Сәкен оқулары сапарға шықты
Әлемде Ай мен Күннің шығып- батқанындай елеусіз болса да, есті жаңалыққа баладық. Дүниені нұрландырып барып өшкенімен, қайта шығатын сол Күн тұтыла қалса, «кеше күн тұтылды» деп шулаймыз ғой. Даңқты да дара Сәкен жайлы ойлағанда, осындай ойға қаламыз… Сол сияқты, Шет ауданы, Нілдіде (Өспен) тұңғыш рет аудандық «Сәкен оқулары» өткені – аумақ жұртшылығы үшін жыл келгендей жаңалық болды.
Жаңаарқаның жазирасы, Ортаудың Қарашілігінен басталған Сәкеннің ұлы сапарының бір бастауы осы Нілді топырағында. Бала Сәкен мұнда сауат ашып, екі жыл білім алған. Тұңғыш жыр шумақтарын жазған. Шараның өтуіне ұйытқы болып, қолдау көрсеткен аудандық білім бөлімінің аталған мектепті таңдау себебі содан болса керек. «Құлан – қырда, құндыз – суда» демей ме қазақ?! Сайып келгенде, өз топырағында түлеген мәдени шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыруындағы» «Туған жер» бағдарламасының жүзеге асып жатқанын айғақтай түседі. Ақын білім алған, кезінде кен игеруге келген ағылшындар салған әлгі мектеп ғимараты қазір «Сәкен мұражайына» айналған. Қазақстанда Сәкен атындағы мектептер көп. Бірақ, бала Сәкен білім алған жер бетіндегі жалғыз мектеп осы ғана. «Осыны ескерген білім бөлімінің басшысы Елдос Смағұловқа алғысымыз шексіз» дейді шараға қатысушы ардагер ұстаздар.
Шет ауданы тарихында алғаш ұйымдастырылған «Сәкен оқулары» үш аталым аясында өтті. Алғашқысы – «Өлеңнен тауып ләззатты» аталымында оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан сайысса, екінші – «Басында Нілді таудың ән қалықтап» аталымында Сәкен әндерін шебер орындаудан сынға түсті. Ал, үшінші – «Сәкенге жыр арнадым жүрегімнен» аталымы мүшәйра сипатында, өлең жазуға машығы бар оқушылар тау тұлғаға арнау жазумен қатар, еркін тақырыпта 2-3 өлеңін көрсетуі тиіс. Аталған үш аталымға ауданның түпкір-түп кіріндегі 40-тан астам мектептен 50-ге жуық оқушы келіп қатысты.
Ауылдағы үш қабатты Сәкен мектебі былтыр мемлекет есебінен жөндеуден өткен. Іші-сырты бірдей еңселі, жарық. Ертемен келген қонақтар байқау басталғанша, мектеп ішіндегі Сәкен мұражайын тамашалап үлгерді. Байқаудың ашылуында сөз сөйлеген Сәкен орта мектебінің директоры Гүлбаршын Қошқарбаева «мектеп қабырғасында Сәкен оқуларын өткізу – 30 жылдан бергі арманымыз еді. Аллаға шүкір, сол бақытқа бүгін жетіп отырмыз. Бұған дейін бізде Сәкен апталықтары, онкүндіктері өтіп келген. Тиісінше, мектебіміздің демеушісі Сәбит Қарашолақов күні бүгінге дейін үздік оқушыларға Сәкен шәкіртақысын тағайындап келді» деп білім ошағындағы ақын атына қатысты нендей жаңалықтар болса, соларды атап өтті. Аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Жанат Ақмолдақызы байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Сәкен оқуларына қазылық етуге бұл кісімен қоса аудандық білім бөлімінен Гүлден Игенқызы, Эльмира Қанатқызы, Жуырда Қарағандыдағы С.Сәпиев атындағы бокс орталығында Кеңес Одағының Батыры Қазбек НҰРЖАНОВТЫҢ рухына арналған ұлттық жекпе-жектен республикалық турнир өтті. Жәнібек ӘЛИМАН, «Орталық Қазақстан» Баян Қуанышқызы сынды әдіскерлер қосыны келіпті.
Жан-жақтан жиылған ұстаздар мен оқушыларды айтпағанда, осы мектептің ардагер ұстазы, өлкетанушы Файзолла Нұржанов пен облыс орталығында лауазымды қызметтер атқарған зейнеткер Тұрар Алтынбеков ағамыз да ат басын бұрыпты. Жалғыз-ақ ауыл әкімі Жарас Аманжолов жоқ. Адамзаттың сұлтаны Сәкен оқулары өз алдына, ауылда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында аудандық шара өтіп жатыр. Пысқырған әкім жоқ, бірақ. Нұралықтар жыл сайын Ахмет аулында аудандық Сәкен оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Өткен жылы соған аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың өзі қатысқанын көрген біз Өспен селолық округінің әкімі Жарас Аманжоловтың бұл әрекетін түсіне алмадық. Былтырдан бері өзі оқып, білім алған ауылынан Сәкен есіміне көше бермей отырғаны өз алдына жеке әңгіме… Жағдайдан хабардар аудан басшысы бұл мәселені қаперде ұстап, жеделдетіп шешуін сұраймын. Осы елдің азаматы әрі газет тілшісі ретінде!
Төрелік етуші қазылардың бәрі аудан орталығынан келгенінен-ақ байқаудың қаншалықты әділ өткенін пайымдауға болатын шығар. Ауылдан тек ардагер ұстаз, өлкетанушы Файзолла Нұржанов қана бір аталым қазыларының құрамында отырды. Ашылуы акт залында болғанымен, үш аталым бір уақытта үш кабинетте қатар өтіп жатты. Сәкен әндерін орындаудан – 9, өлеңдерін жатқа оқудан – 26, арнау жазудан – 11 оқушы сынға түсті. Демек, ақын шығармаларына қызығушылық күшті деген сөз. Сайыскерлер арасында ән байқауынан І орын – Батық орта мектебінің 7 сынып оқушысы Жәнібек Санақбайға, ІІ орын – Сәкен орта мектебінің 6 сынып оқушысы Жанасыл Өміржанға, ІІІ орын Ортау негізгі мектебінің 9 сынып оқушысы Дәулет Ғабдолла мен Ақжал негізгі мектебінің 9 сынып оқушысы Ақбаян Ботайға лайық деп табылды. Ал, Сәкен бабамызға арнау жазудан І орын – Жарық орта мектебінің 7 сынып оқушысы Ақтілек Бексарыға, ІІ орын – Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияның (Ақсу-аюлы) 8 сынып оқушысы Назерке Советова мен М.Маметова атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы Ұлжан Нұрлыхановаға (Ақадыр), ІІІ орын – Ортау негізгі мектебінің 6 сынып оқушысы Нұрғиса Демеуге және Батық орта мектебінің 9 сынып оқушысы Әлия Сәдепхан мен Сәкен орта мектебінің 9 сынып оқушысы Әлішер Әбілғазыға бұйырды. Мәнерлеп оқудан І орын Сәкен орта мектебінің 6 сынып оқушысы Дәриға Қуанышқа, ІІ орын – Ортау негізгі мектебінің 7 сынып оқушысы Мөлдір Қалиақпар мен С.Мұхамеджанов атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Ерсұлтан Нұртайға, ІІІ орын Дария орта мектебінің 7 сынып оқушысы Аяулым Әміровада, Ә.Ермеков атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы Нұршат Бекжан мен Шет орта мектебінің 8 сынып оқушысы Жанерке Ыдырысовада қалды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар табысталып, бағалы сыйлықтар берілді.
Ол бастағы байқау талабынша, Сәкен өлеңдерін мәнерлеп оқуда әр талапкер ақынның 10 өлеңінен кем жаттамауы керек екен. Қатысушылардың дені 10-15 өлеңінен ғана жаттап келсе, І орыннан көрінген Дәриға Қуаныш ақынның 40 өлеңін жаттап, мүдірмей соқты. Мәнері де келісті шықты
«Өрге қарай орғыса,
Өр не қылмақ асауға?
Жел не қылмақ асауға,
Желге қарай орғыса?» деген шумақтарды естіген біз «енді облыстық Сәкен оқулары қашан өтеді осы?» деген сұрақтың жетегінде отырдық…
Сәкен бабамыздың өзі айтпақшы, оның асау рухы да алдынан кесе-көлденеңдеген тосқауылдарға тосырқамақ емес. Бұзып-жарып өтіп, уақытпен бір жасай бермек.
Жәнібек Әлиман
Шет ауданы