Құрыш қаладағы салтанат
Жексенбі күні құрыш қала – Теміртаудың құрылғанына 72 жыл толды. Әлемге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті еңбек жолын бастаған қала ретінде танымал мекен – еліміздегі ірі металлургия ошақтарының бірі.
Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан Магниткасына келуі, оның металлургиялық комбинатта еңбек еткен жылдары, тек, осы кәсіпорын мен Қарағанды облысы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның дамуындағы аса маңызды кезеңдердің бірі болды. Сөйтіп, металлургтер қаласы тәуелсіз Қазақстанның тарихында ерекше орын алды.
Салтанатты жиында қала әкімі Ғалым Әшімов: «Теміртаудың туған күні қала халқын біріктіреді. Өткен мен болашақты байланыстырады», – деп атап өтті. Сондай-ақ, қала басшысы 1930 жылы аталмыш аймақты зерттеген академик Қаныш Сәтбаев «бұл аймақта толық өндірістік металлургиялық зауыт салу мүмкіндігі бар» деп көрсеткенін тілге тиек етті.
Жалпы, қаланың жетіліп, дамуы да академиктің оң шешімдерімен байланысты болды. Темір рудалары бар жерді өңдеу, судың қоры және көмір бассейнінің жақындығы айтылды. Сол кезде көмір өнеркәсібі су мен электр қуатына мұқтаж болды. Сондықтан, Самарқанд елді мекені Қарағандыға қажетті су мен энергияны жеткізу үшін негізгі база ретінде ойластырылды.
1939 жылдың шілдесінде Самарқанд бөгенін салу аяқталды, ал Нұра өзені су қоймасын 8000 гектарға толтырды. Оған қоса, Қарағанды мемлекеттік электростанциясының, ҚарГЭС-1-нің ашылуы тарихта қалды.
1942 жылдың қазан айының басында Сталинград үшін болған шайқастар уақытында бірінші блок сыналды. 18 қазанда станцияның бірінші кезеңі іске қосылып, өнеркәсіптік ток берді. Соғыс ең күрделі жылдарда, көптеген өнеркәсіптік аймақтарды жаумен басып алған кезде Қорғаныс жөніндегі мемлекеттік комитет Қарағандыға жақын металлургиялық зауыт салу туралы шешім қабылдады. Оның құрылысы Ұлы Отан соғысының үшінші жылының ауыр күндерінде басталды. Құрылыс қарқынын жеделдету үшін 1942 жылғы Халық Комиссарлары Кеңесінің шешімі бойынша мұнда үш мың адам жұмылдырылып, 1944 пештерден болат алынды.
Ал, 1945 жылдың қазан айында Самарқанд кенті қала мәртебесін алып, Теміртау деп өзгертілді. 1960 жылдың 3 шілдесінде бірінші домна пеші алғашқы қазақстандық шойын берді. Сөйтіп, бүкілодақтың алып құрылыс қаласы – Теміртау көптеген ұлт өкілдері үшін екінші Отанға айналды. Аталмыш қалада жас отбасылар шаңырақ көтерді. Қазіргі таңда қаладағы халықтар татулығының арқасында жүз ұлттың өкілдері үйлесімді өмір сүруде.
Сондай-ақ, аталмыш қаладағы Қазақстан Магниткасының нарықтық кезеңнен табысты өткенін атап кеткен жөн. Бүгінгі күні «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өнімдері әлемнің көптеген елдеріне экспортталады.
Бұл туралы қала әкімі Ғалым Әшімов қала халқына арнаған құттықтауында: «Теміртау – болашақтың қаласы. Өйткені, ғалымдардың пікірі бойынша аймақтағы темір рудасының қоры бірнеше ғасырға есептелген. Жаһандану ғасырында металлургтер қаласы жаңарып, көз алдымызда көркейіп келеді», – деді.
– Бүгінгі таңда металлургтердің қаласы дамудың тағы бір кезеңін бастан кешуде. Қалада экономика қарқынды дамып, балабақшалар мен мектептер салынуда. Шығармашылық ұжымдар, спортшыларымыз әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, еліміздің туын биікке көтеріп жүр. Жеңістің 72 жылдығында бізге бейбіт өмір сыйлаған «Жаужүрек полктегі» құрметті ардагерлеріміз жанымыздан табылып, бата берді. Ардагерлердің өмірімізге бақыт тілеуі – жұмысымызға сәттілік әкелді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, – деді Ғалым Әшімов.
Қала жастары да Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыруға белсене қатысуда. Осының арқасында Теміртау – күннен-күнге көркейіп келеді. Әлбетте, бұл – даңқты құрыш құюшылар еңбегінің арқасында.
ТЕМІРТАУ қаласы.