Бас тақырып

Сәкен театрында Амал мерекесі тойланды

Амал мерекесі – көрісу күніне орай С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында «Амал деген айыңыз…» атты өнер жәрмеңкесі өтті. Арқаның зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар бас қосып, жырдан шашу шашқан шараға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысып, жылы лебізін білдірді.

Сурет ұйымдастырушылардан алынды

Бұл шараны облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы мен Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы бірлесе ұйымдастырған.

Ғасыр адамы Темірғали Көкетаев, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай сынды аға буын өкілдері, Алматыдан арнайы келген белгілі жазушы Думан Рамазан шараның мерейін өсірді.

– Ырымшыл халықпыз ғой. «Ай көрдім, аман көрдім. Баяғыдай заман көрдім. Ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа» деген қазақтың баласымыз. Бабаларымыз бұл күнді ежелден ерекше көрген. Амал мерекесін әз Наурыздың бастауы деп білеміз. Самарқанның көк тасы жібитін, елдің пейілі кеңейетін, дүние кеңейіп, жарықтың молаятын ерекше кез. Абайша айтсақ: «Қырдағы ел ойдағы ауылмен шұрқырай табысып, көрісетін күн». Бұл, қол алысып, кеуде түйістіретін күн деп ойламаймын өз басым. Көңілдің кеңейетін, жоқ-жітікке қарайласатын қайырымдылық айы. Араздың татуласып, алыстың жақындайтын күні. Мейрам құтты болсын!, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Шараның ресми бөлімі аяқталған соң театр актерлері жарапазан айтты. Соңы театрдың кіші залында Арқа жұртының өнерпаздарының қатысуымен өткен Амал мерекесіне арналған қойылымға ұласты.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button