Білім

Сұраныс пен ұсыныс сәйкес пе?

Қазіргі қоғамда білім – ел дамуының негізгі тірегі және жастардың болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі. Бүгінде мемлекет тарапынан жас ұрпақтың сапалы білім алуына ерекше көңіл бөлініп, түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып келеді. Қарағанды облысында да жастардың білім алуына, кәсіби дағдыларды меңгеруіне және еңбек нарығында сұранысқа ие маман болуына жағдай жасалған. Өңірде мектептен кейінгі білім беру жүйесі дамып, колледждер мен жоғары оқу орындары арқылы жастарға кең мүмкіндік ұсынылуда.

Жастар үшін сапалы білім алу мүмкіндіктерінің кеңеюі олардың болашақта бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашады. Бүгінде елімізде жастардың білім алуына бағытталған түрлі бағдарламалар, гранттар мен жобалар жүзеге асырылып, жас ұрпаққа үлкен мүмкіндіктер ұсынылуда.

Білім басқармасының дерегінше, Қарағанды облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 51 колледж жұмыс істейді. Бұл оқу орындарында студенттер 128 мамандық және 176 біліктілік бойынша білім алады. Колледждер жастарға тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар өндірістік тәжірибеден өтуге де мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибелік бағыттағы білім беру жүйесі студенттердің болашақта еңбек нарығына тез бейімделуіне ықпал етеді.

Жастардың тегін білім алуына жағдай жасау мақсатында жыл сайын мемлекеттік гранттар бөлінеді. Мәселен, колледждерге жыл сайын 9 мыңнан астам грант қарастырылады. Ал, биылғы оқу жылында өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 9 300 студент қабылданған, оның 7 300-і жергілікті бюджет есебінен, ал 2 000-ы республикалық бюджет есебінен білім алып жатыр. Бұл көрсеткіштер жастардың тегін білім алу мүмкіндігінің жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Соңғы жылдары мектеп бітірушілердің білімін жалғастыру көрсеткіші де жоғары деңгейде. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, мектеп түлектерінің шамамен 70-80 пайызы жоғары оқу орындарына, ал, 20-30 пайызы колледждерге түседі. Колледждерді көбінесе 9-сыныпты аяқтаған оқушылар таңдайды, олардың үлесі шамамен 85 пайызды құрайды. Бұл жастардың кәсіби білім алуға ерте кезеңнен қызығушылық танытып отырғанын аңғартады.

Қарағанды облысында дуальды білім беру жүйесі де қарқынды дамып келеді. Бұл жүйенің басты ерекшелігі – студенттер теориялық білімді оқу орнында алып қана қоймай, өндіріс орындарында тәжірибеден өтеді. Қазіргі уақытта облыстағы 51 колледждің 37-сі дуальды оқыту жүйесіне тартылған. Оның ішінде 26 мемлекеттік және 11 жекеменшік колледж бар. Бүгінде бұл жүйе бойынша 8 132 студент білім алуда, бұл барлық студенттердің шамамен 34,7 пайызын құрайды. Колледждер дуальды оқытуды өңірдегі 464 кәсіпорынмен бірлесіп жүзеге асырып отыр. Мұндай тәжірибелік білім беру тәсілі түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.

– Жастардың сапалы білім алуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Жас маман» жобасы. Бұл жоба техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Жоба аясында колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи зертханалар мен оқу шеберханалары ашылуда. Нәтижесінде студенттер жаңа технологиялармен жұмыс істеп, халықаралық стандарттарға сәйкес білім алуға мүмкіндік алып отыр. Жастарға арналған тағы бір маңызды бағдарлама – «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы. Бұл бағдарлама еңбек күші қажет өңірлерде білім алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында жастар колледждер мен жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант негізінде білім алып, жатақханамен және әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етіледі. Оқу аяқталғаннан кейін түлектердің жұмысқа орналасуына да мүмкіндік қарастырылған, – деді техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Мадина Дуанбекова.

Қазіргі уақытта өңірде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға ерекше көңіл бөлінуде. Экономикадағы өзгерістерді ескере отырып, колледждердің білім беру бағдарламалары жаңартылып, цифрлық технологиялар мен автоматтандыруға байланысты жаңа бағыттар енгізілген. Соңғы жылдары техникалық мамандықтарға қабылдау көлемі орта есеппен 60 пайызға артқан. Әсіресе машина жасау, цифрлық техника, автомобиль жолдарын салу және пайдалану, электр жабдықтарын жөндеу, сондай-ақ, ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандықтарына қызығушылық жоғары.

– Ауыл жастарының білім алуына да ерекше көңіл бөлінуде. Облыстағы колледждердің 7-еуі ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл оқу орындарында агрономия, ветеринария, ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу сияқты 22 мамандық және 43 біліктілік бойынша кадрлар даярланады. Кәсіпорындармен нысаналы даярлау туралы келісімшарттар жасалып, студенттердің болашақта жұмысқа орналасуына мүмкіндік берілуде.
Ауыл шаруашылығы саласына қызығушылықты арттыру мақсатында өңірде түрлі чемпионаттар мен байқаулар ұйымдастырылады. Соның ішінде, Agroskills және Jasagroskills облыстық чемпионаттары өткізіліп келеді. Бұл шаралар студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға және ауыл шаруашылығы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған, – деді техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Мадина Дуанбекова.

Қазіргі таңда жастардың цифрлық білім алуына да үлкен мүмкіндік бар. Колледждерде бағдарламалау, ақпараттық жүйелер, киберқауіпсіздік, роботтехника сияқты IT бағытындағы мамандықтар оқытылады. Студенттер оқу барысында цифрлық зертханаларда тәжірибеден өтіп, онлайн платформалар арқылы білім алып, түрлі IT жобаларға қатыса алады. Мұндай мүмкіндіктер жастардың цифрлық экономикаға бейімделуіне жол ашады.

Жастарды әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 33 мыңнан астам студент білім алады. Колледждер жанында 2 676 орынға арналған 20 жатақхана жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бұл жатақханаларда 1 500-ден астам студент тұрып жатыр. Студенттерге шәкіртақы төленіп, түрлі әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.

Колледждер мен жоғары оқу орындары, мемлекеттік гранттар, дуальды оқыту жүйесі, түрлі білім беру бағдарламалары мен цифрлық бағыттағы жаңа мамандықтар – барлығы жас ұрпақтың сапалы білім алып, кәсіби тұрғыда дамуына мүмкіндік береді. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы жастар болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасып, ел дамуына өз үлесін қоса алады.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button