Сахна саңлағы, Қазақстанның халық артисі Бикен Римованың 100 жылдығын мерекелеу, сонымен қатар, режиссерлер мен актерлер арасынан кәсіби қолтаңбасы қалыптасқан үздік сахнагерлерді анықтау мақсатында Жетісу жерінде өткен «BIKEN» I Халықаралық театр фестиваліне С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры «Атау-кере» драмасымен қатысып, «Үздік режиссура» жүлдесімен марапатталды.
Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» шығармасын сахнаға лайықтап қойған талантты режиссер, Сәкен театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбан. Сонымен қатар, аталмыш театр фестивалінде «Атау-кере» қойылымында Айнаның рөлін сомдаған жас актриса Әнелі Сағындықова Шолпан Жандарбекованың шәкірттері тағайындаған «Шолпан-жұлдыз» арнайы сыйлығын иеленді. Байқауға Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры, Алматы қалалық Мәдениет басқармасының «Жаңа ғасыр» театры, Астана қалалық «Музыкалық жас көрермен театры» және Түркия, Әзербайжан, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен келген өнер ұжымдары қатысқанын ескерсек жерлестеріміздің жеңісінің салмағын бағамдау қиынға соқпас.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ