Құрыш қалада жағдай тұрақты
Теміртау – карантин режимі енгізілген қалалардың сапында. Сауда орталықтарының жұмысы толық тоқтатылды. Қазір, тек, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана ашық. Оларға санитарлық талапты қатаң сақтау тапсырылған. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, халық бірінші кезекте тұтынатын тауарлар тапшылығы болмайды.
Құрыш қаланың азық-түлік қоры жеткілікті мөлшерде. Баға тұрақты деуге толық негіз бар. Рас, кей өнімдердің құны біршама өскен. Бірақ, тұрғындардың қалтасына салмақ саларлықтай деңгейде емес. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұған доллар бағамының жоғарылауы ықпал еткен екен. Дей тұрғанмен, бағаның шектен тыс шарықтап кетуіне жол берілмейді. Қалалық әкімдіктің қызметкерлері дүкендердегі азық-түлік қоры мен бағаның жайын күн сайын бақылауда ұстап отыр.
– Қазір бізде қант тапшылығы ғана сезілуде. Біз облыстық кәсіпкерлік басқармасына хат жаздық. Жақын күндері бұл тауар түрі қалаға келеді деген ойдамыз. Әзірге қант, тек, бірнеше ірі дүкендерде ғана сатылуда. Азық-түлік өнімдеріне сұраныс алғашқы кездегідей емес, айтарлықтай азайды. Дүрбелең жоқ. Бұл түсіндіру жұмыстарының тиімді нәтиже бергенін көрсетеді, – дейді қалалық әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гәкку Ысқақова.
Қаладағы дүкендердің барлығы санитарлық талаптарды да қатаң сақтауда. Кіре беріске коронавирус індеті және одан сақтану жолдары туралы ақпараттар жазылған тақта орнатылыпты. Сондай-ақ, дезинфекциялық ерітінді сіңірілген жаймалар төселіп, қолды өңдеуге арналған антисептиктер қойылған. Кей дүкендерде кіріп-шыққан адамдардың медициналық бетперде киюін және қолдарын антисептикпен өңдеуін қадағалап отыратын жауапты адамдар белгіленіпті.
– Біз үшін тұтынушыларымыздың денсаулығы – басты орында. Сондықтан да, санитарлық тазалық мәселесіне бұрыннан ерекше мән беретін едік. Қазір талап тіптен күшейді. Дүкенді күніне бірнеше мәрте дезинфекциялық ерітінділермен тазартып, желдетеміз. Тауарлардың бәрін орап, қаптап қойдық. Бұл да вирустың таралуын шектеуі тиіс. Сондай-ақ, қызметкерлеріміздің маскамен жүруін және кассаларда ұзын-сонар кезектің болмауын басты назарға алып отырмыз, – дейді «Нұрсәт» көтерме сауда дүкенінің әкімшісі Гүлнұр Абикенова.
Аймақтағы сауда нысандарының санитариялық-дезинфекциялық тәртіптің бұзылуын анықтау мақсатында 48 мобильді топ құрылған екен. Теміртау қаласы бойынша 5 топ жұмыс істеуде. Оның құрамына облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау аумақтық басқармаларының қызметкерлері, прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіреді. Санитарлық талаптардың орындалуына салғырттық танытқандар қатаң жауапкершілікке тартылады. Мәселен, жақында арнайы тексеріс кезінде жергілікті супермаркет қызметкерлерінің медициналық бетперде мен қолғаптарды қолданбай қызмет көрсеткені анықталды. Осыдан соң, қоластындағы қызметкерлердің санитарлық жағдайын қадағаламаған жергілікті супермаркеттің директоры 10 күнге қамалды.
Жалпы алғанда, қалада 2020 жылғы 26 наурыздағы жағдай бойынша төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 82 әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданған.
Нұрлыхан Қалқаманұлы