Бас тақырып

Сәкен театры Сербиядан жүлдемен оралды

Сербияның Крагуевац қаласында Joakimfest XIX халықаралық театр фестивалі өткен болатын. Онда ел атынан С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры қатысып, көпшілікке «Ataukere» қойылымын ұсынды. Нәтижесінде, фестивальге қатысқан сегіз театрдың қатарында қарағандылық театр «Үздік актерлік ансамбль» арнайы сыйлығын жеңіп алды. Қазақстанның Сербиядағы елшілігінің консульі Абзал Иманқұлов пен елшілік қызметкері Весна Филипович спектакльді көруге Белградтан арнайы келіп, тамашалап қайтты.

Суреттер баспасөз қызметінен

Атаукере – жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің әйгілі повесті. Театр режиссері Айдын Салбан шығарманың сахналанған нұсқасын арнайы осы фестивальге алып барған еді.

– Фестивальдің негізгі бағдарламасына сәйкес, Қарағанды театрының қойылымы үшінші күнге жоспарланған болатын. Сондықтан 7 қазанда түстен кейін Белград әуежайынан біздің ұжымды Сербияның шығысындағы Зайечар қаласының Зоран Радмилович атындағы халық театрының пиар менеджері Тиана Петкович қарсы алды. Сәкен театры осы қалада Joakimfest фестивалінің бағдарламасынан тыс бір рет ойын көрсетуі керек болатын. Біздің қойылымға қажетті сахналық декорацияның барлығын да сызба, эскиздер бойынша сербиялық әріптестер өздері әзірледі. Айта кету керек, біз болған екі театрдың да сахнасы біздің сахнадан ауқымы жағынан шағындау болғандықтан, олар біздің декорациялық тақтай, ағаш бөрене-шөлке, араның ұясы сияқты керек-жарағымызды сәл кішірейтіп дайындап қойған екен.

Театрлары өте ертеде тастан қаланып салынған, қабырғалары қалың, төбелері биік ежелгі ғимараттар, театрдың іші сыртта қаншалықты ыстық болып тұрса да, сап-салқын. Ал, акустикасы – дыбыстың естілуінде бір мін жоқ деуге болады. Қырық мың адамдық тұрғыны бар Зайечар қаласының халқы Орта Азиядан келген аймақтық театрдың қойылымына бір кісідей жиналды, – деді театрдың баспасөз хатшысы Сағат Батырхан.

Қойылым екі сағатқа созылған. 300-ден астам адам келіп тамашалады. Осылайша, қарағандылық театр Сербия елінің ыстық ықыласына бөленіп, олжамен оралды.

Фестиваль аяқталғаннан кейін консул Абзал Иманқұлов театр әртістерінің Белградқа сапарын ұйымдастырған. Сонымен қатар, ұжым Сербиядағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Мәди Атамқұловтың қабылдауында болып қайтты.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button