Жаңалықтар

Ел жадында «Ескене» аталған ауыл бартын…

Сурет марқұмның жеке мұрағатынан

Мен сол алып жандарды өз көзіммен көріп, орталарында отыр­дым ғой! Сексен жасты еңсеріп, тоқсанға аяқ басқан ардақты атамның қасында аласапыран дәуірдің небір дауылдарынан құламай аман шыққан сол бір қажырлы қарттарды өз көзіммен көрген мен қандай бақыттымын?! Сол таудай кісілердің ғибратты әңгімелерін тыңдағандықтан есейе келе өз ұлтымның кім екенін жан-жүрегіммен ұғынып, сана-түйсігіммен сезіндім.

Атақоныс Арқаның атырабын жайлаған дарқан елге ес болған қайран абыздар! «Олар көшпенді халқымның батырлық тарихындағы соңғы жауынгерлер секілді екен-ау», – деп ойға шомамын бүгінде.
Әлқисса, сол жайсаң қарттар бас қосатын жиын-тойда сый табақпен тартылған дәмнен Нұрлан ақсақал маған қойдың құлағын ұсынатын. Қиян-кескі ұрыстардан, апалаң-топалаң заманнан мүжілмей, бүгілмей өткен Жүніс қарттың алпыстан асқанда көрген жарығының жалғасы ғой деп ұсынатын шығар сол мәні зор асты. Сондықтан ба, сөйлеуге емес, тыңдауға бейілмін…
Құдіретті қарттардың ерлік дастаны, берік иманы, арман-аманаты із-түзсіз кетпеуі керек-ау. «Қилы-қилы заман болмай ма, суда жүзген шорағай қарағай басын шалмай ма?!» – деп отырушы еді жарықтық атам. Сол қилы заманның сырын ішіне бүгіп тоқсан бірінші жылдың сәуірінде бақиға аттанып кете барды тоқсаннан асқан шағында. Алла рақметіне бөлесін!

Мәжіліс

Арқаның төсіндегі жазиралы Жаңаарқа жерінде совет заманында «Ленин», ел жадында «Ескене» деп аталған берекелі ауыл бар-тын. Бүгінде ол ауыл «Талдыбұлақ» деп қайта аталды. Сол ауылда қазыналы қарттар көп болушы еді. Атбегі, аңшы Жүніс атам, жасында жауырыны жер иіскемеген балуан болған Ақыш молда, итжеккеннен аман келген Нақып шебер, жаужүрек жылқышы Сейтен ақсақал, Қажыбай балуан, ақ боз атты Нұрлан аталарым жадымның төрінен өшпестей орын алған.

Сексенінші жылдардың орта шені. Берекесі жарасқан ауылдың әр шаңырағында үлкендерді қадірлеп, дәстүрді дәріптеп дастарқан жайылатын. Асулы қазан, сапырулы қымыздың жұпарымен қатар телегей-теңіз қиссаның тиегі ағытылады. Сол жиындардағы әңгіме-дүкен, бала болсам да, еміс-еміс есімде қалыпты. Қария­лардың бір-біріне деген ықылас-құрметі қандай ғажап еді! Бірінің сөзін бірі күтіп, даурықпай сөйлейтін. Ұсақ әңгіме, қисық-қыңыр сөз айтылмаушы еді ол жиындарда. Бір-бірімен қарайлас, замандас жандар менің атамды «әке» деп атайтын. Не деген құрмет, не деген жарасым! Жақсының қадіріне жеткен қайран асылдар!

Ауыл-үйдің ұсақ-түйек әңгімесі емес, бастарынан кешірген кезеңдер жайында толғап, ат үстінде өткен өжет өмірлері хақында сыр шертуші еді.
Бір-бірін мұқату, келемеждеп кемсіту деген болмайтын. Кейін есейе келе бажайласам, шариғатта бұл момын мұсылманның, жан туралы ілімде кемел адамның кескіні екен.
Жандарың жәннатта болғай, алыптарым!

Сәттібай Жүнісов

Басқа материалдар

Back to top button