Жаңалықтар

Сәпиевтің өткені – кинотаспада

Даңқты жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Серік СӘПИЕВ Қарағандыға келді. Құр келген жоқ. «Боксшы» кинокартинасын ала келді туған жеріне. Алғаш премьерасы Алматыда өтіп, бейсенбі күні Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрында тұсаукесер рәсімі сәтті сабақталды. «Қуануымыз керек» дейді кинокартинаны тамашалап шыққан қауым. Расымен, Олимп шыңын бағындырған оғланның көзі тірісінде құрметтеліп жатқаны ел үшін де, өзі үшін де абырой емес пе?

Жаңа туындыда Серіктің бокстағы алғашқы қадамынан бастап, мансабындағы басты мақсаты – Олимпиада алтынына қол жеткізгеніне дейін баяндалады. Кино желісі сұхбат форматында берілгендіктен, Серік өмірінің ерекше кезеңдерін еске алып, спортқа қалай келгені, сәтсіздіктері, жарқын жеңістері мен арманының орындалғаны туралы әңгімелеп отырады. Фильмнің тұздығы не десеңіз, махаббат көрінісі, отбасы құндылығы көркем суреттелген. Бастысы, бапкері Александр Стрельников екеуінің жаттығу залындағы күнтүнін, ондағы төккен терін, қажырлы қайрат пен еселі еңбекті, бәрін-бәрін әсерлі жеткізеді. Олимп шыңының оңай бағынбайтынын білеміз ғой, бірақ, картинада тіпті қайран қаласың…

Фильмнің сценариін жазуға Ақан Сатаевтан бөлек, әдеби желісін жазуға Тимур Жақсылықов пен Альмира Тұрсын атсалысыпты. Ал, Серік Сәпиев кеңесші болған екен. «Фильмді түсіруге екі жылдан аса уақыт кетті. Дайындық кезеңі мен кастингке үлкен жауапкершілікпен қарадық. Біз басты кейіпкерімізді көп іздедік. Бұл Олимпиада чемпионы туралы кино болғандықтан кейіпкер экранда тек актер ғана емес, боксшы да болуы шарт еді. Бір қызығы, Серік Сәпиев солақай, ал Смадияр оңқай. Ол қайта жаттығуға мәжбүр болды. Менің ойымша, бұл актер үшін қызықты әрі үлкен тәжірибе. Смадиярға осы еңбегі үшін тағы да алғыс айтқым келеді», – дейді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының өндіріс жөніндегі вице-президенті Айдар Баталов.

Басты рөлдегі актерді іріктеу кезінде 800-ден астам өтінім келіп түсіпті, ал ашық кастингке 600 адам өткен. Фильмде басты рөлді ойнаған Смадияр Сабыровқа көрермен ықыласы ерекше болғанын айта кеткен жөн. Смадияр бұған дейін авиакомпанияда бортсерік болып жұмыс істеген. Негізгі мамандығы – заңгер.

– «Боксшы» фильмінің түсірілімінен бұрын түрлі кастингтерге қатыстым. Соңғысы «Томирис» фильмі еді. Содан бері базада сақталып қалыппын. Кастингке өздері шақырғанда аң-таң болып, сенбегенім рас. Ең басты қиындық Серік Сәпиевтің жекпе-жегін жүргізу тәсілін дәлме-дәл көшіру болды. Өйткені, оның жұдырықтасудағы мәнері ерекше. Ептеп қиынға соққаны осы болды, – дейді Смадияр Сабыров. Актер бесінші сыныптан бастап әлі күнге дейін бокспен шұғылданады екен. Киноның тағы бір көшін сүйреген кейіпкер – Серіктің жаттықтырушысы Александр Стрельниковтың бейнесі. Рөлді сомдаған – театр актері және режиссер Игорь Ермашов. «Жаттықтырушылар әлеміне ену өте қызық әрі қиын болды. Мен Стрельниковтың өзімен кездесіп, біраз әңгімелестім. Соның арқасында бапкерліктің қыр-сырын түсіне бастадым. Образға енуіме үлкен үлес болды», – дейді Игорь Ермашов.

Серіктің ата-анасының рөлін белгілі актер Бахтияр Қожа мен Ирина Ажмухамедова тамаша алып шықты. Шеберліктеріне тәнті болғанымыз соншалық, телеэкраннан әкенің боксшы ұлын намыспен қамшылағанын, анасының жүрегіндегі тілеуін оңай түйсінесіз. Айтпақшы, түсірілімнің көп сәттері боксшының туған қаласы – Абай қаласында өткенін де айта кету керекпіз. Туындыны «Ұлттық киноны қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша SATAIFILM түсірді. Фильмнің бюджеті – 900 миллион теңге.

…Серіктің бүгінге дейінгі спорттық ғұмырын көз алдымызға әкелді. 69 келіде сынға түскен Серік жапондық Ясухиро Сузукиді 25:11 есебімен жеңді, артынша венесуэлалық Габриель Перезаны 20:9 есебімен ойсыратты, жартылай финалда ресейлік Андрей Замковойды 18:12 есебімен таза ұтты. Финал… Ақтық айқас. Сәпиев – Эванс жекпе-жегі. Үш раунд бойына бұғып бокстасқан ағылшын боксшысы өз жанкүйерлерінің алдында Серіктің жұдырық сілтесінен сескенетінін, жерлесіміздің атақ-абыройынан қаймығатынын әр қимылынан-ақ байқатты. Үш раунд бойына ортекедей ойқастаған Серік 17:9 есебімен жеңіске жетті. Олимп биігі бағынды…

Бесіктегі баладан ата сақалы ауызына түскен қарияға дейін бір-бірінен сүйінші сұрасып, бөркін аспанға атты. Иә, Серік сайыпқыран Лондон төрінде әнұранымызды асқақтатып, көк туымызды биікте желбіреткенде Қазақ елі қатты қуанған еді… Міне, кино түйінделер сәтте тура сол сезімді, қуанышты һәм әсерді қайта сездік. «Бәрекелді!» десіп, бұл жолы Лондон төріндегі Серікке емес, «Сарыжайлау» кинотеатрында көрермендер ортасындағы Серікке тағы бір мәрте орнымыздан тұрып, қол соқтық…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button