Сүт өндірісі өркендейді
Бұқар жырау ауданындағы Керней ауылдық округіне бұрынғы XXV партсъезд атындағы кеңшардың аумағы кіреді. Сонау тоқсаныншы жылдары бұл кеңшар тарап тынғанымен, оның құрамындағы Орталық, Ақжар, Алғабас бөлімшелері болған үш ауыл да іргесі сөгілмей, орнында қалған. Бұлардағы мәдени ошақтары мен орта және орталау мектептері, байланыс бөлімшесі мен медпункт баяғыша жұмыс істеп, жылы орындарын суытып, көшіп кетіп жатқандар байқалмайды. Мұндағы халық жер тырмалап, мал өсіріп, өзінің қоңыр тірлігін кешіп жатыр.

– Біздің округ тұрғындары нарық заманына жақсы бейімделіп, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүруде, – дейді Керней ауылдық округінің әкімі Ерхан Есентаев. – Қазір бізде ауыл шаруашылығымен 54 шаруа қожалығы айналысса, кейінгі кезде 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі (бұдан былай АӨК) құрылды. Соның бірі «Бабас» АӨК заңды түрде тіркеліп, жеңілдетілген несие алуға өтінім түсірсе, «Керней 75 және 75» АӨК жұмысын бастап та жіберді.
Осы айтылған «Керней» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өткен жылы осы округ орталығының 1975 жылы туған азаматтары Амангелді Саршинов пен Бауыржан Баймағамбетовтің және оның ұлы Мирастың құрылтайшылығымен ұйымдастырылған екен. Аталған кооперативтің төрағасы Амангелді Саршиновтің айтуынша, олар биыл жыл басында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 жеңілдікті пайызбен 7 жылға 22 миллион 500 мың теңге несие алып, соған чехтің 29 бас «сементаль» тұқымды ірі қара малын сатып алған көрінеді. Осы малдың 18-і сауын сиыр, екеуі бұқа да, қалғаны қашарлар. Содан осы көктемде 17 сиыр бұзаулап, күніне олардан 170 литр сүт сауылып, оның құрт, майы мен ірімшігі өздерінің Қарағанды қаласының «Алтын арба» базарындағы сауда орындарында күнделікті саудалануда. Малды бағып-күту, сиыр сауып, оның сүтінен май бұлғап, құрт, ірімшік кептіріп, даярлау үшін келісімшарт бойынша кооперативте тағы да 4 адам жұмыспен қамтылған. Әзірге мұндағы жұмыстардың бәрі қолмен атқарылуда.
– Ендігі біздің міндет қол жұмысын азайтып, өндірісті кеңейтіп, автоматтандыруға көшіру болып отыр, – дейді Амангелді Саршинов. – Сол үшін ауылдағы қираған үш үйдің орнын сатып алып, оның 35 сотығын қоршап, онда қора-жай тұрғызып, 75 шаршы метрлік сүт өндірісі цехын салып алдық. Енді оған қажет аппараттарды Өзбекстаннан сатып алуға қам жасаудамыз. Мал басы өскен сайын оған жемазық әзірлеуге лизингпен техника сатып алу да ойымызда бар. Аяқты малдың жайылымы үшін де жер керек болады. Жергілікті округ әкімдігінің рұқсатымен олар бүгінше ауыл маңайындағы өріске шығып жүр. Ертеңгі күні өндірісіміз өркендесе, кооперативіміздегі адам саны мен мал басы да артады деген үміттеміз.
Бұл туралы Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан республикасының халқына Жолдауында «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы тиіс» деп атап өткен болатын. Ендеше біз айтып отырған бұл кооператив Керней ауылдық округінде шашырап жүрген жеке шаруа иелерінің бірігуінің басы боларына сеніміміз зор.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы