Сұрыптау кентінде оқу жылының қарсаңында үлкен жәрмеңке өтеді
6 тамызда Сұрыптау кентіндегі «Теміржолшылар» сарайында «Дарабоз» қоғамдық қорының негізін қалаушы Әсемгүл Жақыпованың ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы өтеді. Шара аясында «Қол өнерім – қазынам» атты жәрмеңке өтпек. Жәрмеңкеде қор мүшелігіндегі қолөнершілер төл туындыларын ұсынады
Жәрмеңкеде шеберлердің тіккен ер және қыз балаларға арналған мектеп формалары, сөмке, көйлек, шалбар тіпті, пеналдар нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағада саудаланбақ. Одан бөлек, шеберлердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киімдері де төмен бағада сатып алуға болады.
– Киімдердің сапасы – жоғары. Шеберлеріміз әуелі сапаға мән береді. Әрі өнімдерімізді нарықтағы бағадан төмен саудалаймыз. Бұл шара ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық өнімді насихаттауға бағыталған. Бүгінде көбіміз шет елден келген тауарларды тұтынатынымыз рас. Неге өзіміздің шеберлерімізге қолдау көрсетпейміз? Бұл кісілердің өнімдерінің сапасы шетелдіктерден аспаса, кем түспейді. Жаңа оқу жылының қарсаңында және отандық өнімді қолдау мақсатында осындай шара ұйымдастырып жатырмыз – деді Әсемгүл Кәдетовна.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz