Жаңалықтар

Құсқанат

     Қарағанды облысы – Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1932 жылғы 10 наурызда құрылған. Жер аумағы 428 мың шаршы шақырым. Тұрғыны 1,35 миллион адам, орташа тығыздығы 1 шаршы шақырымға 3,1 адамнан келеді (2009). Теріскейінде Ақмола, Павлодар, шығысында Шығыс Қазақстан, түстігінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, батысында Ақтөбе, Қостанай облыстарымен шектеседі. Облыс 9 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік аудандарға бөлінеді. 11 қала, 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округі бар. Әкімшілік орталығы – Қарағанды қаласы.

   Облыс тарихы 1932 жылдан бастау алады. Сол жылы орталығы Петропавл болып белгіленген Қарағанды облысы құрылды. Арада төрт жыл өткенде ол екіге бөлінді. Біреуі Солтүстік Қазақстан аталып, екіншісі Қарағанды қаласы және 14 аудан қараған жаңа аймаққа айналды. 1939 жылы құрамынан Ақмола облысы бөлініп шығып, әкімшілік-аумақтық құрылымы жүйелене түседі. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен Қарағанды облысының шекаралары өзгертіліп, оған оңтайландырылған Жезқазған облысының аумағы қосылды. 1997 жылғы 23 мамырдағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қарағанды облысының құрамына енетін ауылдық аудандардың шектері мен атаулары өзгертіледі.

    Қарағанды облысы Қазақстан Республикасының Көшбасшысы, Бірінші Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбек және саяси Отаны болып табылады.

   Шығыстағы Қарқаралы тауларының бөктерінен батыстағы Теңіз көлі мен Ұлытау тауларына дейін, теріскейдегі Ішім өзенінен оңтүстіктегі Бетпақдала шөліне дейінгі иен даланы бабаларымыз Сарыарқа деп ұлықтаған. Сол Сарыарқаның сайын далалы бір пұшпағын Арқа деп әспеттеген.

Арқа десек те, Сарыарқа десек те, есімізге Қарағанды оралады.

Сары түспен бабаларымыз алтынды ишаралаған. Олай болса Сарыарқамыз Алтынарқа деген сөз болады. Қарағанды қазіргі аймағымен тұтастай осы Алтынарқа өңірінде жатыр. Атауында тұрғандай Қарағанды аймақтық және өнеркәсіптік қуаты бойынша еліміздегі ең ірі облыс болып табылады.

Ұлытау жерінің ұлт үшін мән-маңызы ерекше. Ұлытау десек, ұлтымыздың өткені оралады. Ұлытау тарихы – ұлт тарихы. Оның тарихы терең қойнауға кетеді, ел басына күн туған шақтарда халқымызға пана болды, хандарымыз өз ордаларын тікті, билеріміз бен бектеріміз ауызбіршілікке шақырды.

Қарағанды облысы аймағында ертедегі Жібек жолдың теріскей тарауы болған дейді. Жағырапиялық орналасуына орай бұл аймақ сауданың тамыры болды, еліміз бен басқа елдердің экономикалық және мәдени қарым-қатынастарының керуенсарайы болды. Қарқаралы ауданының аумағында жыл сайын өткен Қоянды жәрмеңкесін еске түсірудің өзі жеткілікті. Мұнда әр жазда еліміздің түрлі аудандары жақын көршілер – Ресей мен Орта Азиямен ғана емес, Таяу Шығыс елдері мен Қытаймен де сауда жасасты. Сол қайнаған тіршілік бүгін де өзінің жалғасын табуда.

Қарағанды бұл – ірі индустриалды орталық. Өзінің экономикалық, мәдени, ғылыми әлеуеті, инфрақұрылымы бойынша облыс Қазақстанда бірінші орнында тұр. Бұл күндері ел экономикасында өзіндік орны бар, еліміздің экономикалық тірегі болып отырған бай өлке өзінің сексен жылдық мерейлі мерекесін атап өтіп жатыр.

Қарағандыны барша жұртшылық СССР-дің үшінші кочегаркасы деп білді.

Білгені білмегеніне жеткізді.

«Где, где? В Караганде!» деп.

Сол Қарағандыда кочегаркаға ескерткіш жоқ. Есесіне әлгі қанатты сөзге арнап ескерткіш тұрғызды.

Дегенмен, ауызды құрғақ қасықпен жырта беру жарамас.

Алғаш болып қара тастан жылу алған Апақ бабамыздың ескерткіші бар.

Бірақ, әлгі қара тасты табушы Апақ бабамыз емес, суыр емес пе? Ендеше, қаламыздағы түрлі ит-мысықтарға қойылған ескерткіштердің орнында суыр тұру керек еді-ау дейсің.

Басқа жер тойласын, тойламасын, бірақ қарағандылықтар осы суыр күнін тойласа керек еді. Ал, суыр күні – 2-ші ақпан.

Суырдың күнінде мүтіл Жаңа Құрлықтың адамы іштен тынады. Өйткені, суырдың әрекеттеріне қарай алдағы алты ай жаздың қандай болатындығы айқындалады. Жауынды-шашынды бола ма, жоқ әлде құрғақты бола ма?..

Бізге де осындай бір атаулы күн керек. Алдағы алты ай қыстың жайын болжайтын.

Қарағанды күні кешеге дейін мүтіл Одақты жылытып келді. Қара көмірімен.

Бүгін де жылытып жатыр. Қара алтынымен. Көршілес ТМД елдерін де жауратып қойған жоқ. Алыс жатқан елдердің де Қарағандыдан жылу алып жатқан жайы бар.

Жаһандану барынша ауыртпалық әкеліп жатыр. Соның салдарынан бар нәрсе сұйылып, құрдымға кетіп жатыр.

Соған Қарағандымыз шыдас беріп тұр.

Ондай құдіретті Ұлытауы мен Қарқаралысынан алып отыр.

Құс қанатымен ұшса керек. Қарағандымыздың қос қанаты осы – Ұлытауымыз бен Қарқаралымыз. Ұлытауымыз – ұлы тағ. Тағымыз – тау да шығар, бірақ қазақ баласы үшін – тақ. Қазақ хандарының барлығы да осы Ұлықтақтан қанаттанған!

Қазақтың соңғы ханы Кенесары бабамыздың табы қалған тақ…

Елбасымыз Қазақ баласының рухына тәу етіп келген тақ!

Қарқаралы да – тау!

Қарқаралы да – тақ!

Қарашасының тағы!

Бұл тақта күні кеше ғана Қарқаралысын айналған Мәди отырған.

Сол тақта отырған тағы бір қазақ баласы – Тоқтар Жеті қат көктен Қазағынан айналған!

Сарыарқамыз да – тау!

Сарыарқамыз да – тақ!

Алтын тақ!

Онда барша қазақ баласы отыр!

Бабаларымыз алты ай қыстан кейін күнесіген!

Арқаға келетін Құсқанатты асыға күткен.

Құсқанатымыз – жылымық! Құстың қанатымен келетін жылымық!

Сол жылымығымыз өзімізде!

Біздер жан жылуымызбен бөлісіп жатырмыз.

Біздер – Құсқанатымыз!

Біздер барда Қазақ даласы жаурай қоймас!

Қарағандысы бар да қазақ баласының желбегей жүргені де жарасымды…

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button