Бас тақырып

Құс қанатындай егіз үндестік

Қала – сәулетші қиялының макеті, суретші мен мүсіншінің көрмесі іспеттес. Шаһардағы әр мүсін, әр мурал бір алып картинаның штрихтары секілді. Соларға сүйсінген көздер, толқыған жүректер әрқайсына жан бітіреді. Туындылар тіл қатады. 90 жыл бойы қаншама тағдырды құшағында аялаған Қарағандының ажарына ажар қосқан сондай талант иесінің бірі – Мұрат Қалқабаев. Қаладағы К.Станиславский атындағы драма театрдың алдында тұрған «Қобыз» мүсінінің, қаза болған кеншілерге арналған ескерткіштің авторы. Екеуі де Қарағандының бойтұмарына айналған.

Сурет: encyclopedia.kz сайтынан

Мұрат Қалқабаев – кескіндемеші, мүсінші, сәндік және қолданбалы өнер суретшісі. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының Қарағанды облыстық ұйымының Басқарма төрағасы, Суретшілер академиясының академигі. 1948 жылы Шымкенттің іргесіндегі Леңгір ауданында өмірге келген. Шығармашылық ғұмырында өнер әлемінде өзіндік өрнек салған дегдар дарын.

Қарағанды бойтұмарларының біріне айналған «Қобыз» мүсінінің өзі Мұрат Қалқабаевтың қандай деңгейдегі мүсінші екенін жеткізіп тұрғандай. Сол мүсінге қарап тұрсаңыз, мың жылдықтарға сапарлайсыз. Сапарда әуен арқылы тылсыммен тілдескен жүрегі ояу сәулелі жұртпен жүздесесіз. Әулиетаудың басында «қобызбен» күй кешесіз. Жан-жағын жау қаумалаған батыр халықтың зарын, даналығын қобыздың үнінен естисіз. «Қобыз» – жаһанданудың көшіне ілескен қазақ халқының өткенінен осылайша сыр шертеді. «Қобыз» – адамзатқа өркениет таратқан байтақ даланың үні, Қорқыттың сөзі, рух жаңғырған кеудесі.

«Қобыз» мүсіні 2003 жылы қоладан жасалған. Мүсін орнатылған сұр тас Арқа даласындағы шатқалдардан алынған петроглифтермен көркемделген. Бір ғана мүсінге қазақтың бүкіл тарихы сыйып кеткендей. Мұрат Қалқабаев бұл туындыны В.Троценкомен бірге жасаған екен.

К.Станиславский атындағы драма театрға келгендердің барлығы дерлік осы «Қобыз» мүсінімен суретке түспей кетпейді. «Қобыз» мүсіні К.Станиславский атындағы драма театрдың алдында жеке дара ғұмыр кешуде.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ал, Қарағандының орталық саябағындағы қаза тапқан кеншілерге арналған ескерткіш 2006 жылы қойылды. Бұл туындыны жасау үшін сәулетшілер мен суретшілердің, мүсіншілердің тобы жұмыс істеген екен. Бірақ, негізгі идея Мұрат Қалқабаевқа тиесілі. Қола моналитінен жасалған мүсінге назар аударсаңыз, тізесіне кенші каскасын киген баланы отырғызған әйелді көресіз. Әкеге еліктеген, соны үлгі тұтқан жас өмір. Екеуінің жүзінен қайғыны аңдайсыз. Тастан қатты қола монолиттен жер астынан шықпаған аяулы жарға, асқар тау әкеге деген ыстық сағыныш еседі. Қаралы отырыс. Мүсіншінің қолымен жазылған жоқтау жыры. Көзбен ғана емес, кеудеңіздегі жүрекпен қарасаңыз, баланың көзінен жарқын болашаққа деген үміт қылаң береді. Сол жағында қара жердің құшағына сүңгіген кеншінің бет-әлпетін ғана көресіз. Өмірге деген қимастық.

Әр өнер туындысы – жеке бір ғұмыр. Қиялда жаратылып, мына жарық жалғанға ішкі талғамнан, тікенек ойлардан сытылып шыққан туынды жеке өмір бастайды. 90 жыл ғұмыр кешкен аяулы Қарағандымен біре Мұрат Қалқабаевтың да көркем әлемі жасап келеді.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button