РесмиРуханият

«Сәлем, Қарағанды!»

Таныс болыңыз! Осындай атау арқалаған «Saryarqa» арнасының таңғы бағ­дарламасы Арқа жұртшылығының сүйіп тамашалайтын бағдарламасына ай­налды.

Сурет: автордан

Күнара таңғы 9-дан 10-ға дейінгі аралықта өтетін бағдарлама бір сағат бойы тікелей эфирде сан алуан тақырыпты қамтып, Сарыарқа даласының түпкір-түпкіріне ән мен жырдан шашу шашады. Әсерлі әңгіме, әуезді ән, қызықты дерек, танымдық сюжет, әлемдік ақпарат, жағымды жаңалықты қоса қамтиды.

«Сәлем, Қарағанды!» – теледидар экранының сиқыры. Бұл біздің абат қаланың тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз ақпараттық оазис. Маңызды мағлұмат, ойын-сауық және адам жан дүниесінің сиқырлы үйлесімі аталған студия меймандарының әр шығарылымын шынымен ұмытылмастай әсер беретіні қуантады.

«Saryarqa» арнасының басшысы Берік Дүйсетаев аталған бағдарлама жобасы әуел баста көркемдік кеңесте кеңінен талқыланғанын хабарлады.

– Кенді қаламыздың торқалы тоқсан жылдығына орай, кең байтақ өңіріміздің ақ таңын ақжарма тілекпен, сәлем-сауқатпен оятатын бір ғажайып жоба керектігін іштей сезініп жүретінбіз. «Іздегенге – сұраған!». Ескерте кететін бір жайт бар. Бұл жобаның әуелгі авторы – көрерменнің өзі. Тек телеарнада ғана емес, әлеуметтік желілерде тікелей эфирде шығатын тартымды жоба. Сондықтан, ел-жұртымыздың жүрегін жарып шыққан бағдарлама баянды болсын! – деп қосты тілегін Берік Смағамбетұлы.

«Сәлем, Қарағанды!» – барлығына бірдей қолжетімді ақпарат көзі. Яғни, жай ғана жаңалық жеткізу тетігі ғана емес, әркім өз қаласындағы оқиғалар әлеміне көз жүгірте алатын ақпараттық бірегей терезе.

«Сәлем, Қарағанды!» – жалпыға ортақ ақжарқын көңіл күй. Таңғы ерек бағдарлама тек қана жалаң ақпарат тарату ошағы ғана емес. Бұл жерде Сізге жағымды эмоция, көркем көңіл күй сыйлайтын ойын-сауық бағдарламасы. Қызықты ойынмен викторина, әсерлі сұхбат пен мәдени іс-шараларға дейін сәтті жалғасады.
Жан жарастығы. «Сәлем, Қарағандының» ең бір құнды тұсы эфирді тізгіндеген Берік Дүйсетаев, Жәнібек Садықанов бастаған арна басшылығы мен Қасымхан Ғалым, Айдана Бегқалиқызы сынды кәнігі тізгіншілер мен жалпы ұйымдастырушылардың зият қалпы ондағы қатысушылардың ақыл-парасатының жақындығы жайлы атмосфера қалыптас­тырды. Мұндағы әр спикер өзін құдды бір үйде, отбасы шеңберінде сезінеді.

Қазақстан Журналистер одағы облыс­тық филиалының басшысы, арна басшысының орынбасары Жәнібек Садықановтың айтуынша, алдағы уақытта көрерменін қуантатын тосын сыйдың көп боларын астарлап жеткізді.

– «Сәлем, Қарағанды!» деген атаудың өзі бағдарламаны облыстық, республикалық межеге шығарып тұрғанын аңғарған боларсыз. Өйткені, бізге бағдарлама барысында шартараптан сәлем жолдайтынын атап өткіміз келеді. Қарпайым отбасынан ұлан байтақ Отанымыздың ау жайынан ақпар беретін бұл жобамыз көрерменінің жүрегін жаулап үлгергендей! Біз осыған риясыз қуаныштымыз,– деді Жәнібек Махмұдұлы ойын тұжырып.

Осылайша, «Сәлем, Қарағанды!» бұл әдепкі телебағдарлама ғана емес, шаңырағы шашақты шаһар тұрғындарына кәде-сый. Ол күнара сан жүректің қағысын бір арнада тоғыстырып, хабар таратады, қуаныш пен шаттыққа бөлейді. «Сәлем, Қарағанды!» әрбір көрермен яки әр отбасы өмірінің айнымас серігі.
Қайырлы таң, қымбатты көрермен! Қа­пы қалмаймын десеңіз «Сәлем, Қарағандыны» қосыңыз!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button