Жаңалықтар

Сәбидің саусағы (Әңгіме)

Есімі өрелі оқырманға белгілі Сүйіндік Жанысбай хақындағы қаламдас бауырлар­ының жылы лебізінен бөлек, шығармашылығын да назарларыңызға ұсынуды жөн санадық. Себебі, Сүйіндік ағаны елге қадірлі һәм абыройлы еткен осы қасиетті қалам. Жазушының мерейтойы шығармашылығымен айшықталғаны абзал.

Әңгімеде парасат-пайымымен бүтін бір ұлтты еңіреткен заманға өзінше баға береді. Қанға, жазықсыздың көз жасына малтыған жүйеге сәбидің көзімен қарайды. Көз алдыңызға боран өтіндегі тебіндеп шыққан нәзік гүлдің бейнесі көлбеңдейді. Шырылдаған ана байғұстың езілген жүрегін сөзбен суреттейді. Әңгімеден сұр бояуды көресіз. Лагерьдегі сұп-суық сұр тастың ызғарын, темір шынжырдың дыбысын естисіз.

Редакциядан.

Сурет: С.Жанысбайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Аяқтарын әрең басып келе жатыр. Арттарында айдауыл. Әбден қалжыраған тұтқын әйелдер жығылуға шақ қалады. Соңдарындағы салпақтап келе жатқан айдауылдың да әбден ығыр болғаны көрініп тұр. Анда-санда винтовкасының дүмімен итеріп қояды. Онысына да рақмет. Мұрты салбыраған біреу. Басқа ұлттың адамы сияқты. Егер мұның орнында кешегі жаналғыш болса, бұлар баяғыда бірнеше рет жығылып-тұратын еді. Ол винтовкасының дүмімен аямай соғып жібереді. Сондай бір соққы бұған да тиген. Сол жақ иығы әлі ауырып жүр.

Күніне екі рет, кейде үш рет баласын емізуге апарады. Міне, тағы да әкеле жатыр. Аяғы бастырмай, жүруге жарамай қалғанына қарамастан, кішкентай Батыр­ға жеткенше асығуда. Асыққан түрі осы кешегі жау­ған қалың қар аяқ бастырмайды. Әйелдер зонасы мен «балалар қалашығының» арасы әжептәуір жер.

Артындағы айдауыл тағы да мылтықтың дүмімен итерді:

– Жүріңдер, тезірек!

Онсыз да асығып келеді. Кішкентай ғана қауқарсыз сәбиін есіне алғанда омырауы сыз­дап, сүті де шығып кетеді. Сүт дегеннің өзі шамалы. Лагерьдің су татыған сұйық ботқасы мен шала піскен қара наны қайбір тамақ болсын. Соның өзін талғажу етіп, баласына емізуге асығады. Емізуге рұқсат ететін уақыты бар. Бірнеше барақтағы жас баласы бар әйелдерді жинап апарады. Сол уақытта баласын бауырына алып, сәл болса да, көңілін демдеп, мау­қын бір басып қалады. Күні бойы басқа қорегі жоқ жас сәби әуелде төсіне бас салып, жармасқанымен, ашқарақтана екі-үш рет сорған соң сүті бітіп, бос қалған төсін аймалағанмен ештеңе шықпаған соң жылаған болады. Бірақ аш сәбидің жылауға да шамасы келмей, бос қалған теріні созғылай береді. Сүтінің біткенін білгенімен, оны айдауылға сездірмей, баласын емізген болып, аймалап, іштей еміреніп, отыра береді. Оның да уақыты біткен соң айдауыл шығуға бұйрық береді. Бұл амалсыздан баласының маңдайынан иіскеп, жергөгіне қайтадан орап, орнына жатқызып кетеді.

Сәбилердің күтушілері бар деген аты ғана. Олар да жұмыстағы адамдар. Асхананың картобын тазалайды, ыдыс-аяғын жуады. Балалардың астынан түскен жаялықтарды жуады. Жуғандары сол – сабынсыз қара суға бір-бір шайқайды да сымға жайып, іле береді. Оны аналары келген соң астынан алып, қақаш-қақаш болып, сіресіп қалған жаялықтарды қолдарымен уқалап, жұмсартқан болып, қайтадан орайды. Тулақтай болып сіресіп қалған жөргекке бала түгілі үлкеннің өзі шыдамас еді. Дәрменсіз сәбилер алғашында шырылдап жылайтын, қазір өксік сияқты бір дыбыстар ғана шығарады. Бұлар да бос жылаудан түк шықпайтынын сезген сияқты.

Қанша дегенмен, бауыр еті – баласы ғой. Бұл жерде одан жақын ешкім жоқ. Қолынан түк келмейтін, дәрменсіз сәби болса да, оны өзіне кәдімгідей ес тұтады, өзінің қамқоршысындай сезінеді. Аймалап-аймалап қайта жатқызды да, басқа әйелдердің қатарына барып тұрды. Бәрі түгел жиналған кезде саппен айдап жөнеледі. Басында Дәрияш та жылаған. Жылып-жылап көз жасы да таусылды. Енді жылайын десе де, көзінен жас шықпайды. Адам деген үш күннен соң тозаққа да үйренеді деген рас екен.

Әкелген жерлерінің ҚарЛаг деп аталатындығын есіне сақтап қалыпты. Кейіннен бұл поселкенің Долинка аталатынын түсінді.

Төргі бөлмеде оны-мұны шаруаларын істеп отырған. Есіктен біреу кірген сияқты болды. Аяғы ауыр болғандықтан, ақырын тұрып, ауыз бөлмеге шыққан. Есіктің аузында көрші ауылдағы Бәшім тұр екен. Әуелде сасқалақтап қалғанымен, есін тез жинады да:

– Жай жүрсің бе? – деп сұрады.
– Амандасуды да ұмытқансың ба? – деді ол қатқыл дауыспен.
– Біздің үйге келмеуші едің, асығыс шаруаң бар шығар дегенім ғой…
– Шаруасыз келуге болмай ма? Күйеу­ге тиген соң.., – деп бір сөзді бықсытып келе жатыр еді:
– Бұл уақытта шаруасыз кім жүреді? – деп Дәрияш оның сөзін айтқызбай, бірден бөліп жіберді.
– Күйеуің қайда?
– Жұмысында… Кеңсесіне бармадың ба, егер жолыққың келсе…
– Барамын. Бармай жүрген жерім емес қой… Сені бір көруге келдім.
– Е-е, баяғы «әнің» әлі қалмапты ғой.

Бұдан соң сөзді көп соза берудің жөні жоқтығын түсінді ме, ол басынан аяғына дейін қарап шығып, енді біліне бастаған ішіне көз тоқтатты да, ақырын бұрылып шығып кетті. Үйге келген адамға «Жоғары шық» демегеніне өкінбеген Дәрияш оның бұл келісін неге жорырын білмей, сол орнында біразға дейін тұрып қалды. Дегенмен де бетінде шешектен қалған қорасан дақтары бар, ел «Шұбар» атап кеткен Бәшімнің ұнамсыз жүзі көз алдына қайта-қайта орала берді.

Ол кездер ауылдағы мұңсыз күндер еді ғой. Осыдан бір жыл бұрын көрші келіншектің үйге келуі жиілеп кеткен. Жүзіне күле қарап, оны-мұны айтып, әңгіме соғып ұзақ отырады. Ақыры бір күні айтты ғой. Сөйтсе, өзінің көрші ауылда тұратын бір бауыры бар екен. Соған икемдемек болыпты. Дәрияш өзінің бір жігітпен сөз байласқанын, аман-есен оқуын бітіріп келген соң отау құрмақ ойлары бар екенін жасырған жоқ. Сөйтсе, көрші келіншектің бауыры осы Шұбар болып шықты.

Бірде бұлақтан су алып келе жатқан. Қарсы алдынан торы төбелмен қарсы шыққан жігіт алдына көлденең тұрып алды. Иығын жаншыған мойынағашқа ілінген екі шелек су еңсесін басып, қиылған белі одан сайын майыса түскен Дәрияш үйге жетіп бір-ақ тоқтауға тырысып келеді. Бірақ кенеттен пайда болған салт атты жолын бөгей берді.

– Сұлу қыздың суынан дәм татуға болмас па екен? – деп өңмендеген жігіттің дауысы тым ұнамсыз естілді.

Дәрияш үн-түнсіз суын жерге түсірді де, шелегінің шетінде тұрған, жаңа ғана бұлақтан су құйып алған ожаумен орта ожау су алып, жігітке үн-түнсіз ұсынды. Ол аттың үстінде тұрған беті суды сіміріп алды да, ожауын қайтарып жатып, қыздың қолынан ұстамақ болған еді. Дәрияш ожауды жұлып алып, жігіттің ерні тимеген екінші жағымен шелектегі судан аздап іліп, шайып-шайып төге салды да, екі шелегін иінағашымен көтерген беті аттылы жігітті айналып өтіп, үйіне қарай беттеді.

Шұбар бұдан соң да бірнеше рет кезікті. Әрбір кездескен сайын әңгіме бастауға тырысады. Бірақ, Дәрияш одан үн-түнсіз жылыстап құтылады. Бұдан соң көрші келіншек те келуін тоқтатты. Оның есесіне «Дәрияш биыл жазда күйеуге тиеді екен» деген сөз бүкіл ауылға тарап кетті.

Дәрияш бұрынғысынша өзінің шаруасын күйттеп жүре берді. Сөз байласқан жігіті Қайратбек Омбыдан оқуын бітіріп келісімен, құда түсуге кісілер жіберген болатын. Әке-шешесі қарсы болған жоқ. Қызының оқып келген, көзі ашық жігітке тұрмысқа шыққанын қандай ата-ана қаламасын. Теңін тапса – тегін бер деген.

Оқып келген, көзі ашық Қайратбек ел ішіндегі жұмысқа араласып, қызметкер болды да шықты. Оның қандай қызмет екенін Дәрияштың өзі де түсіне бермейді. Әйтеуір ат үстінен түспейді, ауыл адамдары ертелі-кеш Қайратбекке келіп ақыл-кеңес сұрап жатқаны. Ондай адамдардан есігі құрғамайтын болды. Оның іскерлігін байқады ма, уезд орталығындағы бір қызметке апарып тағайындады. Бұл кезде Шұбар атанып кеткен Бәшім де осы уезде соттың қызметкері екен. Тіпті, оның үйі Қайратбек пен Дәрияштың үйінен онша алыс болмай шықты. Кейде көшеде келе жатып кездесіп қалып та жүрді.

Көп ұзамай ел ішінде үрей туындап, жұртшылық бірінің үйіне бірі кіруден, оны айтасыз кездесіп, амандасудан қалды. Анау да «халық жауы», мынау да «халық жауы». Жағалай қаптап кеткен «жаулар» болып шыға келді. Кеше жүрген адам бүгін жоқ, ұстап алып кетіп жатады. Бір күні кезек Қайратбекке де келді. Кешкі асқа отыра бергендері сол екен, есік қағылды. Ішке кірген екі жігіт есік ашқан Қайратбектің екі жағына тұра қалды да, киініп, соңдарынан еруін талап етті. Олардың соңынан кіргендер үйдің ішінің астан-кестеңін шығарып, тінту жүргізді. Қағаздарының арасын ақтарды. Бұрын Омбыда гимназияда оқып жүрген кезінде жазысқан хаттары сақталған еді, соларды және басқа да кейбір кітаптарды жинап алып кетті.

Аяғы ауыр Дәрияш не істерін білмей босағада отырып қалды. Айтпақшы, Шұбар осында сотта істейді ғой. Заңнан түсінігі бар, соған барып жолығып, Қайратбекті босатуға көмектесуін сұрамақ болды. Киімін иығына іліп, есіктен шыға бере ол ойынан айнып қалды. Өйткені, жуырда бір кездескенінде оның күле қарап:

– Байыңды әлі ұстаған жоқ па? – деп кекете сұрағаны есіне оралды.

– Жоқ, – деді бұл сеніммен. – Оны не үшін ұстамақ…?

Ол бұдан әрі тұрған жоқ, маңғаз басып әрі қарай кете берген. Міне, сол кездесуді есіне алған Дәрияш Бәшімнің шұбар бетінде әлде бір жұмбақ мысқыл пайда болғанын байқап қалған еді. Мұны Қайратбекке айтып келген. Ол әуелде тіксініп қалғанымен:
– Е, кім не демейді? – деді де қойды.

Дегенмен, бұрыннан алаңдап жүрген оның көңілінде бір қобалжу пайда болды. Енді тықыр еткен дыбысқа елең ете қалады.

Босағада тұрып қалған Дәрияш Бахриден ағайға барып, ақыл сұрауға бекінді. Ол кісілердің үйлері де онша алыс емес. Әуелде көшіп келген кезде үйлеріне шақырып, ағалық қамқорлық жасап жүретін. Дәриға тәтей де жақсы адам. Қашан барсаң да құрақ ұшып тұрады.

– Ішіңді жылы ұста. Балаға суық тигізіп алып жүрме. Жылы киін, – деп ақылын айтып жатқаны.

Бахриден ағаның үйінің сыртқы есігі жабық екен. Есікті біраз қағып тұруына тура келді. Әлден уақытта есікке Дәриға тәтейдің өзі келіп, кім екенін сұрады. Бұл өзінің Дәрияш екенін, Қайратбекті алып кеткенін айтты. Бірақ Дәриға тәтей бұрынғыдай құрақ ұшқан жоқ, үйге шақырған да жоқ, есікті сәл саңылау етіп ашып, ақырын ғана:

– Біздің қолымыздан не келеді? – деді де, қайтадан күршегін жауып алды.

Дәрияш тұрып-тұрып үйіне қайтадан оралды. Не істерін білмейді. Отырса да, тұрса да ойында Қайратбегі. Күндегі әдетімен есіктен кіріп келетін сияқты болып көрінеді де тұрады. Бірақ олай болған жоқ. Қанша күткенімен күйеуі оралмады.

НКВД-нің кеңсесіне де барып, әркімнен сұрап көрді. Бірақ ешкім ештеңе білмейді. Ұсталған адамдарды «қара түрмеге» апарып қамайтынын біреулер айтты. Тау бөктеріндегі «қара түрмеге» де барып, есігін қақты. Ол жерде де мардымды жауап болмады. Бір аптадай уақы өткенде екі адам келіп, өзін алып жөнелді. «Сен халық жауының әйелісің. Сондықтан сен де жауап беруің керек. Ол кіммен байланысты болды? Астыртын әрекеттерін кіммен бірігіп жасап жүр? Германның шпионы ма, әлде Жапонның шпионы ма?» – деген сияқты мұның түсіне де, кірмеген сөздерді сұрайды. Тіпті, «шпион» деген сөзді бұрын естіген де жоқ болатын. Тергеушіге не деп жауап берерін де білмейді. Күйеуінің атқарып жүрген ісі, Кеңес Үкіметіне адалдығы өзіне ғана аян. Тек жұмысынан басқа ештеңеге мойын бұрмағанын да біледі.

Мұның алдында округ орталығынан өкіл болып келген екі адам үйлерінен түскі ас ішкен. Соларды сұрайды. Олармен қандай қатынаста болғанын білгісі келеді. Оларды қайдан танитынын сұрайды. Ол адамдарды танымақ тұрсын, бірінші рет көргенін, тек түскі ас ішіп кеткенін айтады. Оған да сенбейді.

Бірде тергеуге кіріп бара жатқанда ұзын дәліздің екінші басында бір келіншекпен ыржаңдасып тұрған Шұбарды байқап қалды. Тағы бір жолы қарсы жолықты. Маңғаздана басып, күле қарап, өте шықты. Оның мұнда нағып жүргенін түсінген жоқ. Тек кейіннен ғана санасына саңылау жүгіре бастады. Бірақ дәл сол кезде адамдар бір-біріне арамдық немесе қастандық жасайды, бір-бірін көре алмайды деп ойламапты да. Оның сырын кейін өзі қамауға алынып, лагерьге тап болғанда ғана білді ғой.

…Түнімен суық баракта тоңып шыққан Дәрияш бойы жылынып, енді ғана маужырап ұйықтай берген еді, рельс­тің шыңылынан селк етіп оянды, одан соң кезекшінің «Тұрыңдар!» деген айқайы естілді. Күнделікті тірлік осы. Енді кеш түсіп, қас қарайғанша бір тыным жоқ.

Тергеу аяқталды ма, жоқ па, Қайратбекті тергеді ме, өзін тергеді ме, күйеуін соттады ма, өзін соттады ма – білмейді. Әйтеуір бір күні пойызға отырғызып алып, айдап жөнелді. Қайда апара жатқанын да білмейді. Айтатындары: «Халық жауының әйелі де – жау». Сонда жау болып, бұл не істепті? Әйтеуір бір білетіні – көрсеткен жеріне қолын қоя берді. Айтқандарына қарсы келмей, қолын қоя берсе – жеңілдік жасайды, сөзіне сенеді деп ойлаған болатын. Ол ойының теріс екенін де, өзіне пәле болғанын да лагерьдегілерден естіді. АЛЖИР-ге (отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) келген соң баракта отырған әйелдердің еңірегенде етектері жасқа толады. Нені дұрыс істегенін, нені қисық істегенін де солар айтты ғой. Ауылда өскен, бұрын орыс көрмеген Дәрияш орысшаны да осы жерде үйрене бастады. Басқа түспей білмейді екен, «алып кел», «апарып таста» деген сияқты сөздердің өзін қабылдау оңайға түскен жоқ. Алғашқы уақытта орысша түсінбейтін әйелдер бөлініп, өздері күңкілдесіп жүрді. Келе-келе барлығы араласа бастады. Өзі жеткізіп айта алмаса да, сонау Ресейден келген әйелдердің айтқан мұңын түсінетін қалге де жетті.

Бірақ мұндағы «жайлы жағдай» ұзаққа созылған жоқ. Бүкіл Кеңес Одағынан әке­лінген «отанын сатқандардың әйелдері» лагерьге сыймай кеткендіктен, көпшілігін ҚарЛаг-қа және басқа да нүктелерге ауыстыратын болды. Ауыстырғандардың арасында Дәрияш та кетті. Бірақ бұл жерде адамдардың бір-біріне деген қатынасы аса қатаң, тіпті, қатігез болғанымен, тәртіп біршама ретке қойылған екен. Бәрі уақытпен істеледі. Таңертең тұрғаннан бастап кешке жатқанға дейінгінің барлығы сағат-сағатымен белгіленіп тасталған.

Басында біраз уақыт асханада істетті. Жұмысы ауыр, белің бүгілмей картоп аршып, жуынды төгумен уақытың өткенімен, әйтеуір, оттың жаны болғандықтан, тоңған кезде ептеп жылынып алуға болады. Ыдыс-аяқ жуған кезде түбіне жабысып қалған қаспағы болса, қолымен қырып алып, асап жібереді. Ол да болса, жүрек жалғауға жетіп жатыр. Әйтеуір бір жақсысы – баласын емізуге уақытымен апарады.

Бұл да ұзаққа бармады. Кухняға Валентина деген әдемі әйел бас аспаз болып келді де, мұндағы бұрынғы тәртіп те, бұрынғы адамдар да өзгерді. Ол өзінің адамдарын ала келді. Негізі лагерьдің өзінің заңы болғанымен, мұнда отырғандар арасында өз заңы болатындығын Дәрияш бірте-бірте түсінді. Әйелдердің сыпсың сөзіне қарағанда Валентина лагерь бастығының ба, әлде оның орынбасарының ба, әйтеуір біреуінің нақсүйері екен. «Ол енді өзі де жұмыс істемейді, басқаларға да істетпейді» деген еді әйелдер. Солардың айтқандары келді.

АЛЖИР-де кішкене Батырын қойнына алып жататын. Мұнда мүлде бөлек баракқа алып кетті. Ол жерде ясли сияқты орын бар. Өздерінің тәрбиешілері бар. Бір жақсысы – барак шикі кірпіштен салынған. Ортасына пеш орнатқан. Басқа тақтай барактарға қарағанда аздап жылылау. Соның өзі дәтке қуат. Кішкентайы тоңбаса болды.

Қолына алған сәттегі бейкүнә сәбидің анасын танып, талпынған сәтін көргенде жан-жүрегі езіліп, көкірегіне өксік оралатынын қайтерсің. Баласын емізген кезде еміреніп, өзі де бір жылынып қалады. Кейде бойы балқып, сәбиін емізіп отырып қалғып кететіні де бар. Ондайда айдауылдың қаһарлы дауысынан селт етіп оянып кетеді. Апыл-ғұпыл баланы қайтадан орап, орнына жатқызады. Сол кезде оның жанарынан жаңағыдай қуанышты емес, «тағы да тастап кетіп бара жатырсың-ау!» дегендей мұңды көзқарасты байқап қалады. Ана жүрегі тағы да шымыр ете түседі. Бәрібір не істесін? Қолдан келер қайран жоқ.

Бірде баласын емізіп қайтып келген соң барактың алдынан өтіп бара жатқанда біреу өзінің атын атағандай болды. Жалт қарағанда таныс көзқарасты байқады. Бірақ лагерьдің киіміндегі адамды жыға танымады. Бұл өзінің орнында тұрып қалған. Ер адамға жақындау ұяттау болып көрінген. Сөйтсе, бұл бір кезде ауылда мұғалім болып, елдің сауатын ашқан Қалыбай деген кісі екен. Кейінде аудан орталығына көшіп кеткен. Жөн сұраса келе, ол кісінің мұнда отырғанына жылға таяп қалыпты. Айдалып кетуіне Шұбардың жапқан жаласы себеп болыпты.

Хат та жаздырмайды, өзі жазған хат жіберілген жеріне жетті ме, жоқ па, оны да білмейді. Қайратбектің этаппен айдалып кеткенін естіген. Оны соңғы сот болғанда айтқан. Басқа ешқандай хабар жоқ. Қарт әке шешесі келіп, жылап-сықтап, Батыр екеуін пойызға шығарып салған.

Бала емізетін уақыты да болды. Бұл кезде Батыр тоғызыншы айға қараған. Бұл кезде бала талпынып, еңбектей бастайды ғой. Ал, мұндағы сәбилер жата бергеннен басқаны білмейді. Кейде қуанып, ыржиып күлетіні бар. Дегенмен де анасын таниды. Еметін уақыты болғанын біледі. Қолдары қандай әдемі. Оның кейде тоңып қалған қолын жылытып, қойнына басып, алақанынан иіскеп-иіскеп, сүйіп-сүйіп еміренеді. Саусақтары қандай сүйкімді. Жақсы көргенді бала да біледі, одан сайын жабыса түседі.

Жалғыз аяқ соқпақпен қарды сықыр­лата басып, бала емізетін бір топ әйел келе жатыр. Балалар барағындағы кіре берісте үлкен ағаш бөшке тұрады. Бұл бөшкеден әйелдердің барлығы қорқады. Олар мұны әңгімеге жиі арқау етеді. Оның жанынан жандары түршігіп, үрейлі көз жүгіртіп өтеді. Оның да өз себебі бар. Қайтыс болған сәбилерді осы бөшкенің ішіне тастай салады екен. Қолдары тиіп, сәбилердің мәйітін жерлегенше бірталай уақыт өтіп кетіп, денелері аламан тышқанға жем болады дейді. Бір әйел баласын танып қалып, жүгіріп барып, қолынан көтеріп алса – баланың жарты денесі жоқ дейді. Тышқандар кеміріп жеп қойыпты. Әлгі әйел тұрған жерінде талып қалыпты.

Дәрияш бүгін жүрегі өрекпіп, өзін бір түрлі сезінгендей болды. Ойына Батыры қайта-қайта оралып, көргенше асығып келеді. «Өзі аман болса екен» деп тілейді іштей. Сол сезіммен келіп, есікті ашқанда көз алдына ауызда тұратын ағаш бөшке оралды. Алдындағы әйелдерді итере-митере өңмендеп, ағаш бөшкеге жетіп барды да, бетіне жабылған қара кенепті жұлып алды. Ішінде үңіліп еді – шүберекпен бүркелген бір-екі сәбидің мәйіті жатыр екен. Біреуінің сол қолы ашық, бірнешеуін тышқан кемірген саусақтары көрініп жатыр екен. Баласының саусақтарынан аумайды. «Батырым! Батырым!» – деп бар дауысымен бақыра айқай салып, тоң болып қатып қалған, әр жерін тышқан кемірген мүрдені қолына жұлып алды да, сол беті сілейіп тұрып қалды. Басқа бала екені көрініп тұр. Батырдың шашы көмірдей қара, ал мынанікі ақшыл сары. Мұз болып қатып қалған кішкентай мүрденің қолынан қалай түсіп кеткенін өзі де байқамай қалды. Жанында өтіп бара жатқан басқа әйелдер мұның ащы дауысынан шошып қалған. Бір кезде әлгі баланың анасы келіп көріп, есінен танып қалды.

Осы оқиға есінен талайға дейін кетпей жүрді. Кейде ұйықтап бара жатқанда көз алдына келетінін қайтерсің. Дегенмен, бәрібір жұмыстан шаршап келгендіктен, еріксіз маужырап ұйықтап қалады. Іліп қойған рельстің сынығын темірмен ұрған кезде адамның жүйкесіне тиетін ащы шыңыл шығады. Бұл таңертеңгілікте оянуға берілген белгі. Қолжуғыштағы тастай суға беті-қолдарын шайып үлгереді. Содан көп ұзамай таңғы асты ішер-ішпестен жұмысқа алып жөнеледі.

Баласы бір жастан асқан соң басқа баракқа ауыстырады. Мұнда жолығуға сирек рұқсат етеді. Дәрияш кейде ретін тауып, жұмыс арасында барып, баласын бауырына басып жүрді. Әйелдердің барлығы да солай істейді. Әйтеуір мұнда бұрынғыдай айдауылмен апармайды. Әркімнің өз еркі.

Аман-есен ақырындап жүріп, талай қиындықты бастан өткерген Дәрияш бостандыққа шыққан. «Үйренген тозағын қимайды» деген рас екен. Сол бостандықты аңсап, күні-түні ойлайтыны есінен шығып кетіпті. Лагерьден босататын күні шыққысы да келмей тұрып қалған. Оның да өз себебі бар. Ауылда ешкім қалған жоқ. Әкесі мен шешесі о дүниелік болған. Үйлері ескі болса да, біреулер жөндеп кіріп алғанын естіген. Қайратбекті «халық жауы» деп ату жазасына кесіпті. Қай жерде атқаны, денесінің қайда қалғаны да белгісіз. Аудандағы үйлерін де басқа қызметкерге беріпті. Сонда қайда барады? Жарайды, бір жөні болар! Бәрібір босағанына қуанған ол көкірегін кере дем алып, сықырлай ашылған қақпадан сыртқа шықты. Тезірек Қарағандыға жетіп, балалар үйіндегі Батырын бауырына басқанша асықты. Баласына деген сағынышы, тіпті, арта түсті.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button