ЖИ технологиялары оқушылардың сыни ойлау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың V отырысында жасанды интеллект пен цифрландыруға ерекше мән беруге шақырды. «Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр» деп, бұл – стратегиялық міндет екенін де айтты. Мемлекет басшысының бұл пікірі білім беру жүйесіне де тікелей қатысты. Себебі, жасанды интеллектіні игеру тек технологиялық жаңару емес, ол ең алдымен адам капиталының сапасын арттыруға, яғни, функционалды сауаттылығы қалыптасқан тұлға тәрбиелеуге бағытталуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі мектептің басты міндеті – оқушыны дайын ақпаратты тұтынушы емес, алған білімін өмірлік жағдаяттарда қолдана алатын, ойлайтын және шешім қабылдай білетін азамат ретінде қалыптастыру.

Қазіргі білім беру жүйесінде оқушының табысы тек жаттанды білім көлемімен өлшенбейді. Бұрынғыдай қағаз жүзіндегі ақпаратты жаттап қана қоймай, алынған білімді өмірлік жағдаяттарда тиімді пайдалана алу қабілеті – функционалды сауаттылық бүгінгі күннің басты талабы.
Функционалды сауаттылық – адамның алған білімін күнделікті өмірде, әлеуметтік, кәсіби және мәдени ортада тиімді қолдана білу қабілеті. Ол оқу, жазу, математикалық, ақпараттық және цифрлық сауаттылық компоненттерін қамтиды. Білім беру жүйесі оқушыны ақпаратты талдай алатын, өз ойын дәлелді жеткізе алатын тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
Цифрландыру дәуірінде жасанды интеллект білім беру процесіне жаңа серпін беріп отыр. ЖИ оқушының жеке оқу траекториясын ескере отырып, оқытуға мүмкіндік берсе, қателерді талдау арқылы қай тақырыпта қиналып жатқанын анықтап, жеке ұсыныстар береді. Бұл әдіс оқу материалын тұлғалық деңгейде меңгертуге жол ашады.
Жаратылыстану пәндерінде жасанды интеллектінің мүмкіндігі ерекше. Виртуалды зертханалар арқылы оқушылар қауіпсіз әрі көрнекі тәжірибелер жасап, күрделі биологиялық немесе физикалық процестерді визуализациялай алады. Бұл тәсіл ғылыми сауаттылықты дамытуға тың серпін береді.
ЖИ технологиялары оқушылардың сыни ойлау, зерттеу және талдау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Мысалы, фактчекинг тапсырмалары оқушыларға жаңалықтарды дереккөздермен салыстыруға көмектеседі, ал, «егер … болса?» деген сценарийлерді талқылау ғылыми болжам жасау қабілетін дамытады. Үлкен көлемдегі деректерді талдау, кесте мен графиктер құру – бұл да оқу процесінің маңызды бөлігі.
Ғылыми коммуникация саласында жасанды интеллект күрделі терминдерді түсіндіруде және ғылыми эссе жазуда құрылым мен стиль бойынша кері байланыс бере алады. Сонымен қатар, STEM жобаларын ЖИ көмегімен жүзеге асыру – биология, физика, химия және информатика пәндерін ұштастырып, нақты өмірлік мәселелерді шешуге бағыттайды.
Мәселен, химиядан виртуалды зертханаларды қолдану оқушыларға химиялық реакцияларды, молекула құрылысы мен ерітінді концентрациясын 3D форматта көруге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл оқушының зерттеушілік және аналитикалық дағдыларын дамытуға зор үлес қосады.
Жасанды интеллект – функционалды сауаттылықты қалыптастырудың қуатты құралы. Ол оқушының білімін өмірмен байланыстырып, дерекпен саналы жұмыс істеуге және ой-талдау қабілетін жетілдіруге көмектеседі. Алайда, ЖИ оқу үдерісінің мақсаты емес, тек эффективті құралы болуы тиіс.
Сондықтан, жасанды интеллектіні қолдану педагогтің кәсіби шеберлігімен, әдістемелік сауаттылығымен және оқу мақсаттарына сәйкес үйлескен жағдайда ғана нақты нәтижеге әкеледі. Бұл – бүгінгі заманның талабы әрі функционалды сауаттылықты қалыптастырудың нәтижелі тетігі.
Гүлбахар РАХМАНОВА,
педагогикалық шеберлік орталығы Қарағанды қаласы филиалының аға менеджері, тренер



