Жаңалықтар

Сұлулық бәрібір құтқарады

Көрерменін телміртіп, мың бұрала билеген бишілер. Сахнадағыларды қайдам, залда отырғандар құдды бір арбалғандай көз алмай қарайды. Әсемдік, кербездік, әдемілік атаулы жиналып, осы сахнада бас қосқан. Музыка былай қалып, бидің өзіне тіл бітірген қыздар сахнада еркін қозғалады. Айналаның бәрі ұмытылып, қайда отырғаның естен шығады. Би жарысы, болмаса, сұлулық байқауы деп ойларсыз. Жоқ, олай емес. Көрермендер ше? Жасы да, жасамысы да, сарысы да, қарасы да бар. Бәрі әйел. Әйел жүрген жерде әдеміліктің болатыны, әйелдің қолы тиген дүниенің бәрі ерекше құбылып шыға келетіні бар емес пе?! Залда да осындай бір ерекше атмосфера орнаған. Қолың тисе шашырап, сынып кетердей мөлдіреген нәзіктік. Бұл – концерт залы деп ойласаңыз, қателескеніңіз. Бұл – Абай ауданы, Көксу кентінің Северное ауылында орналасқан қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №32 түзеу мекемесі. Яғни, әйелдер колониясы. Ал, қойылым өтіп жатқан жер осы мекеменің асханасы. Сахнадағы әртіс те, залдағы көрермен де – жазасын өтеп жатқандар.

Сотталғандарды тәрбиелеу және оларды мекеменің қоғамдық өміріне тарту, спортты дамыту мақсатында аталған мекемеге арнайы келген Гинесстің рекордтар кітабының әлемдік рекордшысы, Туризм және спорт министрлігінің ресми амбассадоры, қоғам қайраткері, актер, «Құрмет» орденінің кавалері, түрлі қайырымдылық жобалардың авторы, Қажымұқан мен Балуан Шолақ тәрізді қазақ балуандарының дәстүрін жалғастырушы Сергей Цырульниковты жазасын өтеп жатқандар осылай қарсы алды.

Сергей Валерьевич – үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «100 ауыл» бірегей жобасының авторы. Жоба қайырымдылықты ғана емес, сонымен қатар, ауыл жастарымен тәрбие жұмысын, шеберлік сағаттарын, мотивациялық кездесу өткізуді де қамтиды. Жобаны рекордшы өз қаражаты есебінен жүргізетінін де айту керек.

Сергей Цырульников қылмыстық­-атқару жүйесі комитетінің №32 мекемесіне де құр қол келмеген. Спортты дамыту мақсатында келген рекордшы бұл жолы футбол, волейбол доптарын және тағы да басқа қажетті құрал-жабдық ала келген.

– Біз тұрақты түрде түрлі мекемелерге барамыз. Олардың қатарында түзету мекемелері де бар. Сотталғандар – халықтың әлеуметтік осал топтары қатарында. Олармен белгілі бір жұмыстар атқарылуы тиіс. Құр қол келген жоқпыз. Аздаған сыйлықтарымыз да бар. Бірақ, негізгі міндетіміз – тәрбиелік жұмыс жүргізу. Бізді жақсы қарсы алды. Кездесуден алған әсеріміз тамаша. Біз де түзету мекемесіндегілерге мотивация сыйладық деген ойдамын, – дейді Сергей Цырульников.

Сергей Цырульниковпен бірге түзету мекемесіне келген Қарағанды облысының спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Ержан Халилин болса кездесу ұйымдастырудағы тағы бір мақсат – жазасын өтеп жатқандардың көңіл-күйін көтеру болғанын да айтады.

– Сергей Валерьевичтің «100 ауыл» жобасымен елімізде 107 ауыл қамтамасыз етілгенін айту керек. Бұл ретте 35 мыңнан астам бала спортқа және саламатты өмір салтына тартылған. Рекордшы кездесуге түрлі сыйлықтар ала келді. Бұл өз кезегінде жазасын өтеп жатқан әйелдердің бойында алдағы күнге, жақсы өмірге деген құлшынысын оятатыны сөзсіз, – деді Ержан Маманұлы.

Ал, сахнада өнер көрсеткен бишілердің бірі – 34 жастағы Дильда Дюсупова болса, кездесуден ерекше шабыттанғанын айтады.

– Жастайымнан ата-анама еркелеп өстім, қалағанымның бәрі орындалатын. Қандай қиындыққа тап келсем де, өмірімде не жағдай болса да, олар маған көмектеседі деп ойладым. Бірақ, небары 100 мың теңге үшін қазір осы жердемін. Солай болса да өкінерім жоқ. Мекеме маған еңбек етуді үйретті. Қазір көзқарасым өзгерген, тұлғалық қалыптасу жолынан өтудемін. Қиындық адамды шыңдай түседі емес пе?! Жаның қиналғанда өткеніңе көз жүгіртіп, болашаққа деген сенімің арта түседі екен. Сол арқылы өз-өзіңді тәрбиелейсің. Осы жерге түскеннен кейін киім тігуді үйрендім. Қанша қиын болса да, үлкен өмірлік сабақ. Бірақ, еркіндікті аңсайсың. Бостандыққа жетер не бар дейсің?! Кездесу өте әсерлі өтті. Сергей Цырульниковтың өмір тарихын есту – біз үшін қызықты. Алдағы күнге деген сеніміміз нығая түсті, – дейді Дильда Дюсупова.

Сергей Валерьевич жазасын өтеу­ші­лерге түрлі өнер көрсетіп, өміріндегі қызықты оқиғаларымен бөлісті. Соның бірі – таға ию. Белгілі палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына арналған іс-шарада ауыр салмақты жылқыларға пайдаланылатын төрт тағаны небары 37 секундта иіп, Гиннесстің рекордтар кітабына енген.

Одан бөлек, темірді балшықша илейтін балуан 200 мм-лік шегеден де түйін түйеді. Өзінің айтуынша, жүрекке ұқсатып түйіндеген мұндай шегені рекордшыдан 4 миллион 800 мың теңгеге сатып алған. Осы жолы алып күш иесі дәл осындай шегені сұрақ-жауап барысында ең үздік сұрақ иесіне сыйлады.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button