14 наурыз – Көрісу күні
Ғасырлар ғажайыбы деп бағамдарлық жыл құрғатпай андағайлап келетін бір күні – 14 наурыз Көрісу күні де бүгін қақпамызды қақты. Нышаны – нәшті де нақышты. Бағзыдан бермен қарай құс қанатының сусылымен жеткен әуез Наурыз мейрамының басы дегенге саяды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алға тартқан наурызнама онкүндігінің сүйіншілі сыралғысы.

– Амал келгенде амандық білісу – көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз. Қыстан шығып, шуақты көктемге аман жеткен ағайын осы күні бір-бірімен көріседі. Жастар үлкендерге сәлем беріп, қариялардың батасын алады. Халқымыз ежелден осындай ғұрыптар арқылы бауырмалдық пен жанашырлықты, татулық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген. Мұның бәрі қазіргі Қазақстанның «Адал азамат» тұжырымдамасымен толық үндеседі. Бүгінде Наурыз мейрамы алдындағы көрісу ғұрпы қайта жаңғырып, жалпыұлттық сипат ала бастады. Осы бірегей дәстүріміз еліміздің ырысты ынтымағы мен берекелі бірлігін нығайта түседі деп сенемін, – деген Президент сөзі санамызға мөрдей қатталды.
Әлбетте, қыр халқының осынау мүбәрәк күннен алатын еншісі мол. Мұның сырлы себебі, ертемен тұрған ауыл халқының үлкендерге арнайы барып сәлемдесуі. Көрші-көлем қауқылдасып, «Жасыңа жас қосылсын, басыңа бас қосылсын!» деп риясыз ризалық айтысатын кез. Арада арагідік тұнып қалған араздық болса, албарынан әрі асырып, ізгі ниеттің ізашарын паш етерлік шапағатты шақ. Иә, қыс қатал қамытынан сәл де болсын босаңсып, келер күнінен үмітін еш үзбеген әр қазақ үшін мереке басының тәтті де, дәтті бастауы кім-кімді болсын бейжай қалдырмасы анық-ты.
Кешегі керез кеңестік күндер ұмыттырғысы келген ата-салтымыз салтанат тағына қайта қонды. Жанданған жаңа күніміз енді ешқашан ұмытылмаса екен дейміз. Өйткені, сартап болған алты ай қыстан мал-жанын есендікпен алып шыққан дала перзенті былайғы сағынысқан елмен құшағын айқастыра қауышу сәтінің өзі бір ғанибет! Біз бен сізді өлтірмейтін де осы сырлы сағыныш сезімі болса керек.
Амал келді. Көктемнің алғашқы демі жетті. Дала тынысы кеңіп, көңілдің көгіне бір жылы шуақ қонғандай. Кеше ғана боран борап тұрғандай еді, бүгін сол боранның орнын адам жүрегіндегі жылылық басты.
Құшағыңды айқара ашқанда біз тек адамды емес, болашақты да қарсы алатындаймыз. Үйіңізге балалар келсе, қол қусырып тұрмасыңыз анық. Тәуір киімімізді киіп дастарханды жайнатып «Үйімізге періште» келді деп маңдайынан өбеміз. Мейірім төгеміз. Іле шала ізін алған аға-жеңгелер, туған-туыс төбе көрсетсе, тіптен марқаямыз-ау. Солардың соңын ала ақсақалды аталар мен ақ кимешекті аналар төбе көрсеткенде, еңселеніп қалатынымызды сезбей де қалып жатамыз, асылында.
Амал келді, жыл келді. Осы бір шуақты күннің соңынан әз-Наурыздың күндері тәсбінің тасындай тізбектеле жоғары өрлейді. Халқымыз ошағының отын сөндірмей, ат ағашты айнала жүріп, туған жерінде жүзін де, жүрегін де жылытар сыйқырлы шақта кемел келешегіне ат айылын бекітіп, атан түйенің бұрауын басар. Қыз үкісіндей күлтеленген күдігін желге ұшырар. Өкініші болса, опынысы болса, өткен күніне тастар. Еншімізге 365 жарық күнін бәсіре ете келген Амал күні ортамызға олжа салды. Бейбітшілік пен береке бірліктің белгісін бедерледі. Ар мен ожданның арашашысы болып келді. Жеті жаһан жақсылығын қайыра паш етті. Сұлулықтың сырын, жылулықтың жырын маздатты. Ақ қар, көк мұзды жібітті. Даңғайыр дәуреннің дәм-тұзын алдымызға тартты. Бақытқа бастады! «Бар қазақ сыйса деп аштым айқара, құшағым менің, ерлігін жердің қайтала» деген жыр қағаны Жұматайдың осы жолдары келеді еске!
Амал күні, әз-Наурыз мейрамының бастауы құтты болсын, Алаш елі!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



