Жаңалықтар

Сәбиді аман сақтап қалды

Ат ауыздығымен су ішер ел басына күн туса, етігімен су кешетін екі маман бар. Бірі – дәрігер, екіншісі – полиция. Пандемия кезінде бұған дүйім ел куә болған. Індет ел іргесіне келгенде, жапа-тармағай жұрт ініне кірген тышқандай үйде тырп етпей жатқанда осы маман иелері тәулік бойы кірпік қақпай халыққа қызмет жасады. Бүгін Полиция қызметкерлері күні қарсаңында мұны тағы бір ерекшелеп атап және бір риясыз пейілімізді білдіру артық емес. Жалпы, погон таққан қауымның жалпақ жұртқа жария емес ерліктері сан мың. Олар күнде ерлік жасайды. Күнара бір адамды ажалдан арашалап қалады. Тіпті, кейде өздері опат болады. Ал, 15 маусымда Шахтинск қаласының полициялары суға кеткен шынашақтай баланы аман алып қалды. Мұны интернет БАҚ қазір жарыса жазып жатыр. Мерейлі мерекелері қарсаңында біз де осы ерлікті тағы бір еске салсақ дейміз.

 

Құтқарылған сәбидің есімі – Аглая. Жасы – 1 жас 9 ай. Сәбидің суға кеткені туралы хабарлама Шахтинск қаласы полиция бөліміне 15 маусым күні кешкі сағат 20:00-де түсіпті. Онда қаладан он шақырым жердегі демалыс орнында баланың суға батып кеткені туралы хабарланған. Дереу оқиға орнына тергеуші Үммігүлім Құрман, анықтаушы Ислам Ақанов, криминалист Мейірхан Шәріпов, жүргізуші Азамат Алтынхан жіберіліпті.

Мейірхан жағалауда жатқан баланың ерні көгеріп, денесі салқындап қалғанын айтады. Әрине, үрейлі сәт. Бірақ, қызметкерлер баланың әлсін-әлсін демалып, іші қозғалғанын байқаған. Сол дем үміт берген секілді.

– Мен жағалаудың оң жақ тұсында жатқан кішкентай қызды көрдім. Ерні көгеріп кеткен. Денесі – сап-салқын, көзі – жұмулы. Бірақ іші демнен қозғалып тұрғандай. Әйтеуір, бір үміт сол. Баланы дереу көтеріп, қызметтік УАЗ көлігіне әкеліп, Шахтинск қаласының ауруханасына қарай жөнелдік. Жолда сәбиге алғашқы медициналық көмек көрсетуге кірістім.

Рас, өмірімде бірінші рет жасадым. Бірақ, не істеу керектігін академияда оқып жүргенде, үйреткен еді. Сонда алған теориялық білімім көп көмегін тигізді. Академияда арнайы дәрістер де болған. Оған қоса, қазір шомылу маусымы басталғанда ПБ бастығының орынбасары Қайырбек Әбеуов көмек көрсету әдістерін күнделікті пысықтап отырады бізге. Соның бәрін еске түсіріп, балаға шұғыл көмек беруге кірістім.

Баланың бетін тізесіне, қолын кеудесіне қойдым, Ислам жоғарыдан массаж жасай бастады. Бес секундтан кейін Аглаяның аузынан су шықты. Жылай бастағанымен, көзін ашпады. Баланың тұншығып жатқанын аңғардым. Көмейінен сағыз шықты, – дейді Мейірхан Шәріпов.

Полиция қызметкерлерін баланың көзін ашпағаны уайым болды. Осындай жанталас сәтте орта жолда Шахтинск қаласының жедел жәрдем көлігі қарсы ұшырасады. Ал жол бойы полиция қызметкерлері жедел жәрдем көлігімен бірге жүрді. Аглая Шахтинскіден Қарағандыдағы көпсалалы ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір баланың жағдайын дәрігерлер тұрақты деп бағалап отырса керек.

Аглаяның отбасы демалуға жағажайға келген. Сол арада Аглаяның шомылуға арналған секіретін орынға кетіп қалғанын ешкім көрмей, содан суға құлап кеткен екен. Баланы судан алып шыққан әкесі жасанды тыныс алдыруға тырысқан. Еш нәтиже шықпаған. Соңыра жедел жәрдем шақырыпты. Жедел жәрдемнен бұрын жеткен полиция қызметкерлері баланы құтқарып қалды.

Жоғарыда полиция қызметкерлерінің күнара ерлік жасайды деген сөзімізге бір дәлел осы. Біз біреуіне ғана тоқталдық. Ал бейбіт күнде ерлік жасап жатқан полиция қызметкерлері көп. Құтқару кезінде көз жұмғандары қаншама. Оларға осы мерейлі күні бас иеміз.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button