Теміртау дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты
Шойыннан шоқ бүркіп, болаттан от кілкіп, аспан астындағы алып құрыш қала биыл мерейтойын атап өтіп, мейманасы тасымақ. Отан өнеркәсібінің жүрегіндей болған Теміртау тағы бір тарихи белестің табалдырығында тұр! Ерен-ғайып еңбектің, темірдей төзімнің, өрісті өркендеудің, таңғажайып тарихтың, ұрпақтар сабақтастығының салтанатындай асқақ күн есік қаққалы тұр. Қазақстан металлургиясының талбесігі, егемен елдің индустриялық серпінінің символы – Теміртау мәртебелі мерейтойына дайын.

…Теміртау өзінің өткен өнегелі өмірін мақтан тұтып, болашағына батыл қадам басып келеді. Аңыз шаһар мерекесі Тәуелсіз республикамыздың еңбек дастанын, мәдени байлығын, асқаралы азаматтық өрісін паш етпек.
1945 жыл еді. Сұрапыл соғыстан енді ғана ес жиған халық үшін бейбіт өмір басталып жатқан-ды. Самарқандтың елеусіздеу шағын ауылының орнында үлкен арманның алғашқы қазығы қағылды. Теміртаудың іргетасы қаланды. Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен келген мыңдаған маман тым шалғайдағы Орал мен Сібірден, Украина мен Кавказдан, Алтай мен Мәскеуден жеткен жастар-тұғын. Дәп осы жерде ортақ үй, ортақ тағдыр, ортақ мақсат жолында бас қосты бұлар. Олар үй мен мектеп, клуб пен жол салып қана қойған жоқ. Олар болашаққа сенім дәнін екті. Сол бір күндері көтерілген алғашқы домна мен мартен пештерінің алауы құрыштай берік адамдардың жүрегіндегі жігерді де шыңдады. Сөйтіп, алғашқы қазақ шойыны балқытылған сәттен бастап, Теміртау кенті бара-бара нақышты нышанға айналды. Құдды маңдай терімен жазылған еңбек дастаны іспетті…
***
Бүгінгі Теміртау дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жолдарды ауқымды жөндеу, көшелерді абаттандыру және жаңа демалыс аймақтарын құру мерекелік атмосфераның бір бөлігіне айналғандай. Әлбетте, құрыш қала мерейтойына әртараптан тыңғылықты даярланған. Мәселен, мұндағы жолдар мен инженерлік желілерді ауқымды жөндеу әрі баршаға мәшһүр Металлургтер даңғылын абаттандыру жүргізілді. Даңғайыр даңғыл жарты ғасырдан астам уақыт бойы гүлзар бөлігін салғаннан бері күрделі жөнделмегенін жергілікті билік тарабы ескерген. Кезең-кезеңімен жол жөнделіп, төсеніштер ауыстырылып, сәкілер, жаңа жарықтандыру тіректері, шағын архитектуралық формалар орнатылу үстінде. Тұрғындар да назардан тыс қалмады: «Халыққа қатысу бюджеті» бағдарламасы бойынша 13 бастама іске асырылды. Мұнда веложолдар, балалар және спорт алаңдары пайда болмақ. Жүргінші бөлігінде аяқжолды негізді қайта сиклирлеу, содан кейін асфальттың екі қабатын төсеу қолданылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Арғынғазы Қуанышев жол жұмыстары тағы бірнеше учаскеде қатар жүріп жатқанын айтты. Абай көшесінде (Теміртау көшесінен Сарыарқа көшесіне дейін), Бейбітшілік даңғылында (Қаршоссе басынан Бауыржан Момышұлы көшесіне дейін) және Құрылысшылар даңғылында (Ушинский көшесінен Мичурин көшесіне дейін). Жүйелі жұмыс Шоқан Уәлиханов көшесінен Металлургтер даңғылына дейінгі учаскеде жалғасты. Ауданы – 93 мың шаршы метр. Өткен жылы бірінші кезең аяқталған еді. Бір қабат асфальт төселді. Ендігіде екінші қабатты төсеу көзделді. Алдымен барлық учаскелерде асфальт төсеуді бастамас бұрын жылу желілері жаңартылмақ. Сондай-ақ, биыл 150 жаңа орамішілік жарықтандыру тіректерін орнату жоспарлануда.
Өткен жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде Теміртауда бір кешенді жоба іске асырылған-тын. Тұрғындар №12а мекенжайындағы үйдің маңындағы алаңды абаттандыруды ұсыныс еткен. Мұнда автотұрақ кеңейтіліп, жарықтандыру, асфальт жабыны жаңартылды, воркаут-аймақ пен ойын алаңы қоса жабдықталды. Маруа Қармысбаева осы алаңның жанында тұрады. Күн сайын мұнда немерелерімен серуендеуге шығады ол.
– Мұндай ойын алаңын жасағаны көңілге қуаныш ұялатады. Қалада мұндай орындар саны көп болса игі, – дейді Теміртау тұрғыны.
Жалпы алғанда осы бағытта бұқара халық бастамасымен бірден 13 жоба іске асырылмақ.
***
Сеңгірлі 80 жылдық мерейтой 28 қыркүйектен бастау алмақшы. «Бірлік» алаңы балалық шақтың ертегідегі еліне айналады. Сайқымазақ бейнелер, адам бойындай «тірі» қуыршақтар мен аниматорлар жасөрім балалардың көңілін көтереді. Ал, сәнді сахнада жеткіншектердің вокалдық және би ұжымдары өнер көрсетеді. Спорттық жарыстар гүлдестелі қала алаңын ақжарқын күлкі мен қошеметті көңіл күйге бастаса, қанық түстерге толы ойын аренасы көрер көздің жауын алады. Біршама уақыттан кейін мереке эстафетасын жастар жағы қолға алады. Атаулы алаңда «Жастар бірге» бағдарламасы бастала отырып, онда «Болашақ кәсібі» атты техникалық колледждерінің көрме-беташары өтеді. Би батлдары мен диджейлік сеттер алма-кезектеседі. Жауқазындай жас кәсіпкерлер өз жобалары мен өнімдерін ұсынады.
Осы уақытта Металлургтер монументінің жанындағы «Астана» алаңында әскери, өрт сөндіру, полиция техникасы мен жедел жәрдем көліктерін, сондай-ақ, арнайы техниканың жұмысы мен тынысын көрсететін «Қауіпсіз елдің тірегі» дейтін арнаулы қызмет техникасының көрмесін тамашалауға болады. Сәске түс қайта тарихи-өлкетану мұражайының экспозициясы ашылып, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері таптырмас туындыларын паш етеді. «Теміртау: кеше және бүгін» деп аталатын фотожобасы қаланың ондаған жылдар бұрын қандай болғанын, оның бүгінгі күні қалай өзгергенін теңгеріп-салыстыруға мүлтіксіз мүмкіндік ұсынбақ. Әлқисса, мәртебелі мерейтойдың шарықтау шегі «Бірлік» алаңындағы кешкі бай бағдарлама болмақ. Мұнда «Туған жерге тағзым» атты ауқымды концерт бастау алады. Бір сахнада қаланың шығармашылық ұжымдары, кәсіби әртістер, сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Алматыдан арнайы келетін Vivat шоу-балеті тұрғындарға жарқын би қойылымын тарту етеді. «Туған жерге тағзым» атты орасан зор гала-концерті барысында сахнаға Теміртаудың дарынды тумалары – Жәмила Баспақова, Роман Ким, Андрей Сергеев, Тимур Омаров, Қайрат Баекенов және республиканың өзге де танымал жұлдыздары шығады. Мереке соңы металлургтер шаһарының түнгі аспанын сәт-сәтімен жап-жарық етер алуан түсті отшашумен тәмамдалмақ.
Қала күніне орай айтулы суретші Қуат Асқаровтың көрмесі де даярланды. Теміртау тарихи-өлкетану мұражайындағы экспозицияға қойылған 145 таңғажайып туындыда қала көшелері мен аулалары жылдың әр мезгілінде бейнеленген.
– Бұл жобаға шамамен екі жыл уақыт кетті. Өткен жылы қала күні қарсаңында Қуат Асқаров мұражайға келіп, мереке қарсаңында бейнеролик жасау үшін 40-қа жуық картинасын ұсынды. Біз болсақ, биылғы жылдың мерейтойлық жыл болатынын жете ескеріп, жеке көрме өткізуді ұсындық. Осылайша Қуат мырза да жыл бойы еңбектеніп, туған қаламыздың көріністерін бейнелейтін картиналарды сызып, көрнекті көрмеге тастүйін дайындалды, – деді Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері Светлана Трещёва.
Суретшінің өзі Теміртаудың тумасы. 2008 жылы ол Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі атанды. 2014 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Жылдың үздік суретшісі» номинациясы бойынша сыйлығына ие болса, 2015 жылы Ә.Қастеев атындағы «Үздік шығарма үшін» алтын медальмен марапатталды. Суретші еңбектері Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында бірнеше рет қойылған. Көрме 8 қазанға дейін жалғасады. Келушілерге билет – тегін.
***
Иә, Теміртау – текті тарихтың темір тағаны, болашақтың болат білегі. Уақыттың өзегінен сомдалып, шыңдалған Теміртау – құрыш ғасырдың көркем кітабы. Қайсар ұлттың өн бойынан өрілген өрелі өмірбаян. Алты Алаштың арманынан жаралған алып арена. Адамның адал маңдай терінен туған ғажайып шаһар! Металлургтер мінберінен естілер болашақтың үні бүгіннен бастау алады. Жаңарған көше, жарқыраған алаң, сәбидің шат күлкісі, ананың алғысы, жастың арман жолы осы қаладан бастау алады.
80 жылдық салтанатта әр теміртаулық металлург өз өзіне мықтап серт беретіндей. Көкжал рухтың мәңгілік эпосын жаза түсуге. Ей, кемел келешек! Күндердің күнінде мына мерейтой жылнамасын ақтарып отырсаң, Теміртаудың 80 жылдық рухы сенің жүрегіңді жылытсын, жаныңды жанысын, қайрасын! Сондықтан… Шойын шыңдап, үмітін үкілеген осы қалаға тағзым ет! Теміртау өргек халықтың темір жебесі! Біз осындай тамырлы тарихты жаза білдік. Сен жалғастыр!..
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»