Руханият

Сәкен театры «Туғанлық» халықаралық фестивалінің арнайы жүлдесін жеңіп алды

Башқұртстанның Уфа қаласында «Туғанлық» ұлттық театрларының 8-ші Халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Мажит Гафури атындағы академиялық драма театрында өткен фестиваль Башқұртстан астанасы Уфа қаласының алдағы 450 жылдық мерейтойына арналып өткізілді.

Суреттер: С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрынан

Аталмыш шарада С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актері Бауыржан Нұрмағамбетов «Қарагөз» қойылымында Нарша бейнесін үздік сомдағаны үшін «Үздік ер адам рөлі үшін» жүлдесі жеңіп алды.

Айта кетейік, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының Ұлттық театрлар бәйгесіне Ресейдің Вахтангов театрында, Европа театрларында режиссерлігімен шыңдалған қазақтың талантты режиссер қызы Гүлназ Балпейісова сахналаған Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясын апарған. Нәтижесінде Ұлттық классиканы қазіргі күнмен заманауи үндестіріліп қойылған жаңа нұсқасын халықаралық белгілі сараптамалық кеңес мүшелері жоғары бағалаған.

Сонымен қатар, «Спектакльдің үздік музыкалық-пластикалық шешімі» номинациясы бойынша Ғ. Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Құлагер» қойылымы үздік деп танылды.

Негізгі номинациялар жүлделерімен қатар, Башқұртстанның атақты актерлері ерекше ойынымен танылған артистерге арнайы жүлделер де тапсырылды. Сәкен театрының актрисасы Әнел Сағындықова Қарагөз рөлі үшін фестивальдің осындай арнайы жүлдесіне ие болды.

Башқұртстанда өткен халықаралық театр мерекесіне Ресейдің түрлі өңірлерінен 15 театр, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғыз елінің бірнеше театры қатысты.

«Туғанлық» фестивалі алғаш рет 1991 жылы республикалар мен Түркі әлемі елдерінің сахналық өнерінің жарқын және әсерлі мерекесі ретінде сахнаға шыққан. Кейіннен уақыт өте келе фестиваль көпмәдениетті мерекеге айналып үлгерген.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button