Спорт

Сәпиев ізбасарларының бәсекесі

Қарағандыда Лондон олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогінің иегері, қазақ боксының жарық жұлдызы Серік Сәпиевтің жүлдесі сарапқа салынды. Бокстан ХІ ашық республикалық турниріне 14 пен 15 жас аралығындағы боксшылар қатысты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған турнирге биыл 70-тен астам боксшы қатысты. Былғары қолғап додасына үміткерлер Қазақстанның түпкір-түпкірінен келді. Сонымен қатар, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстаннан да спортшылар жүлдеге талас жүргізді. Турнирдің ашылу салтанатында Серік Сәпиев ізбасарларын құттықтап, жалынды сөздерімен қанаттандырды.

– Қарағандыда өтетін жарыстардың деңгейі өте жоғары. Мұндай турнирлер еліміздегі боксты дамытуға зор үлес қосады. Осындағы әр боксшы Әлем және Олимпиада чемпиондары болсын деп тілеймін. Қарағандының әлеуеті зор. Кеншілер шаһарында болашағынан үміт күттіретін спортшылар көп. Келешекте еліміз бокстан талай шыңды бағындыруы үшін жас буынды тиісінше баптай алуымыз қажет, – деді Серік Сәпиев.

XI республикалық турнир Олимпиада чемпионының 40 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Туған күн иесін облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын құттықтап, чемпионның иығына шапан жапты.

– Серік Сәпиев – бүкіл елдің мақтанышы. Ол – жас ұрпаққа үлгі. Ал, бұл турнирден жаңа чемпиондар түлеп ұшатынына сенімім зор. Серік Сәпиевтей жұлдыздар жарқырап шыға берсе, әлемдік ареналарда бәсіміз биік болары сөзсіз. Рингте атой салатын саңлақтарымыз арта берсін деген тілек білдіргім келеді, – деді Ерлан Құсайын.

Турнир екі күнге созылды. Жекпе-жектер 14 салмақ дәрежесі бойынша өтті. 44-тен 80 келіге дейін.

Жүлделі орындарға ие болған спортшылар дипломдармен және медальдармен марапатталды. Сонымен қатар, демеу­шілердің ақшалай сертификаттары және сыйлықтары табысталды.

Ерік НАРЫН,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button