Медицина

Қарағандыда үш айлық қыз балаға күрделі кардиохирургиялық ота сәтті жасалды

Қарағанды қаласындағы №2 көпбейінді аурухананың Кардио­орталығында үш айлық қыз балаға қолқа коарктациясын түзету бойынша күрделі кардиохирургиялық операция сәтті жасалды. Операцияны жергілікті дәрігерлер мен Астанадан арнайы келген  кардиохирургтар бірлесіп өткізді. Өңір дәрігерлері мен елордалық мамандардың бірлескен жұмысы нәтижесінде бұрын тек республикалық орталықтарда ғана мүмкін жоғары технологиялық ота алғаш рет аймақта жасалды.

Сурет облыстық медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметінен

Облыстық медициналық сақ­тандыру қорының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға бастапқыда аса қауіпті көрінбеген диагноздан басталған. Нәресте пневмониямен Қарағандыдағы №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Әйткенмен, толық медициналық тексеру барысында дәрігерлер оның жүрегінде туа біткен ауыр ақау – қолқа коарктациясы бар екенін анықтайды. Бұл патология кезінде ағзаның негізгі қантамыры – қолқа тарылып, қан айналымы күрт бұзылады. Уақытылы емделмесе, бұл жағдай нәресте өміріне үлкен қауіп төндіреді.

Дәрігерлер диагноз туралы ата-анасына бірден хабарлап, баланы шұғыл түрде Қарағандыдағы Кардиоорталыққа ауыстыр­ды. Мамандардың консилиумы өткізіліп, ота жасау туралы шешім қабылданды.
Күрделі операция елдің жетекші кардиохирургтарының қатысуымен өткен шеберлік сабағы аясында ұйымдастырылды. Қарағандыға Астанадағы University Medical Center құрамынан кардиохирург Ғалымжан Өтегенов пен анестезиолог Хафиз Ахмеров арнайы келді.

– Өмірінің алғашқы айларындағы балаларда қолқаның критикалық коарктациясы шұғыл хирургиялық емді талап етеді. Ота техникалық тұрғыдан күрделі болды, алайда, жоспар бойынша өткізе алдық. Біз тарылуды және қатар жүретін патологияны толық жойдық. Енді негізгі кезең – операциядан кейінгі оңалту. Баланың қазіргі жағдайы көңілге сенім ұялатады, – деді кардиохирург Ғалымжан Өтегенов.

№2 көпбейінді аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғанибек Ақжановтың айтуынша, бұл операция Қарағанды медицинасы үшін ерекше оқиға.

Ота шамамен бес сағатқа жуық уақытқа созылған. Дәрігерлер қолқаның тарылған бөлігін алып тастап, қантамырды «ұшынан-ұшына» анастомоз әдісі арқылы қайта жалғаған. Соның нәтижесінде баланың қан айналымы толық қалпына келтірілді. Сонымен қатар, операция барысында тағы бір патология – ашық артерия­лық өзек анықталып, ол да сәтті түрде жабылған.

– Бұл – біздің ауруханада жасалған осындай алғашқы операция. Бұған дейін мұндай диагноз қойылған балалар республикалық орталықтарға жіберілетін. Елордадағы әріптестерімізбен бірлескен жұмыстың арқасында жоғары технологиялық медициналық көмекті өз өңірімізде көрсетуге мүмкіндік туды. Бұл Қарағандыда балалар кардиохирургиясын дамытудағы маңызды қадам, – деді №2 көпбейінді аурухананың балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов.

Қазіргі уақытта үш айлық қыз бала жансақтау бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Мамандар оның жағдайында оң динамика байқалып отырғанын айтады.

Айта кетейік, мұндай жоғары технологиялық операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетіледі. Бұл жүйе күрделі әрі қымбат операцияларды халыққа қолжетімді етіп, өңірлерде жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуына мүмкіндік беріп отыр.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button