Бас тақырып

Тектілікпен тербелген жыр бесігі

Өлең – адам жанының шынайы үні. Ал, сағыныш – сол үннің ең терең, ең табиғи толқыны. Қарағандыдағы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде өткен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сұлтан Дәулетханұлының «Сағынышым, төрге шықшы, келші, өлең!» атты шығармашылық кеші дәл осы екі ұғымның астасқан сәті болды. Бұл кеш бесіктен басталған бір адамның өмірі мен өлеңінің, сағынышы мен шындығының сахнаға шыққан шежіресі секілді әсер етті. Ана алақанының жылуы, әке тәрбиесінің биігі, перзент алдындағы жауапкершілік, туған жерге деген сағыныш, досқа деген іңкәрлік, махаббат пен азаматтық ұстаным сынды құндылықтар бір кеште жырмен өріліп, әнмен шалқыды, естеліктермен тербелді.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Алғашқы бөлімі ақынның өз даусымен оқылған сырлы жырлармен басталды. Сахнада сәби кезінен тербеткен, бүгінгі күнге дейін киесін жоғалтпаған бесік тұрды. Ақын сол бесікті алақанымен аялап:

– 57 жылдық тарихы бар бұл бесік – атамның қолымен жасалған, әжемнің мейірі сіңген, әке-шешемнің күтімімен талай көштен бүлінбей, сынбай аман жеткен киелі жәдігер, – деп тебіренді.

Бұл көрермен жүрегін елжіретіп, жыр кешінің рухани салмағын аңғартты. Осы сәт «Мен туған күн», «Қой соңында жүрсем де…», «Тартыс», «Тал бесік» секілді жырлар оқылып, ақын поэзиясының кең тынысы, ауыл мен адам тағдырына деген адалдығы, өмірге деген құрметі анық байқалды.
Қала әкімінің орынбасары Дархан Жиенбаев сөз сөйлеп, қала әкімінің құттықтау хатын табыстап, ақынға шапан жауып, құрмет көрсетті.

Екінші бөлімі «Бақытым да, байлығым – солар менің» деп аталып, ата-анаға арналған өлеңдер мен естеліктерге ұласты. Талантты әнші Арайлым Жүкенова ақынның анасына арналған «Дұға» атты өлеңін оқып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркеновтің әніне жазылған «Аяулы ана» әнін тебірене орындады.

Сахна төрінде ақынның «Әке болу – ұлы нығмет» атты эссесінен үзінді оқылып, кейін оның сөзіне жазылған «Әкелер» әнін әнші Медет Осатаев орындады. Әні – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркеновтікі. Осылайша, кеште туған топырақтың қадірі, ата-ананың еңбегі мен өмірлік мектебі көркем жырмен бейнеленді.


Кеш барысында жас көркемсөз оқушылар – Нұрғасыр Изат, Жомарт Бекарыс, Тілеуқабыл Камил ақынның елге кең тараған өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Бұл – Сұлтан ақынның ұстаздық қызметінің де жемісі. Оның есімі облыстық «100 жаңа есім» кітабына енгенін де атап өткен жөн.
Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайынның құттықтау хаты оқылып, табысталды. Бұқар жырау ауданындағы «Мирас» өнер мектебінің оқушылары мектептің 20 жылдығына орай жазылған жаңа әні «Біз Мирастың өреніміз» туындысын орындады.

«Бауырым!», – дер ағаны сағынумен келемін» деп аталатын келесі бөлімде ақынның ағалары – Қайрат Асқар, Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбәрак сынды өнердегі ұстаз-бауырларына арнаған жырлары оқылды. Өкінішке орай, ақын Қайрат Асқар өмірден өткен. Оның рухына тағзым ретінде сахнада «Балдәурен» әні шырқалды. Бұл – Қайрат ақынның соңғы жазған өлеңі. Әнін Дәуренбек Әркенов жазып, өзі орындады. Сондай-ақ, ақынның өмірден ерте өткен әнші Сейіл Аяған, ақын Сәттібай Жүніс сынды аға-досын еске алып, арнаған туындылары оқылды.
Сұлтан ақын келесі бөлімде «Боран» атты өлеңін оқып, аяулы ағасы, күрес өнерінің хас шебері Боран Тергеубековке деген құрметін білдірді. «Менің дертім – сағыныш» атты өлеңі арқылы бүкіл кештің лейтмотивін жалғады.
Кештің ең көркем тұсы «Махаббаттың мекені – Қарқаралы» атты сахналық қойылымда ақынның махаббат лирикасы паш етілді. Жас ғашықтардың таза сезімі, табиғатпен үндескен суреттері – көрерменді әсерге бөледі.
Осы туынды негізінде жарық көрген ән де орындалды. Әнін жазған – белгілі әнші, сазгер Медет Салықов. Әнді «Қарқаралы» тобы орындады.
Соңғы бөлімде Сұлтан Дәулетханұлының жаңа кітабы – «45» жыр жинағының тұсауы кесілді. Бұл жинақ – ақынның поэтикалық биігі мен рухани толысуын танытатын ерекше туынды. Кітаптың тұсауын Астанадан арнайы келген белгілі жазушы, ақын, драматург Кенжебай Ахметов, өнер жанашыры AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің деканы, Елдос Түйте, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстың филиалының басшысы Жанат Жаңқашұлы, әнші-сазгер Медет Салықов сынды азаматтар кесіп, ақжол тілеп, ақжарма тілегін ақтарды. Сый-құрмет көрсетіп, шапан жапты.

Айта кетерлігі, «45» санының символикалық мәні де атап өтілді. Абай шығармаларындағы деректерге сүйене отырып, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедқали Әбдуовтің пікірінше, бұл сан «Адам» деген ұғымды білдіреді. Ақынның жаңа жинағы да адамтану, адамдық биікті жырлау идеясымен өзегін табатыны сөзсіз.
Жаңа жинақтан «45», «Мендік арман», «Таңғы толғаныс», «Жер-бесігім», «Мінәжат» атты өлеңдер оқылды. Әсіресе «Жер-бесігім» өлеңі туған жерге, ата мекенге деген шексіз сүйіспеншілікті паш етті.
Кеш соңында ақынның туған топырағына арналған «Құс қанатындағы сағыныш» әні шырқалды. Ән авторлары – ақын Сұлтан Дәулетханұлы мен әнші-сазгер Дәуренбек Әркенов. Бұл әнді Саян Мұздыбай орындап, сахнаға барлық өнерпаздар қайта шықты. Ақын ағасы Руслан Нұрбай жырдан шашу шашып, көпшілікті дүр сілкінтті.
Сұлтан Дәулетханұлының шығармашылық кеші өлеңмен өрілген өмірдің шежіресі іспетті. Бесіктен басталып, ана мен әке, туған жер мен перзент, махаббат пен сағыныш, аға-бауыр, ұстаздық пен ұрпақ тәрбиесі бәрі де кеш мазмұнына жымдаса енген.

«Поэзия – жан сөзі» десек, Сұлтан ақын жүрегінің сөзін шынайы оқырманына жеткізе алды. Шайырдың өз сөзімен айтсақ: «Бойдан жаным кеткенше, қолдан қалам, үміттерді жалғайын жалғанбаған…»
Міне, бұл – нағыз ақындық серт, ақындық мұрат!

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button