Басты тақырыпЖаңалықтар

ҚҰС ҚАНАТЫНДАЙ ҚОС ГАЗЕТ

   Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ 85 жылдық тарихы бар облыстық қос басылым – «Орталық Қазақстан» мен «Индустриальная Караганда» газеттерінің ұжымдарын қабылдады. Кезінде СССР бойынша аптасына алты рет шыққан үш-ақ басылым болса, екеуі – осы тек қана газеттер еді…

    Газеттердің өткені мен бүгінін жан-жақты сөз еткен облыс басшысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен, облыстың 80 жылдығымен газет мерейтойының қатар келгендігін жақсылыққа балады. Арқаның үні мен айнасы, өңір тарихының тамыршысы болған байырғы басылымдарға ақ жол тіледі.

     – Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, бұқаралық ақпарат құралдары – қуатты күш. Барлығы да ел мүддесі үшін, азаматтардың патриоттық сезімін күшейту үшін еңбек етуі тиіс.

      Қос газет те өндірісті өлкенің шежірелі тарихымен бірге жасап келеді. Өңірдегі өркенді істер, өзекті мәселелер басылым беттерінен шынайы көрініс табуда. Жазу мен оқырман – егіз.

      Қоғам және мемлекет қайраткерлерін, ақын-жазушыларды, білікті редакторларды түлеткен қара шаңырақтардың қазіргі қадамын жоғары бағалаймыз, – деді аймақ басшысы.

     Нұрмұхамбет Қанапияұлы әріптестерімізбен ашық әңгіме өрбітті. Сөз тізгінін алған басшымыз, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Мағауия Сембаев біздің газеттің абыройы әуелден асқақ екенін алға тартты. Мәселен, «Орталықтың» бұрынғы редакторы Рамазан Сағымбековті ЦК-ның Бірінші хатшысы Дінмұхамет Қонаев редактор қызметіне тағайындаған.

     – Біз – биліктің қолбаласы емеспіз, қолқанатымыз! Мен баспасөз саласында 40 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келемін. Аймақ басшысының бүгінгі қабылдауы «Орталықтың» ұжымы үшін соңғы бірнеше жылдағы ерекше құрмет болды, – деді Мағауия Сланбекұлы.

     Облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің Бас редакторы Владимир Рыжков та осы мазмұндағы әңгімені қуаттады. Өзі басшылық ететін басылым қашанда шындықтың жақтаушысы екендігін жеткізді.

     Бұдан соң елдің, өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген қос газеттің бірнеше қызметкеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

       Еңбегі еленген әріптестеріміз қатарында Төрехан Майбас, Марал Әйнекова, Амандық Рахұлы, Оралбек Жүнісұлы, Ерғазы Төлеу, Назгүл Құсайынова, Ботакөз Ахмадиева, Қызғалдақ Айтжанова, Динара Медеубаева және Жазира Ахметова бар.

        Сондай-ақ, облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков екі басылым ұжымының әрқайсысына 5 миллион теңгенің сертификаттарын ұсынды. Бастысы, оқырманның ыстық ықыласы ғой!

       Иә, қос газет – «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» – облысымыздың һәм құстың қос қанатындай болса керек.

Нұрдос КӘРІМ

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button