Бас тақырыпСәтбаев

Сәтбаев қаласында коворкинг-орталық ашылды

Кеншілер қаласында есігін айқара ашқан тағы бір тамаша коворкинг-орталық «Жалынды жастар» аталды. Ол БҰҰ даму бағдарламасының «Жастар бейбіт дамуды қолдайды» гранттық жобасы аясында бой көтерді.

Жиналған жамиғатты қала әкімі Асқар Ыдырысов пен БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілі Мивако Хирота қызу құттықтады.

  • Қазақта «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген қанатты қағида бар. Белсенді, талапты, талантты, дарынды қала жастары оны нақты ісімен дәлелдеп келеді. Бүгін тұсауы кесілген орталық тың идея мен жаңа жоба дүниеге келетін ортаға айналып, жастықтың күш-қуаты егемен елдің өркендеуіне жұмсалатыны анық.

Жастар жылында Қаламқас Әбдуәлиева жетекшілік ететін «Аяулым» әлеуметтік қолдау қоғамдық бірлестігінің қажырлы еңбегі мен БҰҰ Даму бағдарламасының қаржылай қолдауы арқасында қала жастары үшін үздік халықаралық тәжірибе қолданылған осындай аса маңызды жобаның сәтті жүзеге асқаны қуантады. Бұл – қоғамдық сананы сілкіндіру және дамуға қолайлы жағдай жасайтын тиімді технологияны пайдалану үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ауқымды істің бедерлі бір бөлігі.

  • Жастар ресурстық орталығына қоныс тепкен қаладағы бұл үшінші және ең бастысы, шығармашылық коворкинг-орталық жалпыға ортақ, оның ішінде жастардың қарым-қабілетін ұштайтын, жанына жақын іс табатын ерекше ашық кеңсе болатынына сенемін. Жалаң сөз, жаттанды дүниеге әуестенбей, жастардың нақты түйіткілін шешетін орта болуы тиіс, – деді кеншілер шаһарының басшысы.

Заманауи үлгідегі коворкинг-орталықта дербес немесе бірлесіп жұмыс істеуге, бейресми кездесу өткізуге, тиімді тынығуға барлық жағдай жасалған. Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Г.Рысмағамбетова мен бизнес-бике Қ.Әбдуәлиева орталықта қарастырылған мүмкіндікті қонақтарға көрсетіп, салиқалы әңгіме қозғады. Қазақтың салт-дәстүрімен қонақтарға қымыз бен дәм татқызып, Мивако Хиротаның иығына қамзол жапты.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button