Сүбелі шығарма, қомақты олжа
Жуырда М.Әуезов атындағы орталық кітапханада «Қарымды қаламгер» клубының жұмысы аясында баспасөз ардагері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қаламгер Сүйіндік ЖАНЫСБАЙДЫҢ өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби кеште «Тұзақ» атты кітаптың таныстырылымы өтті.
Баспасөз үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері Сүйіндік Жанысбайдың кітабының тұсаукесеріне келгендер жазушыны осы жолы жаңа қырынан тани түсті. Бұл туралы, ҚР Құрметті журналисі Сағат Батырхан, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Бас-редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков, ҚарМУ-дың профессоры, Жаңбырбай Қағазбаев, М.Әуезов атындағы орталық кітапхананың директоры Гүлнар Әшімханқызы терең талдап жеткізді. Кітапқа шолу жасаған аталмыш кітапхананың қызметкері Гүлім Сланбекқызы да аударма тілі жатық, оқиғаны өрбітуде шеберлік танытқан жазушының шығармасы бірден оқырманды баурап алатындығын сөз етті.
Сағат БАТЫРХАН,
халықаралық журналист:
– Бүгін біз қаламгерді жаңа қырынан танып, оның ішінде қазақ әдебиетiндегi кенже қалған детектив жанрына қалам тербегеніне куәгер болып отырмыз. Сүйіндік ағамыздың жазушылық, журналистік, аудармашылық шығармашылығымен бұрыннан таныспыз. Оқырманға жол тартқан «Тұзақ» кітабы детектив жаныры бойынша қазақ әдебиетіне қосылған қомақты олжа. Өйткені, детектив өз алдына белгілі шеберлікті талап ететін шарттары бар дербес жанр. Атап айтқанда, детектив кейіпкері қағылез, байқампаз болып келеді. Сондықтан болар, детектив жазу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ойды ойната отырып, ұлттық болмысты қамтып, көркем кеңістікті тілдік астармен әдіптеуде суреткердің шеберлігін байқадық. Қазақ халқының ұғымына, ойлау, сөйлеу ерекшелігіне лайық, қонымды түрде аударылған шығармалары оқырман үшін сұранысқа ие болары сөзсіз.
Жазушының кітабына пікір білдірушілер аз болмады. Алғаш еңбек жолын бастағанда ұстаздық еткен студенттері де тұсаукесер барысында тұщымды ойларын жеткізді. Жас оқырмандар қаламгерге сұрақтарын қойып толымды жауап алды. С.Жанысбай көп жылғы баспасөз саласында жүріп өткен өмір жолын баяндап, қызықты естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Арқаның ән қалықтаған аспанында қанаттанып, исі қазақты әсем әнімен әлдилеген дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлдері Дәуренбек Әркенов пен Құрмаш Ыбышов әннен шашу шашты. Расымен де, көрерменнің көркем әдебиетке көңілі тояттап, рухани байып қайтты.
Айта кетейік, «Тұзақ» кітабына детектив жанры бойынша бірнеше аудармалар, жолжазбалар, баспасөз беттерінде жарық көрген очерктері топтастырылған. С.Жанысбайдың бұл алғашқы кітабы емес.Тұңғыш қолына қалам алып, өлең жазуды мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен бастаған жазушының көркем аудармалары, повесть, әңгімелері кітап болып басылған. Атап айтқанда, «Құрыш қолтаңба», «Адамша кел», «Сарыарқаның самалы», «Ауылымды аңсадым» атты кітаптары және эстон жазушысы Эллен Нийттің «Пилле-Рийн» атты балаларға арналған кітапшасын аударған. Сонымен қатар, асабаларға арналған «Ақ босаға» атты кітапшасы жарық көрген. Бұдан бөлек, мақалалары мен көркем очерктері, новеллалары үзбей жарияланып келеді.
Нұрдос КӘРІМ