Спорт

Сәйгүлікке сүйенген арман

Ат спорты – тек дене қоз­ғалысын қалпына келтіріп қана қоймай, жан дүниені емдейтін спорт түрі. Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде, Қарағанды өңірінде паралимпиадалық және арнайы Олимпиада бағдарламасына енетін осы спорт түрі қарқынды дамып келеді. Осы мақсатта Қарағандыдағы «TURAN-EL» спорт орталығы алаңында облыс әкімінің ашық кубогы өтті. Жарыстың ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысып, бұл бастаманың өңірлік деңгейден рес­публикалық, тіпті, халықаралық деңгейге шығатынына сенім білдірді.

Сурет облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Турнирге тірек-қимыл аппараты мен ойлау қабілеті бұзылған 30-ға жуық шабандоз қатысты. Турнирдің географиясы да ауқымды болды. Қатысушылар Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау облысы мен Астана, Алматы қаласынан келіпті. Бейімделген ат спорты елімізде алғаш рет Шығыс Қазақстан облысында қолға алынып, кейін Қарағандыда жүйелі дамуға бет бұрды. Осы аралықта Қарағанды иппотерапия саласында тың серпіліс жасап үлгеріпті. Иппотерапия жөніндегі нұсқаушы әрі жаттықтырушы Амина Есина өңірде иппотерапия сабақтарының тегін өткізілетінін баса айтты.

– Бұл – ата-аналар мен балалар үшін таптырмас көмек. Жаттығулар тұрақты негізде жүргізіледі. Бұның бәрі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асады. Біз үнемі иппотерапиямен айналысатын шабандоздарды жарысқа дайындаймыз. Осы турнирге Қарағандыдан бес спортшымыз қатысып отыр. Жалпы, осы спорт түрі тұрақты түрде еңбек етуді талап етеді. Иппотерапия мен паралимпиада ойындарынан жарысқа қатысып, содан соң ұмытып кететін спорт түрі емес. Жаттығулар мен тәжірибенің арқасында Қарағандыдағы ат спортын халықаралық дәрежеге шығарамыз деп ойлаймын, – деді Амина Есина.

Жарыс халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылған. Қатысушылар паралимпиадалық және олимпиадалық бағыт бойынша сынға түсті. Паралимпиадалық бағытта өнер көрсеткен спортшылар қиын элементтерді орындап, кәсіби дайындықтарын паш етті. Ал, арнайы Олимпиада бағдарламасына қатысушылар үшін арнайы бейімделген жолдар құрылған. Әр шабандоз сол маршрут бойынша жүріп өтуі қажет.

Өскеменнен келген Юлия Яковлева «Ақ Тай» мүмкіндігі шектеулі балалар қорында жұмыс істейді. Өзі иппотерапияның адам ағзасына тигізер пайдасына тоқталып, маңыздылығын атап өтті.

– Ат спорты – мүмкіндіктердің шексіздігін дәлелдейтін бірден-бір бағыт. Мұнда диагноз маңызды емес. Маңыздысы – жүректегі сенім мен атқа деген сенім. Атпен шапқан кезде дененің барлық бұлшық еттері жұмыс істеп, физикалық және психологиялық оңалу процесі қатар жүреді. Сондықтан, бұл спортпен бір рет айналысып, кейін тастап кету деген болмайды. Керісінше, үздіксіз еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Егер осы қағидаларды жадында сақтап, еңбектенсе, нәтиже болады, – дейді ол.

Маңғыстау облысынан келген 11 жастағы Берекет Бейсембаев ат спортына бала кезінен қызығады екен. Бүгінде бірнеше чемпионаттарға қатысып, үздіктердің қатарынан көрініп жүр.

– Бұл – менің үшінші жарысым. Бірінші сайыста ІІІ орын алдым, Ал, екіншісінде екі медаль жеңіп алдым. Біреуі – алтын, екіншісі – күміс. Атқа мінген сайын өзімді шынайы батыр сезінемін. Алда тағы да жарыстарға қатысып, алтыннан алқа таққым келеді, – дейді шабандоз.

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары Ұлттық құрама сапына еніп, алдағы уақытта өтетін халықаралық турнирлерге қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button