Құрыш құйып, болат балқытқандар
Адам баласы металл өндірумен мыңдаған жылдар бойы айналысып келеді. Қазақстандық өнеркәсіптің жетекші саласының бірі – металлургия. Қазақстанда металлург күні Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылдың 15 қарашадағы Жарлығы бойынша шілденің үшінші жексенбісі ретінде бекіді. «Металлургтер өз кәсіпорны мен елінің болашағына оптимистік көзқараспен қарайды», – деп бағамдайды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Металлургия – (грек сөзінен аударғанда – «металл өңдеймін») ғылымның, техниканың, өнеркәсіптің кеннен немесе басқа да материалдардан металл алу үдерістерін, сондай-ақ, металл қорытпаларға олардың химиялық құрамы мен құрылымын өзгерту арқылы қажетті қасиеттер беруін қамтитын әртарапты саласы.
Индустриялық даму комитеті заманауи металлургия мыс, мырыш, қалайы, қорғасын кен орындарында қарқынды даму үстінде екендігін мәлімдейді. Осы арқылы Қазақстан әлемдегі ең қат әрі қымбат металл – осмийдің жалғыз экспорттаушысына айналды. Күміс, алтын өндіру елдің алтын-валюта қорларының басты көздерінің бірі.
Қарағанды – Қазақстан металлургиясының мәйегі. Бұған Шығыс Қазақстан мен Павлодарды қоссаңыз, металлургиялық кәсіпорындардың 68%-ы шоғырланған. Әр жыл сайын металлургия өнімін өндіру көлемі кемінде 5-6 млрд. теңгені шамалайды. Кейінгі бес жылда тау-кен металлургиясы өндірісінің көлемі екі есеге жуықтады. Қара және түсті металлургия мұнайдан кейінгі бюджет түсімдері бойынша екінші орында. Сарыарқаның сайын даласында пайдалы қазбалардың бай көмбесі мен энергетикалық ресурсы менмұндалайды. Кәсіпорындар легі шойын, болат, қара металл илемдері, сондай-ақ, өзге де бұйымдарды өндірумен айналысады. Кәсіпорындар өнімдері әлемнің Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ, Болгария сынды елдеріне экспортталады.
Металлургияның болашағы бұлтсыз да емес. Өнімді шетелге жеткізуді одан әрі арттыру үшін отандық және шетелдік өндірушілердің бәсекелестік таразысын теңестіру мақсатында бұл секторды жаңғырту, оған қоса пайдалы қазбалардың жаңа кен орындарын игеру қажет.
Қазақстанның географиялық орналасуы да «тәңірінің өзі берген күніндей» жайлы. Республика темір, уран кендерін, алтын және басқа да металдарды өндіру бойынша көшбасшы елдердің қатарына кіреді. Қазақстанда металлургия өркендеп, көптеген мемлекеттік және шетелдік инвесторларды тартатыны таңғаларлық емес.
Қазақстанмен қатар, бұл мерекені Армения, Беларусь, Украина және Ресей атап өтеді.
Банк пен сауда, полиция және әскер, денсаулық сақтау һәм білім беру, мәдениет әрі дипломатияның маңызын мадақтағанымызбен, бұл саланың металл өндірісінсіз мәнсіз масыл күйге түсері айдан анық. Бұл – қай қоғамның да қарышты дамуының өзегі. Қазақстанда Металлург күні осындай ерекше мәнге ие болуы әсте ғажап емес. Отандық өнеркәсіп өнімінің 12%-ы дәл осы салаға тиесілі. Металлург күні Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар өзге кенді облыстардың қалалары мен кенттеріндегі бас кәсіби мерекесі.
Бұл күні мереке салтанаты металлургиялық, яки, тау-кен байыту өндірісі бар жерлерде ерек сезіледі. Бұл мерекені еліміздің 400-ге жуық ірі және шағын металлургиялық кәсіпорындарының көптеген еңбек ұжымдары атап өтеді. Кәсіпорын ұжымдары дәстүрлі түрде орталық көшеде атойлаған шерумен өтеді. Мәдени, спорттық іс-шаралар, көркемөнерпаздар мен танымал өнер ұжымдарының концерттері, ресми рәсімдер металлургтің айбарын асқақтатады. Кіл үздіктер алғыс арқалап, төсіне төсбелгі тағады.
Соңғы жылдар мұғдарында ресми билік тарабы металлургтер құрметіне бой көтерген түрлі ескерткіштер мен нысандарға қамқорлық етуге мән беруде.
Жердің кенін елдің ырысына айналдыратын «алхимиктер» қауымының төл мерекесі құтты болсын дейміз!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz