Бас тақырып

Сұңқардайын самғағандар

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев БАҚ қызметкерлерімен және журналистика ардагерлерімен кездесті. Жыл сайынғы «Алтын Сұңқар» байқауының нәтижелері шығарылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Қарағанды облысы әкімінің БАҚ өкілдеріне берілетін «Алтын Сұңқар» сыйлығы 2006 жылы бекітіліп, жыл сайын саланың үздіктерін анықтап келеді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сонымен бірге, «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Новое телевидение» арнасының директоры Руслан Никонович, «Еңбек ардагері» медалімен «SARYARQA» телеарнасының ардагері Рахима Ысқақова марапатталды.

Биылғы жылы «Алтын Сұңқар» байқауына түскен өтінімдердің жалпы саны – 128. Он бір номинация бойынша жеңімпаздар өңірдің журналистік қоғамдастығының дауыс беру нәтижелері және комиссияның шешімі бойынша екі кезеңде анықталды.

Барлығы «Алтын Сұңқар» сыйлығымен 11 номинация бойынша 11 журналист және 1 жеңімпаз облыс әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды.

– Сіздер өңірдегі проблемаларды бірінші болып байқап, не болып жатқанын көрсетіп келесіздер. Кез келген ауа райында, ыстықта және суықта жедел жолға шығып, жаңалықтарды жариялайсыздар. Кәсіби диалог арқылы бір-бірімізге деген сенім нығаюда. БАҚ арқылы тұрғындарға атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты дәл және нақты жеткізіп келесіздер, – деді облыс әкімі журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтап.

Сонымен, 2025 жылғы Қарағанды облысы әкімінің «Алтын Сұңқар» сыйлығына төмендегі әріптестеріміз лайық деп танылды.

«Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясы «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі қарамағындағы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің аға дизайнері, іргелі ұжымда ширек ғасырға жуық талмай еңбек етіп келе жатқан әріптесіміз Шынар Адамбековаға бұйырды.

«Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» аталымы бойынша «SARYARQA» телеарнасы директорының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықановқа, «Объектив шебері» номинациясын «5 арна» телеарнасының операторы Дмитрий Оборок жеңіп алды.

«Ауыл тақырыбын үздік жариялағаны үшін» номинациясы бойынша Осакаров аудандық «Sarybel.kz» газетінің бас редакторы Гүлбаршын Аманбаева, ал, «Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялау» аталымында Теміртау қалалық «Вечерняя газета» басылымының журналисі Светлана Лебедова марапатталды.

«Өндіріс тақырыбын үздік жариялау» номинациясында облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Кирилл Васильев үздік деп танылса, «Алғашқы жетістіктері үшін» номинациясында «Tengrinews.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі Айым Амрина жеңімпаз атанды.

«Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» номинациясы бойынша облыстық «Kazinform.kz» халықаралық ақпараттық агенттігінің меншікті тілшісі Айзада Агильбаева, «Мәнер және атқарымдылығы үшін» номинациясында «Saryarqa Аqparat» медиахолдингі қарамағындағы «Life09.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Аяжан Мақан жеңіске жетті. «Әлеуметтік желілердегі өзекті мәселелерді үздік жариялағаны үшін» аталымында «5 news.kz», «Караганда-ретро» парақшаларының әкімшісі Рушан Бараев марапатталды.

Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында «Сарыарқа – достық аймағы» аталымы тағайындалды. Бұл аталым этножурналистиканың дамуына, этносаралық достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Бірінші Қарағанды» телеарнасының дикторы және тележүргізушісі Гүлнұр Жәкенге табысталды.

Облыс әкімінің «Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығына Балқаш қалалық «Северное Прибалхашье» газеті ие болды.

– Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтаймын! Еңбегіміздің еленгеніне қуаныштымыз. Журналистің жұмысы қиын. Тәуліктің кез келген уақытында жұмыс істеуге тура келеді. Мерекелік көңіл күй сыйлағандарыңызға рахмет. Үгіт-насихат, жылнаманы жүргізуде біздің еңбек маңызды. Бір ғана мысал келтірейін, 1997 жылы газет жарты жыл шықпай қалған шақтағы қаланың жылнамасы жоқ, себебі жазылмады. Газеттерді өткеннің қалдығы дейтіндерге осыны мысал еткім келеді. Газет керек. Газеттердің тынысы осындай журналистер болған кезде тоқтамайды. Қазір ұрпақтар сабақтастығы жоғары. Біздің шағын ғана редакцияда әлеуметтік желілер іске қосылған. Жастар бізді үйретеді, біз де өз тәжірибемізбен бөлісеміз. Бірлесіп солай еңбек етеміз. Адал оқырман мен көрермен көп болсын, – деді Балқаш қалалық «Северное Прибалхашье» газетінің бас редакторы Береке Шалова.

Сонымен қатар, бірқатар журналистерге «Ақпарат саласының үздігі», Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button