Бас тақырыпБасты тақырып
Сәкен театры саундрама жанрындағы алғашқы премьераға шақырады
Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры жаңа 94-маусымды махаббат пен қасіреттің үнсіз әуенімен бастамақ. Биыл сахна төрінде музыка, дауыс, тыныс пен дене қозғалысы басты тілге айналатын ерекше қойылым көрермен назарына ұсынылады. Уильям Шекспирдің жауһар туындысы — “Ромео мен Джульетта” бұл жолы саундрама жанрында сахналанады.

Бұл қойылым – тек спектакль емес. Бұл – сезімнің тілімен сөйлейтін өнер туындысы. Верона көшелерінде ескі дұшпандық бола тұра жастар арасындағы махаббаттың жалындауы енді қазақ тілінде жаңғырып, жүрекке жетеді. Қойылымдағы әрбір дене қозғалысы, әрбір әуен – сөзден де өткір, үннен де терең.
Көрермен қойылымнан махаббат үшін күрескен жастық рухты, риясыз сезімді, үміт пен өкінішті сезінеді. Қас-қағым сәтке сыйған, сүйіспеншілік пен трагедия үндескен қойылым көрермен қошеметіне бөленеді деп күтілуде.
– Біз көрерменге жаңа формамен ой салғымыз келді. Бұл – жүрекпен қабылдайтын туынды. Сезімге сөз керек емес – жүрек өзі сөйлейді, – дейді қойылым авторлары.

Жаңа маусым шымылдығын ашатын спектакльді 19 қыркүйекте сағат 18:30-да, 20 қыркүйекте 17:00-де тамашалай аласыздар.
Аяулым СОВЕТ