Жаңалықтар

Құс салып, аң аулаған қызық сейіл

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша Қазақстан этноспорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Сонар-2021» дәстүрлі бүркітшілер сайысы өтті. Аталмыш сайысқа еліміздің барлық облыстарынан 80-нен астам бүркітші қатысты.

Бүркітшілер сайысы бірнеше кезеңнен тұрды. Осы кезеңдер барысында аңшы құстарды аңға түсуге үйрету және аң аулау дағдылары тексерілді. Сайысқа түскен аңшы құстар «Қолға шақыру», «Үй қояндарына түсу» және көгершін, қырғауыл сында құстарды әуеде аулау шеберлігінен бәсекеге түсті. Осы бір додада Ақтоғай ауданының құсбегісі Таңат Оспанқұловтың баулыған сұңқары екінші орынды иеленді. Оның құсбегілік кәсіппен айналысқанына 10 жылдан астам уақыт болған екен. Қазіргі таңда екі бүркіт және сұңқар ұстап, оларды аңға салып жүр.

– Мен Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылдық округінен келдім. Додаға әкеп сынап жатқан сұңқарымның аты – Самал. Самалдың бабы келісіп, бағымыз жанып, осы нәтижеге жеттік. Біз бұған дейін де түрлі өңірлік және халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болдық. Арманым – құсбегілікті ары қарай жаңғыртып, ата-баба дәстүрін жалғастыру, – деді Таңат Оспанқұлов.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button