Сән өнерінің салтанаты
Он саусағынан өнер тамған шеберлердің туындыларынан талғамның биіктігін, әдемілікті байқауға болады. Қолөнершілер ұйымдастырған ІІ облыстық форум биыл өзгеше өтті. Форумның Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуінің де өз мәні бар. Өйткені «JADIGER» шеберлері Аналар кеңесінің жанынан ашылған «Ісмер» клубымен тығыз байланыста. Клуб екі жылда халықаралық деңгейге аяқ басты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан, біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді, – деді Мемлекет басшысы.
– Елімізде бизнесті қолдауға арналған республикалық деңгейдегі 20-дан астам мемлекеттік жоба іске асырылып жатыр, – деді «JADIGER» қолөнершілер қауымдастығының төрағасы Перизат Құлымбетова.
Конференцияда Дүниежүзілік қолөнер қауымдастығының Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша вице-президенті, «Асыл-Дизайн» сән және ассортимент ғылыми-өндірістік орталығының бас дизайнері, «ASPARA» модельдеу өнері және бизнес колледжінің негізін қалаушы Айдархан Қалиев сөз алып, «Нео-фольклор» стилін ілгерілету мәселелеріне тоқталды.
– Халықтық сәндік-қолданбалы өнер – әлемдік көркем мәдениеттің негізі. Даналық пен әсемдіктің таусылмас қайнар қөзі. Онда сан ұрпақтың түрлі материалдарды – ағаш, саз, жүн, металдарды өндеу тәжірибесі бейнеленген.
Көне дәстүрлерді көздің Қарашығындай сақтап келген халықтың көркем қолөнер кәсібі – қазіргі мәдениеттің айқын құбылысы, – деп атап өтті Айдархан Қалиев.
Сондай-ақ, еліміздің материалдық емес мәдени мұра бойынша сарапшысы, Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша құрметті мүшесі әрі кеңесшісі Айжан Бекқұлова, Қолөнершілер одағының мүшесі, этнограф, этнодизайнер Бұлбұл Кәпқызы, Қолөнершілер одағының мүшесі, халықаралық ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері Тілек Сұлтан ұлттық өнерді дамытудағы ерекше ойларымен бөлісті.
Ою-өрнекті халықтың таңбасы әрі бейнелеу өнерінің көнеден келе жатқан мәдениеті ретінде насихаттап жүрген «JADIGER» қолөнершілер қауымдастығының шеберлері Қарағанды облысы әкімінің марапатына ие болды. Бұл марапатқа сондай-ақ, 2023 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында республикалық «Аламан құрақ» жобасына қатысқан облыстың 27 құрақшысы да лайық деп танылды.
– Қазақтың қолөнері – ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Қолөнер тамыры тереңде жатқан тарихтан сөз қозғап, қазақилығымыздың даралығын айқындайды. Осындай әдемілікті ұсынып жүрген «JADIGER» қолөнершілеріне қолдау жасап жүрген орталықтар мен жаны жайсаң жандар да марапатқа лайық, – деп атап өтті облыстық мәслихаттың депутаты, Отбасын қолдау орталығының директоры Ләззат Таймырқызы.
Форум «JADIGER» дизайнерлерінің Орталық Қазақстанның тұлғалары образдарын ұсынуымен ерекшеленді. Қарағанды дизайнерлерінің Сән шеруін көпшілік қошеметке бөледі.
– Халқымыз қолөнерді ертеден қастерлеп бағалай білген. Атадан балаға ұласып келе жатқан осы дәстүр кейбір жерлерде ұмытыла бастаған еді. Бірақ жастардың этнодизайнге деген құлшынысы көңіл қуантады. Қазіргі дизайнерлер, суретшілер қазақтың ұлттық нақыштағы ою-өрнегін қолданып, өзінің туындыларына кірістіруде. Бұл ұлттық стилге сұраныстың барлығы, – деді Перизат Құлымбетова.
Форумда табысты болудың жолдары мен отбасы құндылығы тақырыбы да қозғалды. Колледждер, мектептерде «Ісмер» клубымен өткізген шеберлік сабақтар насихатталды.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер ұйымдастырушылардан