ҚҚС – бірыңғай ережелердің қайта жүйеленуі
Кәсіпкер әрі Қарағанды «Сарыарқа» халықаралық әуежайының басшысы Ерлан Оспанов салық реформасы туралы пікірін білдірді.
Оның пікірінше ҚҚС-нан шағын және орта бизнес зардап шекпейді. Ол сондай-ақ өзгерістер жосықсыз бәсекелестік пен сұр схемалармен күресуге көмектесіп, нарықты ашық ететінін атап өтті.
– Мен бұл реформаны «салық жүктемесінің артуы» емес, бірыңғай ережелердің қайта жүйеленуі деп бағалаймын. Баға көтеріледі деп жүргендер, сірә, қойманы жеңілдікпен босатудың және айналым капиталынан айырылудың не екенін білмейтін шығар. Олар бәсекелестіктің не екенін әлі түсінбейтін сияқты.
Кафелер мен мейрамханалар, бөлшек сауда орындары мен қонақүйлер, сондай-ақ айналымы екі млрд теңгеден асатын түрлі сервистік қызметтер 4% салық төлейтін болады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар бұл мөлшерлемені екі есе төмендете алады.
Кірісі 78 млн теңгеден көп табатын бизнес иелері өз кәсіпорындарын қалай «бөліп-бөліп» тастайтынын білемін. Реформа дәл осындай бизнесмендер үшін жүргізіліп жатыр. Салық төлеу бәрімізге ортақ міндет. Егер қаламасаң немесе төлеуге шамаң жетпесе – жалдамалы жұмысқа бар, – деді кәсіпкер Ерлан Оспанов.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.