Адамның бірден күш-қайратын жанып, құрыштан құйғандай қылып қалыптастыратын мамандықтар болады. Болат қорытушы да тап осындай кәсіпке жатады. Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комбинатында да от-жалынның ішінде пісіп-қатып, металды балшықтай илеген азаматтар еңбек етеді. Солардың бірі – Ерғали Байдуллаев.

«Qarmet» акционерлік қоғамының конвертор цехында Ерлан Байдуллаевтың жұмыс істей бастағанына сегіз жыл болған екен. Ол мұндағы маңызды учаске болып саналатын өндірістің бел ортасында жүр. Мұның өзінен оның әулеттік дәстүр мен өз ісіне адалдығы байқалады.
Ерғали әуелде еңбек жолын мердігер ұйымда бастап, алғаш рет болат қорытудың мән-жайына қаныққан. Бұл мамандық оны салғаннан өзіне баурап, тартып әкетті. Өйткені, ол мұны қажырлы мінез бен қайрат көрсететін нағыз ерлердің ісі деп ұқты. Әрі жалақысының жоғарылығы да көңіліне қонды.
Қазірде Ерғали болат қорытудың барлық технологиялық үдерісіне бастан-аяқ қатысады. Конверторды металл сынықтарымен толтырып, қашан шойын алынғанша күлін шығарып, дайын қорытпа шығаруға дейін.
Оның жұмысы ерте басталады. Таңғы алтыда жұмыс басынан табылып, жиырма минуттан соң ауысым қабылдайды. Жабдықтарды тексереді. Одан сағат алтыдан 45 минут кеткенде ауысым жиналысында бұлардың тапсырмасы белгіленіп, тура жеті болғанда іске кіріседі.
Ұжымдағы ахуал Ерғалиға ұнайды. Бұл жерде төрт бригаданың барлығы да бір кісідей қимылдап, бір-біріне қолдау көрсетіп отырады. Бұл осындай қиын да жауапты жұмыста аса керек нәрсе.
Сонымен бірге, Ерғали білімін де жетілдіру үстінде. Ол таяуда Қарағанды индустриалдық университеті «Қара металдар технологиясы» факультетінің бірінші курсын аяқтады. Ол болашағын осы комбинатпен байланыстырған. Осы цехта оның әкесі Марат Ертаев пен ағасы Аман Байдуллаев та жұмыс істейді. Бәрі біріге келе, бүгінде болат қорытушылар әулетін құрап отыр.
Жұмыстан бос уақытын Ерғали отбасына арнайды. Жұбайы Альбина екеуі Думан, Айша, Мариям сияқты алтындай үш бала тәрбиелеп өсіруде. Ұлымен бірге спорт жаттығуларына барады.
Ерғали Байдуллаевтың еңбек жолы – металлургияны өмірлік кәсібі ретінде таңдап, болат қорыту да құрыштан құйғандай шыңдалған азаматтың жолы.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ТЕМІРТАУ