АймақНұра

Сәбина самғағысы келеді

Мемлекет тарапынан беріле бастаған жеңілдетілген несиенің көмегімен жеке меншік шаруасын дамытып келе жатқандар қатары уақыт өткен сайын көбеюде. Солардың бірі – Нұра кентінің тұрғыны Сәбина Оралбекова.

Сурет автордан

Қара Нұраның жағасында кіндік қаны тамған ол жасынан-ақ арманшыл қыз еді. Туған жерінің көркеюіне септігімді тигізіп, қол ұшымды берсем деген қиял оны ертеден мазалайтын. Соның сәті былтыр келді.

Өзі де екі сәбидің анасы болып отырған Сәбина Қайратқызы ауылдағы жұмысбасты әйелдердің тұрмыстық жағдайын, үй шаруасын жүргізумен бірге бала тәрбиесімен айналысып, уақытын жеткізе алмай қиналатынын көрген сәттен, яғни, ертеден-ақ, «Осындай, жартылай дайын өнім әзірлесем бе?» деген ой келген көрінеді. Сөйтіп, отбасы үшін дайындаған тамағынан ауыз тиген туған-туыс, көрші-қолаң дәмділігін айтып, мақтағаннан кейін тәуекелге бел буған Сәбина шағын бизнесін бір жыл бұрын, үй жағдайында бастаған екен. Өзінің жартылай дайын өнімдерін ол тура аттас телесериалдағыдай «Сәбина келін» деп атапты.

Тұшпара әзірлеу цехы – өткен жылдың жемісі. Тамақ әзірлеуге тек табиғи таза өнімдер пайдаланылғаннан кейін цехтың жартылай дайын өнімдері тура үйдің ас мәзіріндей дәмді екен. Мұнда кент тұрғындары мен қонақтары түстенуіне де мүмкіндік жасалыпты. Цехта тұшпара, қамырға оралған картоп, манты, тартылған ет оралған қырыққабат, ет толтырылған болгар бұрышы, жайма қамыр, т.б. әзірленеді. Шаруа қожалықтарынан сатып алған малды өздері сойып, етті өздері тартады. Дайын өнімдер Нұра кентінің дүкендері арқылы саудаға шығарылатын көрінеді.

Цех таңертеңгі 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Қазіргі таңда кәсіпкер келіншектің жанында үш адам еңбек етеді. Жалақылары ауылдың жағдайы үшін тәп-тәуір – 150-200 мың теңге аралығында.

Дербес кәсібін енді ғана бастаған Сәбина Қайратқызының арманы асқақ – өнімдерін аудан көлемінен асырып, Қарағанды мен Астананың нарығына, тіпті, республиканың өзге қалаларына шығудың жолдарын ойластыруда. Зор мақсат көздеп, биіктерге самғағысы келген Сәбина Оралбекованың мұраттары орындалып, Жаңа жыл толағай табыс әкелсін деп тілек жұптадық біз де.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
Нұра ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button