«Сүйсінемін келбетіне қаламның»
Бүгін дәл осындай атаумен Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Зағип және нашар көретіндер мәдениет үйінде» көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Қаланың 90 жылдық мерейтойына арналған байқауға зағип және көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар жандар қатысты.

Зағип және нашар көретін жандардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, оларға қолдау көрсету, қала тарихына арналған түрлі өлең-жырлар арқылы көңіл көкжиектерін кеңейтуді мақсат еткен байқауға Қарағанды, Теміртау, Абай қалаларынан 40-қа жуық өнерпаз қатысты.

Олар Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Кәкімбек Салықов, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман сынды қазақтың әйгілі ақындарының өлеңдерін нақышына келтіре, мәнерлеп оқыды.

Белгілі өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасының шешімімен ІІІ орынмен Ерболат Егінбаев, ІІ орынмен Станислав Марудин, І орынмен Көркем Мағзұмбекова марапатталса, байқаудың Бас жүлдесін Сәуле Алтыбаева қанжығасына байлады. Сайысқа қатысқан барлық өнерпаздар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.



