Бас тақырып

Сән әлемінде ұлттық стиль

Ұлттық киім күніне арналған «NAURYZ-FASHION» фестивалінде талғампаз көпшіліктің назарына қазақы нақыш кіріктірілген эксклюзивті топтамалар ұсынылды. Заманауи киіммен ұлттық стильді байланыстырған қарағандылық сәнгерлер көрерменнің қошеметіне бөленді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Киім үлгілерінен отандық дизайнерлердің өзіндік идеяларын нәзік жеткізгенін аңғаруға болады. Сахнаның сәнін келтірген сүйкімді қыздар мен жігіттер ерекше тігілген шапан үлгілерін киіп, подиум бойымен ырғақты жүріп, көздің жауын алды. Қазақы нақыштағы ою-өрнек пен гүл комбинациялары бар киімдер фестивальді дәстүрлі көрсетілімдерден ерекшелендірді.

Фестивальде белгілі қарағандылық «Ұлжан» сән үйі, «Аtelier_gulnur_studiya» тігін студиясы, балаларға арналған заманауи «KORKEM brand» тігін үйі, «SaLIYA» арт студиясы өнер көрсетті. Көпшілік сондай-ақ, «Duy.dream» ательесі, «Qushaqta» бренді, «Samga» ұлттық киімдер ательесі, «Asiya boutique atelier» тігін шеберханасы және «Nuramy» компания­сы мен «Eve Art» брендінің өнімдерін тамашалады.

Ұлттық киімдердің ерекше топтамасын ұсынған сәнгерлер елдің мәдени мұрасын көрсететін бірегей этникалық киім жасауды мақсат тұтқанын тіле тиек етті.

– Ұлттық киім фестивалі – көктемнің жарқын бейнесін көрсететін шара. Мемлекет басшысы Наурыз мейрамын тойлаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Осы орайда салт-дәстүрді дәріптеп, ата-бабаларымыздың киім үлгісін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу қажет, – деді «Аmanat» партиясы ​​облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.

Фестивальде Қазақстан Республикасы және Еуразия дизайнерлер одағының төрағасы Құдияр Холменов және Nurasem сән үйінің директоры Венера Исина сәнгерлер қиялынан туған үлгілерге баға берді. Дизайнерлерге дипломдар, естелік мүсіншелер және 100 000 теңгенің ақшалай сертификаттарын табыстады.

– «NAURYZ-FASHION» фестивалі ұлттық рухты көтерді. Әртүрлі топтамаларға тамсана отырып, үлкен әсер алдық. Қазақстандықтардың Наурыз мейрамы күндері ғана емес, әрқашан ұлттық киім киіп жүргенін қалаймын. Сұлулықты насихаттауды жалғас­тыра берейік, – деді облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button