Білім

Сәкен Ағдарбекұлының ұстаздық жолы – жас ұрпаққа өнеге

Ә. Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат колледжінде «Абыройлы еңбекпен – құрметті зейнетке» атты іс-шара өтті. Салтанатты жиын ұзақ жылдар бойы сол іргелі білім ошағында оқу бөлімінің басшысы болған педагог, ұлағатты ұстаз Сәкен Ағдарбекұлының зейнетке шығуына орай ұйымдастырылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Іс-шараның шымылдығы «Ұстазым» әнімен ашылып, қатысушыларды жылы атмосфера мен рухани әсерге бөледі. Мектеп басшылығы мен әріптестері Сәкен мырзаның өмірі мен еңбегі туралы жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ұстаздың шәкірт тәрбиесіндегі табандылығын, адамгершілік болмысын айрықша атап өтті.

– Сәкен Ағдарбекұлы 2010 жылдан бастап оқу бөлімінің басшысы болып қызмет атқарып келді. Еңбек жылдарында бірнеше Олимпиада, Азия, Әлем чемпиондарын тәрбиелеп, ұлт спортының дамуына үлес қосты. Өзінің парасаттылығымен, жұмысқа деген ыждаһаттылығымен ұжымның құрметіне бөленді. Бейнетіңіздін зейнетін көріп, алдағы ғұмырыңыз шуақты болғай, – деді мектеп директоры Ерден Халилин.

Сонымен қатар, кеш барысында ұлағатты ұстаздың еңбек жолына арналған бейнетаспа көрсетіліп, оның жеткен жетістіктері мен шәкірттерінің алғаусыз алғысы көрермен көңілін толқытты. Мұғалімдер мен оқушылар өлең-жыр, құттықтау сөздері арқылы ұстазға деген риясыз ризашылықтарын білдірді.

Бүгінде Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі – сапалы білім мен рухани тәрбие ұштасқан ұлағат ордасы. Бұл білім ошағынан ел намысын абыроймен қорғап жүрген, ұлттық рухты асқақтатып келе жатқан талай спортшылар мен дарынды жастар түлеп ұшты. Сәкен Ағдарбекұлының ұстаздық жолы – жас ұрпаққа өнеге, еңбегі – елге үлгі.

Нұрасыл АМАНЖОЛ

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық

зерттеу университетінің ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button