Сәкен АРАЛБАЙ: Бостандық: мән мен мазмұн
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында егемен елдің ендігі бағдары қандай болған жөн? Зиялы азаматтар не дейді? Ой-аңсарлары қандай? Біздің сауалдарымызға мәдениеттану ғылымдарының Phd докторы, философ Сәкен Меңдуллаұлы жауап берді. Таразы басын теңестірер салмақты ой-пікірлерін ой елегінен өткізіп көріңіз, оқырман.
– Сәкен мырза. Тәуелсіздік сөзінің астарында тәуекел, тауқымет, ерлік ұғымдарының тұнып тұрғаны ойлы жанды сөзге итермелейтіні кәдік…
– Тұспалыңыз дөп. Қасірет пен қасиеті астасқан тарихи күн екендігін ел сезінеді. Бұл күнді атойлап, Республика күніндей сән-салтанатын келістіріп өткізу қиындау. Мәдениеттанушы ретінде айтып өтейін, өзге мемлекеттерде де мұндай сипаттағы ұлт мерекелері бар. Мәселен, Израиль. Қай күн екені нақты есімде жоқ. Иом-Кипур күні ғой деймін. Жыл сайын олардың қоғамдық көліктері, ұшақтары тапжылмай тұратын қасиетті күн бар. Қаралы күн емес. Қасиетті күн дейді өздері. Теледидар экранындағы сауық-сайранға толы бағдарламаларын доғаратын тәртіптері бар. Музыка да, радио да ойнамайды, тоқтатады. Барлық дүкендер мен кәсіпорындар жабық күйінде қалады. Себебі олар қаһармандарын еске алады. Тағзым етеді. Дана халқымызда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Шындығына келгенде, ислам мәдениетіндегі «өліге тиетіні тек Құран және Құран» деп кеттік емес пе? Ал өркениетті, саналы халықтың бір міндеті қаһармандарын ешқашан ұмытпау. Ұлықтау. Көрдіңіз бе?!
– Демек, сөздің ләмі идеологияға келіп тірелетін сыңайлы ғой…
– Мемлекет бар жерде, идеология бар. Бұл – аксиома. Идеологиясы жоқ мемлекет мазмұны жоқ қалып тәрізді. Философиялық тұрғыдан қарастырып көрсек. Желтоқсан тәуелсіздікке жасалған қадам деп жатамыз. Анығында «қазақты қазақ басқарсын» деген табиғи талап ол. Сол кездегі көктен түсірілген «десант» басшы Колбинге қарсылық қой. Ашығына келсек. Ертең тарих бәрін қазіргіден артық айғақтай түседі. Сонда қайтпекпіз? Осындай олқылықтардың орнын әсте-әсте толықтырып жүргеніміз абзал. Ұрпақ сабақтастығы жедел жаңарып келеді. Ертең ендігі ұрпақтың да өз айтары бар. Күмәніңіз болмасын. Тәуелсіздік күні – біздің темірқазығымыз! Бұл мерекеге жанымызды мықтап байлауымыз қажет. Біреулер айтқандай аза күні емес, егемендігіміз һақындағы сандаған күрестеріміздің шегіне жеткен қасиетті мереке екендігін ұғындыратын мезгіл жеткендей. Өйтпесек, жан жарамыз басылмайтындай. Желтоқсан бар. Жаңаөзен бар. Қаңтарымыз бар… Сөйтіп жалғаса береді. Басалқы тоқтам қажет.
– Жастар деп кеттіңіз. Мазмұн деп кеттіңіз. Идеология дедіңіз. Жіліктеп өтсек…
– Нақтырағы – мән мен мазмұн. Батыс мәдениетінде постмодернизм деген түсінік бар. Ол дегеніміз құндылықтардың аласапыранға түсуі. Адамның мәні тек өлген соң ашылады. Оған дейін өмір сүруге құқылы адам да, қоғам да құбылғыдай құбылып тұра береді. Енді құндылығымызды тұрақты ететін мықты саяси элита ауадай қажет. Біз кез келген нәрседен мазмұн шығарып үйренуіміз қажет. Түсіндіре алдым ба?! Біздің рухымыз бодан ел болып, шорт сынған елдердің санатындамыз ғой. Енді осы рухымызды оятып, селкеусіз сенім беру үшін қайталап айтамын, мән мен мазмұн керек. Мен жоғары оқу орнында дәріс беремін. Жақында мынандай қарапайым сауалнама өткіздік. Тәлімгерлерімізден «Сіз үшін ең басты құндылық не?» деген сауалымызға олардың 70%-ы не дегенін білесіз бе? «Отбасым. Әке-шешем». Болды. Бұл – қоғамымызда идеологияның әлсіздігінің көрсеткіші. Тәуелсіздік бізге қалай келді? Тәу етер қазынамыз екендігін ешбірі есіне де алмайды. Егемендік бірінші орында емес. Осындайда хәкім Абайдың «Еріксіз түскен ылдидан, еркімен шығар өр артық. Еріксіз сүрген өмірден, көсіліп жатқан көр артық» дегені еске түседі. Мемлекетіміз еркіндіктің қадір-қасиетін сезіндіре алатындай қарышты қадамдарға баруы ләзім. Жақсы. Тереңірек толғайық. Қазір біз бір-бірімізге неге риясыз сене алмаймыз? Біз бір-бірімізге сенбейміз. Себебі – мемлекетке сенбейміз. Қараңызшы. Қандай гәп жатыр мұнда. Ақселеуше айтсақ та жетіп жатыр. «Біз жастарға білім беріп жатырмыз. Бірақ берген білімімізде де ешқандай мазмұн жоқ». Байырғы бабаларымызға қайырылып қарасақ, олар берген бір уәдесімен ғана дүниенің түйінін шешіп кеткен ғой. Қазір шенеуніктеріміз уағда атаулысының күніне тұрмақ, сағатына мыңын жаудырады. Ақыр-соңы нөлге кеп тіреледі. Бұған таңқалмайтын да болдық. Әкесі баласына уәде бере алмайды. Кешегі бабаларымыздың жалғыз серті талайлардың тағдырын шешкен. Қазір серт бермейміз. Себебі – сенбейміз!
– Әлеумет біреуге қарап бой түзеуі қажет дейсіз ғой…
– Иә. Веберше айтсақ, идеалды типтеріміз қат. Мысалы, Жапонияның императорын алайық. Ол мемлекетін жарылқамауы мүмкін. Бірақ ол басынан бақайшағына дейін жапонның болмысын сақтауды мұрат етеді. Сонысымен еліне кепіл болып тұр. Кепіл – сенім. Қазіргі ақсақалдарымыз бен апаларымызға қараңызшы. Ақсақалымыз бөрік киіп, аналарымыз кимешек кисе, баяғы үлкендердің болмысын берген болар еді ғой. Алайда, әзіргі ақсақалдан болмыс іздеу қиын. Ішкі мазмұн жоқ. Император сол өзіне жүктелген болмысты сақтауға міндетті. Сақтайды да. Оның қызы қарадан шыққан жігітке тұрмысқа шығып көрсін. Ол императорлығынан ада-күде қоштасады. Міне, бостандық та осы сынды сынбайтын мәңгілік мұра! Бабалар аманаты. Олардың бүгінге жеткен рух демі!
– Енді қайтпек керек?
– Қазақы құндылықтар қағидатын берік орнату маңызды. Құлдық санадан ұлттық санаға көтерілу – мәңгілік тақырып. Желтоқсан дегенде мәңгүрттіктің қамытын кигендер тұғырынан қайта түлегендей күйді сезіндіру – мемлекеттің міндеті. Желтоқсан дегенде көз алдымызға төбеден жауған марапат емес, рух салтанаты елес беру керек емес пе?! Салтанатты шаралар легінен көрі, осы күндері шынайы қасірет тартқандар ұлықталу қажет. Бірақ ұлықталғанда да тоғышарлар ғана емес. Кеше бір дерек көріп қалдым ғаламтордан. Желтоқсан көтерілісінде қазақтың қызын қорлап жатқан милиционерді ұрғаны үшін ұсталып, өлім жазасына кесілген екен. Бірақ тағдырдың бұйрығымен аман қалып қазір ортамызда жүр екен. Пәтерсіз. Жағдайсыз жүр екен. Неге?! Сұрақ өте кеп. Әкесі баласы үшін, баласы да әкесі үшін жауап берер кез келгенде ғана біздің санамыз серпіледі.
– Тайбурылдың да 41 күндік кемдігі бар. Жақсылықты да айта отырсақ. Қоғам тұрғысында. Артықшылығымыз неде? Көзге атап көрсетер неміз бар?
– Салыстырмалы түрде біз – ар-ұяттан ажырамаған елдердің біріміз. «Обал болады», «Ұят болады» дегенді әлеумет ұмытқан жоқ. Тағы бір қуанатын тұсымыз, аналарымыз балаға қамқор болуды ұмытпады. Отбасы түсінігі санамызға мықтап енген. Батыста бала деген сөз ұмытылғалы қашан. Потенциалымыз ересен. Азырақ жолға салса, болып тұр. Біз әлі үлкенді құрметтейміз, сыйлаймыз. Ақсақалымыз ақылымен асып тұрмаса да, оның жасына қарап ізет етеміз.
– Керемет. Жаңа Қазақстанды құру үшін демек…
– Ғылым үстемдік құру керек. Кейбір ғалымдарымыз заманымыздан жүз жылға өте туған. Жаңа Қазақстанды ғылымсыз елестету қиын. Еркіндіксіз ғылым тұл. Саясаты ашық елдің ғылымы да терең, көкжиегі де кең. Саясат демекші, бұл мәселені алғаш гректер сөз еткен. Саясатпен айналысатындарды олар «политикос» деп атаған. Ал, саясатпен шаруасы жоқтарды олар «идиотикос» дей салған көрінеді. Саясатқа мән бермеген самарқаулар елі болмас үшін сергек жүрген пайдалы. Бұл – шешуші фактор. Дамыған мемлекеттің сегіз жасар баласы саяси көзқарасын еркін білдіре алады. Біз ше?! Не мақтаймыз, не даттаймыз. Фейсбуктегі қоғам екіге жарылды. Саналы сарабдал зиялы пікір жоқтың қасы. Зиялы қауым өзінің міндетін ұмытып кеткендей көрінеді маған. Қазір бұқара халықты «тәрбиелеп» түрлі тренингтер өткізіп кетті ғой. Диагноз дұрыс емес. Еуропа билігі Маркстің «Капиталын» оқығанда қатты қаймыққан. Зиялылар халыққа емес билікке тренинг өткізу керек қой. Сонда олар елге де сыйлы болады. Ел де ереді соңынан! Зиялылар билікті баласындай тәрбиелеп, бақылауда ұстауы қажет. Сонда дүниенің түйіні де өздігінен шешіле жатады.
– Сөз соңында оқырмандарға жеткізер тілегіңіз.
– Қазір әлеуметтік желіде ақылшылар тым көбейіп кетті. Бірақ, көбісі шолақ ойларымен тығырыққа тіреліп қалатынына да куә болып жүрміз. Болғанымыздай көрініп, көрінгеніміздей болайық, ағайын! Тәуелсіздік күнінің қадір-қасиетіне жете білейік. Көп оқып, көп толғанайық!
Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,