пациент ем қабылдаған. Жаңа жылдамдатқыштың іске қосылуымен жыл сайын 1500 адамды қамту жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев онкологиялық қызметті жаңғырту басым бағыт болып қала беретінін айрықша атап өтті.

– Онкологиялық аурулар – ең маңызды медициналық-әлеуметтік проблемалардың бірі. Соңғы екі жылда облыстық онкология орталығы үшін үш заманауи желілік жеделдеткіш сатып алынды, оның екеуі – «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен. Бұл көмек көлемін үш есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді. TrueBeam іске қосылуы өңірдің радиологиялық қызметін сапалы жаңа деңгейге шығарады, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Жаңғыртылған орталық Қарағанды облысы мен Ұлытау облысы тұрғындарына ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен келетін емделушілерге де қызмет көрсете алады. Бұл медициналық мекеменің өңіраралық онкологиялық орталық ретіндегі әлеуетін күшейтеді.

«Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева бағдарламаның маңызын ерекше екенін айтады.

– Бұған дейін азаматтар шетелге барып ем іздесе, қазір оның қажеті жоқ. Емдеу хаттамасы Еуропадағыдай, кез келген басқа елдегі сияқты. Біздің онкологтар барлық жаңа стандарттарға оқытылған. Озық жабдықтар орнатылды. Міндет – әр адамға жоғары мамандандырылған көмекті осы жерде және қазір қағидаты бойынша қамтамасыз ету, – дейді ол.

Аурухана директоры Гамаль Токсамбаев жаңа технологиялардың мүмкіндігіне тоқталды. Оның айтуынша, заманауи жүйе сау тіндерге түсетін сәулелік жүктемені азайтып, асқынулардың алдын алуға және ем нәтижесін жақсартуға жол ашады.

TrueBeam жүйесі әлемнің жетекші онкологиялық орталықтарында кеңінен қолданылады. Құрылғы сәулелену өрісін дәл қалыптастыратын көпқабықты коллиматормен, пациенттің жағдайын күн сайын бақылауға мүмкіндік беретін КТ-визуализациямен, терең орналасқан ісіктерді емдеуге арналған энергияны ауыстыру функциясымен, сондай-ақ, кеуде қуысы ісіктерін емдеу кезінде тыныс алуды бақылауға мүмкіндік беретін гейтинг жүйесімен жабдықталған.

Жаңа аппарат ісіктің орналасуына қарамастан жоғары дәлдіктегі сәулелік терапияның заманауи әдістерін қолдануға мүмкіндік береді.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button