Сәкеннің соңғы өлеңі
СӘКЕНТАНУДЫҢ АТАСЫ ТҰРСЫНБЕК КӘКІШҰЛЫНЫҢ БІР ЖИЫНДА МІНБЕДЕН АЙТҚАНЫ БАР ЕДІ. «СӘКЕН ЖАНЫНЫҢ КҮРЕСКЕРЛІГІ СОНША, ӨЗІ ӨЛСЕ ДЕ, ҚАЙСАР РУХЫ ӘЛІ ДЕ КҮРЕС ЖОЛЫНДА КЕЛЕДІ» ДЕП. ТҰРСЫНБЕК ӘКЕМІЗДІҢ СОЛ СӨЗІ – СӨЗ. ҚАЙСАР АҚЫННЫҢ АСҚАҚ РУХЫ ӘЛІ ДЕ КҮРЕС ПЕН ТАЛАС ЖОЛЫНДА КЕЛЕДІ. ӨЗІ КЕЛМЕСКЕ КЕТКЕНІМЕН, АСҚАҚ РУХЫ МЕН АЙБЫНДЫ ІСІ ҚАЛҒАН АҚЫН АТЫМЕН АЛЫСАТЫНДАР БҮГІН ДЕ БАР. БИЫЛ МЕРЕЙТОЙЫ ҚАРСАҢЫНДА КҮННЕН КҮНГЕ «КҮШІКТЕП», ТІПТЕН, КӨБЕЙІП КЕТТІ ӨЗДЕРІ. СӘКЕН ӨЛМЕЙДІ, ОНЫҢ РУХЫМЕН АЛЫСҚАНДАР ҰМЫТЫЛЫП ҚАЛМАСА…
Сәкен туралы сөз айту үшін оның елге сіңіріп кеткен еңбегінің жартысын демейін, жұқанасын атқарып алу керек шығар. Болмашы бір нәрсе қылса, айды аспаннан шығарғандай алаулатып-жалаулататын мына заманда Сәкеннің елге сіңіріп кеткен еңбегінің жарымын атқара алсаң, ел төбесіне көтеріп, әулие тұтады. Осындайда ақынға арнап «Моцарт пен Сальери» сынды поэма жазған ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлының: «Бір ғасырда бір-ақ мәрте туатын Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбайлар ұшар басы ақбауыр бұлттарға малынған шырқау биікте тұр. Түр, келбеті, ішкі болмыс-бітімі көзге көрінбейді. Алыстан асқақ тұрпаты ғана қарауытады. Олардың алып тұлғаларына етекте тұрып назар салғандардың басы айналып, көзі қарауытып кететіні – содан. Аспан жаққа абайлап қараңдаршы?!» дегені еске түседі. Ақынды ақтау емес, тобырды айыптау актісі – мына сөз де, әлгі поэма да. Халық пен тобыр арасындағы махаббат пен зұлымдықтың образы тұр.
«Соңғы түйенің жүгі ауыр» болса, шын ақынның соңғы өлеңін сезіну мүлде қиын құбылыс қой. Жарасқан Әбдіраштың «Соңғы өлеңін» білетіндеріңіз бар шығар? «Қалай да жанарыммен қатар сөнбе, Тамшы бол тарыққандар татар шөлде. «Өмір» деп өрекпіген жүрегімнің, Жан дауысы жаңғырып жатар сенде» дейді. Сол сияқты, Сәкеннің атқарып кеткен істері мен жазып қалдырған мұралары, тіпті, зерттеулері де осы күнге дейін сөз болып келгені – жанарымен қатар сөнбегені. Туған жылы белгілі, өлген, атылған, жерленген жері белгісіз кейіпті оның мәңгілік өмірінің басы басталғанымен, соңы белгісіз. Мәңгіліктің шеті мен шегі жоқ, өйткені. «Тау ішінде», «Біздің жақта» «Сыр сандығында» қайнап, болашаққа кете барады. Сондықтан, Сәкеннің соңғы өлеңі де, соңғы сапары да, соңғы сазы да шырқалып болған жоқ әлі. Себебі, ол «Қазақты қазақ деп, қатені түзеткенімен», «кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деген қастерлі аманатын күні бүгінге дейін орындай алмай отырмыз. Демек, ақын-жазушы, композитор ғана емес, мемлекет қайраткері Сәкен көзімен қараса, «оңған іс жоқ!». «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деп кесіп айтып, «Істі қазақшаға аударуды ауылдан, болыстан, ауданнан бастау керек. Волостной исполкомдарда істі қазақ тілінде жүргізу үшін уездерде соларға кісілер даярлап жіберетін курстар ашылу керек. Ауылдан, болыстан, ауданнан қаладағы мекемелерге қағаз жазғанда, ылғи қазақ тілінде жазып отыру керек. Қалалардағы мекемелер қазақша жазылған сөздерді алып тексеріп отыруға міндетті. Күллі тілдің бәрі бірдей жүреді деген закон бар. Енді қазақша хат білетін кісілер де бағалырақ болу керек. Әлі қазақша хат білмейтін адамдар французша білсе де, Қазақстанда бір кезде іске аспай қалуы ап-анық нәрсе» деп жазды. Және сол істі алғаш бастап қолға алған да өзі. Кейінгі тәуелсіз ел ұрпақтары – біз соны жалғастырып, соңына дейін жеткізе алсақ, қайда қалдық?
Сәкеннің хатта қалған соңғы өлеңі – «Алтын күз» Тұрсынбек Кәкішұлы құрастырған ақынның көптомдық шығармалар жинағында тұр екен. Соңына 1937 жылдың 1 қаңтары деген дата соғылған соң, назар аудардық. Ақын осы жылдың күзінде ұсталып, келер жылы ату жазасына кесілгені туралы үкім бар. Алайда, «ақынды 1938 жылы атпапты. Кейіннен анық көргендер бар көрінеді» деген сыңайдағы аңыз аралас әңгімелер көп ел аузында. Кейін, тіпті, сол бойынша біраз іздестіру жұмыстары да жүргізілгені белгілі.
Ерекше жақсы көретін тұлғасы хақында аңыз әңгімелерді халық өзі шығарып алып, кеуілдетіп жүретін әдеті ғой. Сәкеннің соңғы өлеңі хақында да аңыз аралас әңгіме көп. Хатта қалған «Алтын күз» өлеңінің жазылған уақытын Тұрсынбек атамыз басылым бетінде жарияланған датасы бойынша қойыпты. Оны кітап соңындағы түсінігінде де көрсеткен. Өткенде ғаламтор бетінде де жүр «Сәкеннің соңғы өлеңі». «Сескенбедім каторгадан, түрмеден, Ажалменен ойнап жүрдім бірге мен» дейтін ақынның өзі жазды дегенге келіңкіремейді. Әлгі «Алтын күз» өлеңінің табиғаты – мамыражай, көңіл күйі – жаймашуақ. Бойындағы барын бүкпей, жазуға төгетін жанның алаңсыз күндеріне тән сияқты. Қазақ зиялылары мен қайраткерлері «халық жауы» болып ұстала бастағандағы Сәкен кешірген күйді Гүлбаһрам шешеміздің күнделіктерінен қапысыз тануға болады. «1937 жылдың күзінде, Сәкен өз үйінен сирек шығатын, Гүлбахрам Батырбекқызының естелігі бойынша: «Ол біраз ғана күн Алматыға жақын тұста Байсерке ауылының киіз үйінде тұрған. Сол уақыттағы көңіл-күйі аса қайғылы еді: ол түнерген және де тұйық. Оның хал-жайын келіп сұраған адам болмады, анда-санда Сәбит Мұқанов келетін. Сол уақытта оның жақын достары – Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлин – жазаға тартылған еді. Сәкенге нағыз жұбаныш болған тек қана кішкентай баласы Аян».
Мұнша күйге түскен ақынның соңғы өлеңі қандай болуы мүмкін? Жалпы, Сәкен туралы әңгімені байқап-байқап айтқан абзал. Ол заман тұрмақ, бүгінгі бейбіт өмірде шындықтың көзіне тура қарай алмайды көбі. Ал, Сәкен өмір сүрген қылышынан қан тамып тұрған заманда күн кешсе, әлгілер кім болатынын ойлаудың өзі қорқынышты.
«Социалистік Қазақстан» газетінің 1937 жылғы 1 қаңтардағы санында жарияланған «Алтын күзді» (Тұрсынбек Кәкішев) Сәкеннің соңғы өлеңіне жатқызуға бола қоймас. Ақынның алғашқы жинағы «Өткен күндерде» жарияланған тырнақалды туындыларының өзінен ертедегі егемендігін аңсаған ел атынан сөйлеген ердің асқақ лебізі байқалады. «Өткен күндер» деген атының өзі біраз жайды аңғартады. «Сағынып, Нұра, мен келдім, Бұрынғы иең – байғұсың. Айрылған сенен көп елдің, Жатырсың көрмей қайғысын…» деп басталады алғашқы өлеңдерінің бірі. «Сырыңды айтшы сен маған, Атамыздың жайлауы! Мың-мыңнан жылқы жусаған, Биелердің байлауы» дейді де,
«Қош, Нұра, тағы көргенше,
Есендік берсін бір Құдай.
Енді қайтып келгенше,
Ескі иең жүрер құр жылай» деп қайырады. Бұрынғы атасының жайлауының жағасына келіп егілген ескі иесінің зары! Бодандық қамытын киген көшпелі елдің мұңы мен қайғысы, өткен азат күндердегі дәурені – бәрі осы «Өткен күндер» жинағында тұр. Мұндағы «Түс» өлеңінің астарына үңіліп оқыса, тіптен, қайран қаларлық!
«Шыбық айтты (шаққандай ғып ішкі сырын):
«Белгілі бақша екенбіз бұдан бұрын.
Әртүрлі ағаш, гүл, шешек – бәрі де өскен
Адамзат таң қалғандай көріп түрін»
Осындағы бақша сөзін ел, халық сөзімен алмастырып айтса, жырдың қапысы шыға келеді. Алғашқы өлеңдері мұндай ақынның соңғы өлеңі, соңғы сөзі қандай болмақ керек?!
Ақынның қазақ поэзиясының қорына қосқан кесек туындылараның бірі – «Ақсақ киік» шығармасы. Сол замандағы қазақ халқының ауыр халі тұр мұндада. Бұл туралы әдебиетші ғалымдар жеке тоқталды ма, жоқ па, білмеймін. Қазақ поэзиясында экологиялық тақырыпта жазылған көркемдігі жоғары алғашқы көлемді еңбек осы «Ақсақ киік» болуы керек. «Аққудың айрылуы» поэмасы да осы қатардағы өлмес туынды. Кейін осындай оқиға негізінде Мұқағали «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жазды. «Сыр сандығы» болса да, болмаса да ғажап дүние. Жазылған уақытына дейін қазақ поэзиясында бұндай шығармалар болмаған десе, артық емес шығар. Сөйткен Сәкеннің соңғы өлеңі мен соңғы сөзі дегенде, тілімізді тістеп қала бергенімізбен, Бауыржан Момышұлының Ғабит Мүсіреповке айтқан мына сөзі еске түсе береді:
« – Ғабе, сізге бір ренішім бар.
– Ол қандай реніш?
– Сіз Сәкен Сейфуллин туралы повесть жаздыңыз ғой?
– Иә, жаздым.
– Оны зерттеп жаздыңыз ба, зерттемей жаздыңыз ба? ОГПУ құжаттарымен таныстыңыз ба?
– Таныстым.
– Өтірік айтпаңыз! Танысқан жоқсыз. Таныссаңыз, Сәкеннің күрескер, ержүрек рухын ашар ең маңызды, ұрпағымыздың ұрпағына қажет ең басты құжатты назардан тыс қалдырар ма едіңіз?
– Ол қандай құжат?
– Тыңдаңыз: «Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, деп боздар сорлы қазақ мен өлгенде». Бұл – әлі жарияланбаған өлең, өстіп айтсам деп айта алмай кеткен ағаларымның ойы. Түсіндіңіз бе? Жоғарыдағы екі жол арманда кеткен ағаларымды менің қалай түсінгендігімнің жемісі. Мысалға жүгінейік, Сіздің кейіпкеріңіз, Қазақстан Министрлер кеңесінің бірінші төрағасы, тұңғыш революционер, ақын Сәкен Сейфуллинді қамап, атып жібердік қой. Мен ОГПУ мұражайындағы ол кісінің жеке ісімен танысқам. Сәкенді атуға алып келгендегі суретін мен көрдім. Үстінде жыртық-жыртық ала пижама. Тік тұр. Сәкен табиғатынан ақылды, өр кісі. ОГПУ-де үштік болғанын сіз білесіз ғой.
«Сіздің фамилияңыз кім?» дейді. Бұл кекету, мазақтау ғой. Соған түсініп, қайтарған жауабының кереметін қараңыз: «Біліп тұрып несін сұрайсыз?». Бұдан оның қанша азап шексе де, қанша қорлық көрсе де жасып, сынбағаны көрініп тұрған жоқ па? Жауабы қандай өр, қандай арлы, асыл жауап?! Ол осы бір ауыз сөзімен-ақ ажал көзіне жасқанбай қарап, жауын кінәлап тұр.
– Үштіктің шешімімен сіз атуға бұйырылдыңыз, – дегенде Сәкен:
– Басқа – басқа, мен мұны Совет үкіметінен күткен жоқ едім, – дейді.
Ойланыңызшы, бұл сөздер оңай ма? Оның олай деуі – Совет үкіметін тірідей көму ғой. Кейбіреулер: «жоқ, мен кінәлі емеспін» деп бақырып-шақырады. Кімнің өлгісі келеді. Бірақ, Сәкен олай етпейді, халқымыздың «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген мақалына лайық ұстамдылық танытады. Сәкен өлді. Бірақ, оның: «Басқа – басқа, мен мұны Совет үкіметінен күткен жоқ едім», – деген сөзін миллион оқпен, снаряд, бомбамен өлтіру мүмкін бе?
– Бауыржан, мен сен айтқандай ашық жаза алмайтын едім.
– Ғабе! – дедім ашуланып. – Онда несіне қалам ұстап жүрсіз?! Мұныңызды кешегі Сәкеннің, «халық жауы» аталып, атылып кеткен басқа да ағаларымның рухы кешіре ме? Міне, менің сізге деген ренішім. Егер мен Сәкен образын сомдар болсам, дәл осылай сомдар едім…»
Сөз түйінін «Сәкен деген халқымның рухы ғой, Рухтарды көмбейді қара жерге» деген Ғалым Жайлыбайға берейік: «Сені қапқан қанденнің күшіктері, Бүгін бізге көздерін қызартады…», Сәкен аға!
Жәнібек ӘЛИМАН