Құрыш қала дұрыстала береді
Еліміздің ең ірі өндірісті орталықтарының бірі Теміртаудың тыныс-тіршілігі көпшілікке аса таңсық емес. Десе де, қаланы қала етіп тұрған негізгі кәсіпорынның тапжылмастай көрінген бұрынғы қожайыны кетіп, жаңа инвестор келгеннен бергі бір жылда бірталай оң өзгерістерге қол жеткендей. Шаһардың күй-қуатын, осындағы әлеуметтің әл-ауқатын алдымен ойлайтын атқамінерлер қарап отырған жоқ. Бүгінгі Теміртаудың ахуалы нешік, «Qarmet›-тің жаңа басшылығы өз мақсат-міндеттерін уағдаға сай атқарып жатыр ма? Қала әкімі Ғалым Әшімовпен сұхбатымыз осы төңіректе өрбіді.

– Ғалым Әбіханұлы, металлургиялық комбинаттың иесі ауысқанына бір жылдан астам уақыт өтті. Қалалық билік пен «Qarmet» АҚ арасындағы қарым-қатынас қалай қалыптасуда? Компания өз міндеттемелерін, соның ішінде әлеуметтік жауапкершілік пен экология саласындағы шараларды орындап жатыр ма?
– Металлургиялық комбинаттың жаңа иесі келгеннен бері қала мен «Qarmet» компаниясы арасында жақсы қарым-қатынас орнады. Біз бірлесіп жұмыс істеп, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды істерді қолға алып жатырмыз. Компания өз міндеттерін орындап, қаланың дамуына да үлес қосып жатыр. Әлеуметтік жауапкершілікке ерекше көңіл бөлуде. Өткен жылдың соңында компания кәсіподақтармен жаңа ұжымдық келісімшартқа қол қойып, жұмысшылардың жалақысын көтерді. Сонымен қатар, қаламыздың көркеюіне де атсалысып жатыр: кіреберіс стеллалар жаңартылды, жаңа мурал салынды, Металлургтер саябағы абаттандырылды. Көптен күткен трамвай қозғалысы да қайта жанданды. Экология да басты назарда. Кәсіпорын табиғи газға көшуді бастады, бұл ауа сапасын жақсартуға оң әсер етеді. 2025 жылдың жазына қарай домна цехының бірінші кезеңі қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, соңғы жылдары қала маңына 800 мыңнан астам ағаш отырғызылды, жыл сайын көшеттер беріледі. «Qarmet» спортты да қолдайды, әсіресе балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше мән беріп, халықаралық жарыстарға демеушілік жасап келеді. Хоккей жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалық – «Qarmet» клубының жетістіктеріне компания тарапынан қолдау бар. Біз бірлесе отырып, қаламызды жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Алда да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Біздің ортақ мақсатымыз – Теміртауды жайлы, таза әрі дамыған қалаға айналдыру. Бұл бағыттағы жұмысымыз жалғаса береді.
– Биыл сіздер жүзеге асыруды жоспарлап отырған маңызды жобалар қандай?
– Биыл Теміртауда үлкен және маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар. Бұл жобалар қала тұрғындарын баспанамен, сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, экологиялық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға бірден-бір септігін тигізеді. Бірінші кезекте, тұрғын үй құрылысы қарқынды жүзеге асуда. 270 пәтерден тұратын үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін 31 пәтер сатып алынады. Бұл – 301 отбасының шаңырағы қуанышқа толады деген сөз. Сонымен қатар, «4А орамында» үш ірі тұрғын үй кешені салынып жатқаны баршамызға мәлім. Қазіргі таңда олардың құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілу барысында.
Сондай-ақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға барлық жағдайларды жасауға тырысып жатырмыз. Су құбыры және кәріз желілерін жаңарту, жаңа су арналары мен электр желілерін тарту жұмыстары қарқынды түрде іске асып жатыр. Бұл қаланың барлық аудандарында су, электрмен жабдықтау және кәріз жүйесінің сапасын арттыруға септігін тигізеді. Жылу желілерін жаңғырту – осы жылдың басым бағыттарының бірі. 2022 жылдан бері қалада тозығы жеткен және апаттық аумақтардағы жылу жүйесін толықтай жаңарту бірінші орында тұр. 2025 жылы бірқатар жобаларды аяқтау жоспарланған, сондай-ақ, 2026 жылға дейін жалғасатын ірі нысандардың құрылысы басталады. Қосымша жаңа орталық қазандық, резервтік жылу магистралі және Республика даңғылы бойында жылу желілерінің құрылысы жобалану үстінде. Қала экологиясын жақсарту және жеке секторды газбен қамтамасыз ету бойынша да маңызды қадамдар жасап жатырмыз. Биыл газ тарату желілерінің құрылысы аяқталып, 6,4 мыңнан астам абонентті орталықтандырылған газ жүйесіне қосу біздің ең маңызды міндеттеріміздің бірі.
Қаланы абаттандыру бойынша да кешенді жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек ете кеткім келеді. Биыл жаңа саябақтар мен алаңдарды абаттандыру, аулаларды жаңарту, көшелерге жарықтандыру жүйесін орнату және автожолдарды жөндеу қолға алынды. Сонымен қатар, Металлургтер даңғылындағы газ жарылысы салдарынан зақымданған көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Бұл барлық жобалар қаланың дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады.
– Сіз әр екі апта сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқан мердігерлермен жиын өткізесіз. Теміртаудағы тұрғын үй құрылысының қарқыны қалай? 4А орамындағы құрылыс жұмыстарының жағдайы қандай? Онда қандай мәселе бар?
– Иә, өзіңіз байқағаныңыздай, мен мұндай жиналыстарды әр екі апта сайын өткізіп тұрамын. Бұл кездесулер бізге жобалардың орындалу барысын қадағалауға, барлық қатысушыларды жағдайдан хабардар етуге және туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді. Теміртаудағы тұрғын үй құрылысы – басты назардағы мәселелердің бірі, ал 4А орамы – маңызды жобалардың қатарында. Алайда, ондағы құрылыс қарқыны күткендегідей емес, сондықтан біз процесті жеделдету үшін қажетті шараларды қолға алудамыз. Қазіргі уақытта 60 пәтерлі тұрғын үйдің қабырғалары толық тұрғызылып, шатыр жабу, терезе блоктарын орнату және ішкі инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Басқа құрылыс алаңдарында да жұмыс қызу жүріп жатыр. 90 пәтерлі үйде бесінші қабаттың кірпіш қалау жұмыстары жалғасуда, жақын күндері шатыр жабу басталады. Ал, 120 пәтерлі үйде екінші және үшінші қабаттардың қабырғалары тұрғызылып жатыр.
Қазіргі уақытта жұмысшылар саны көбейтіліп, құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету күшейтілді. Біздің басты міндетіміз – құрылыс қарқынын арттырумен қатар, сапаны жоғары деңгейде сақтау. Осындай ірі жобалар тұрақты бақылауда, біз құрылыс барысын мұқият қадағалап, барлық қажетті шешімдерді дер кезінде қабылдап отырамыз.

– Бірнеше жыл бұрын Теміртау қаласында табиғи газ желісін тарту жобасы қарқын алған-ды. Әйтсе де әлі күнге дейін шешілмеген түйткілді мәселелер, белгілі бір қиындықтар бар тәрізді. Құрыш қаланың тұрғындарына газ жеткізу жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Иә, дәл қазір біз басымдық беріп отырған жобалардың бірі – газдандыру. Өйткені орталық газ желісіне қосылу тұрғындардың тұрмысын айтарлықтай жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға да оң ықпалын тигізеді. Әрі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де аса маңызды рөл атқаратынын айта кеткен жөн. Өкінішке қарай, қаламызда құйылмалы газды қолдану ережесін сақтамау салдарынан қайғылы жағдайлардың орын алғанын да білесіздер. Сондықтан, біз үшін газдандыру – болашақ үшін жасалған маңызды инвестиция саналады. Газдандыру жобасы қолға алынғалы бері жеке сектордағы көптеген тұрғын үйлер орталық газ желісіне қосылу мүмкіндігін алды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Әйтсе де, бірқатар қиындықтар да бар. Мәселен, «Теміртау» АГРС-нан «Сарыарқа» магистральдық газ құбырынан тарту, 1-кезең, 3-кезек» жобасы бойынша нысан құрылысын аяқталды деп тану және пайдалану актісіне қол қою мәселесін сот қарауда. Өздеріңіз де білесіздер, бұл бірден шешіле салатын дүние емес. Жобаны іске асыру барысында туындаған құқықтық және техникалық мәселелерді реттеу мақсатында сот шешіміне жүгінуге мәжбүр болып отырмыз. Қазір барлық қажетті құжаттар келісу кезеңінен өтуде. Бұл құрылыс жұмыстарының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етіп, нысанды қолданыстағы нормалар мен талаптарға сай пайдалануға беру үшін жасалып жатқан қадам. Айта кету керек, газдандыру жобасы аяқталған соң тұрғын үйлер мен кәсіпорындар орталық газ желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болады. Сәйкесінше, қала халқы тұрақты әрі қауіпсіз отынға қолжеткізіп, қаламыздың экологиясы да айтарлықтай жақсара түсуі тиіс.
– Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де теміртаулықтарды көптен бері алаңдатып отырған өзекті тақырыптардың бірі. Білуімізше, қаланың басым бөлігіне ауыз су жеткізіп отырған «Қарағанды-Теміртау» құбыры әбден тозған көрінеді. Тозған желіні жаңғырту жобасын да қолға алыпсыздар. Қазір бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қалада ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуде айтарлықтай қиындықтар туындағаны рас. Кейінгі бірнеше жылда тұрғындардың судың сапасы мен үздіксіз берілуіне қатысты шағымдар жиіледі. Мәселенің мәнісі – ауыз судың күре тамыры саналатын «Қарағанды – Теміртау» су құбырының тозуы. Тығырықтан шығар жол – су құбырын қайта жаңғыртып, жаңа сорғы станциясын салу. Біз бұл мәселені жан-жақты қарастырып шықтық. Жоспар бойынша, биыл көктемде құрылыс жұмыстары басталып, 17 ай ішінде жаңа құбыр төселеді. Мемлекеттік сараптамадан өткен (№10-0182/24, 01.10.2024 ж.) жобаның жалпы ұзындығы – 26,65 км құрайды. Жоба құнының 10% жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Ал, қалған сомманы республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер арқылы бөлінуі жоспарланған. Жобаны жүзеге асыруға «НССистема» ЖШС бас мердігер ретінде тағайындалды. Ал, құрылыстың сапасын «L.A.D. Stroy» (техникалық қадағалау) және «ТС-Индустрия» ЖШС (авторлық қадағалау) бақылайды. Құбырды жаңғырту арқылы қаладағы су жүйесін жақсартып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Әрі бұл қала тұрғындарының өмір сапасын арттырып, инженерлік инфроқұрылымдарды жаңғырту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
– Айта-айта әбден жауыр болған мәселенің бірі – қоғамдық көліктің жұмысы. Былтыр қалада жаңа жолаушы тасымалдау компаниясы жұмыс істей бастаған көрінеді. Бұл түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға көмектесе алды ма? Жолаушы тасымалы саласында не өзгерді?
– Бізде жолаушы тасымалы 28 маршрут бойынша жүзеге асырылады. Оның ішінде 15 бағыт қала ішінде болса, сегіз бағыт қала сыртындағы елдімекендерге, ал, бес бағыт саяжайларға жолаушы тасымалдайды. Бұл бағыттар бойынша 10 тасымалдаушы қызмет көрсетіп келеді. Олардың иелігінде 157 автобус бар. Бұл жерде басты қиындық – қалаішілік жолаушы тасымалын ұйымдастыруда болып отыр. Шағымдардың көпшілігі осы ішкі маршруттарға байланысты. Осыған дейін ішкі маршруттардың басым бөлігіне ие болып келген компания автобустардың күнделікті рейске толық шығуын қатамасыз ете алмады. Сондықтан, әлеуметтік маңызға ие бес маршрутты (№6, 7, 14, 22, 23) «ECOBUS QK» ЖШС бергенбіз. Компания ай сайын шамамен алғанда 350 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды. Былтыр қаладағы жолаушы тасымалдаушы компаниялар 25 жаңа автобус сатып алған болатын. Биыл 8 ақпанда «ECOBUS QK» ЖШС 20 жаңа автобус әкеліп, маршрутқа шығарды. Алдағы уақытта QazTechna компаниясы Yutong маркалы тағы 60 автобус жеткізеді. Жаңа автобустардың келуі жолаушы тасымалы сапасын жақсартып, көліктердің күнделікті рейске толық шығуын қамтамасыз етеді. Әрі жаңа автобустар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустармен жабдықталған. Яғни, қала тұрғындары үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Тағы бір айта кетерлік маңызды дүние, қаламызда 2024 жылдың 1 мамырынан бастап, электронды төлем жүйесі енгізілді. Ал, 1 шілдеден бастап сараланған тариф іске қосылды: қолма-қол төлем жасаған жағдайда жолақы 140 теңге, ал карта арқылы төлем жасағанда 70 теңге. Бұдан бөлек, былтыр 4 қазаннан бастап, халықты қолдау мақсатында 7-18 жас аралығындағы балаларға қалаішілік маршруттарда тегін жол жүру мүмкіндігі берілді. 1 сәуірден бастап облыс орталығы Қарағанды қаласының тарифімен теңестіру жоспарланған. Қазіргі уақытта қалалық маршруттардағы тарифті 100 теңге мөлшерінде белгілеу қарастырылып жатыр. Бұл жолаушылар тасымалы сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жол ақысын төлемеу жағдайларын болдырмау үшін бақылау күшейтіледі. Автобустардың қозғалыс кестесін сақтау маңызды, сондықтан қызмет сапасын бұзған автопарктердің субсидиясы қайта қаралады. Жалпы алғанда, қалада қоғамдық көлік жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын енгізу тұрғындар үшін жайлы әрі ыңғайлы болады деген ойдамыз.
– Металлургтер даңғылына тоқталып өтсек. Жарты ғасыр бойы күрделі жөндеу көрмеген даңғылда ауқымды жаңғырту жобасы қолға алынды. Былтыр жолдың тақ сан қатары жабылып, бірқатар жұмыстар атқарылған-ды. Биыл жобаның аясында қандай жұмыстар тындырылды? Жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?
– «Театр киім ілгіштен басталады», деген жақсы сөз бар ғой. Ал, кез келген қаланың келбеті – орталық көшесінен-ақ аңғарылады. Теміртау қаласы үшін Металлург даңғылының тарихи да, рухани-мәдени де маңызы зор. Сондықтан оны жаңғыртып, қайта қалпына келтіру – аса маңызды инфрақұрылымдық жоба. Қазір біз оның соңғы сатыларына жақындап қалдық. Былтыр даңғылдың тақ сан қатарында негізгі жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Республика даңғылынан бастап Абай көшесіне дейінгі аралықтың асфальт қабаты жаңадан төселіп, жиектастары ауыстырылды. Сонымен қатар, суағарлар салынып, заманауи жарықтандыру жүйесі іске қосылды. Біздің мақсатымыз, тек, автокөлік жолдарын ғана жөндеп қою емес, сонымен қатар жаяу жүргіншілер үшін де жайлы жағдай жасау. Бұл ретте жол жиегіндегі автотұрақтардың ыңғайлы орналасуы да басты назарға алынды. Абай көшесінен бастап Мир даңғылына дейінгі аралықта жолға ресайклирлеу жұмыстары жүргізіліп, төменгі қабатына асфальт төселді. Мұнда да жиектаста жаңартылып, суағар салынды. Алдағы уақытта жаяу жүргіншілер жолына брусчаткалар төселіп, жарықтандыру желісі жолға қойылады.
Даңғылдың басталар тұсы, яғни, «Қарағанды-Теміртау» тас жолына шығар тұстағы айналма бөліктен бастап Амангелді даңғылына дейінгі аралықта жөндеу жұмыстары былтыр толық аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Бұл көлік қозғалысын анағұрлым жақсартуға мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. Биыл біз Амангелді көшесінен бастап Мир даңғылына дейінгі учаскені және даңғылдың жұп сан қатарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға аламыз. Бұл ұзақ мерзімді жобаның соңғы кезеңі. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң Металлург даңғылы қаламызға көрік беріп, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орындардың біріне айналады. Дәл қазір біз жұмыстардың сапасы мен уақытылы аяқталуына басымдық беріп отырмыз.
– Сіз бұған дейін де Теміртау қаласының әкімі лауазымын атқардыңыз. Сол кезде күн сайын қаланы жаяу аралап, велосипедпен жүретін едіңіз. Қазір осы дағдыңыз өзгерді ме?
– Жоқ, бұл әдетім өзгермеді. Қайта мен қазір күн сайын таңғы уақытта 8-10 мың қадам жүру дағдысын қалыптастырдым. Бұл мен үшін жәй ғана физикалық белсенділік емес, қаланың ахуалын көзіммен көріп, шынайы сезінуге мүмкіндік береді. Мен күн сайын қаланы аралап жүрген кезде өзімді әкім ретінде емес, осы қаланың тұрғыны есебінде сезінемін, қаланың жетістіктерін бағалап, қай тұста қандай жұмыстар істеу қажет екенін де бағамдаймын. Кейде ең маңызды шешімдер кеңседе емес, қала көшелерінде қабылданады. Тұрғындармен кездейсоқ әңгімелесу, олардың пікірлерін тыңдау, алаңдататын мәселелерін білу – мен үшін ерекше құнды. Өйткені, біздің әрбір жобамыздың, бастамамыздың түпкі мақсаты – Теміртау тұрғындарының өмірін жақсарту. Сондықтан таңғы серуен маған қала өмірін жақсырақ түсінуге және тұрғындардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, саналы шешімдер қабылдауға көмектеседі.
– Кейінгі жылдарда Теміртауға қоныс аударған қандастардың саны артты. Олардың басым бөлігі квотасыз көшіп келген жандар екені белгілі. Бүгінде қанша адам қоныстанды және қала оларды тұрғын үймен, жұмыспен қалай қамтамасыз етіп жатыр?
– Иә, қазіргі таңда Теміртау қандастарды қоныстандыру өңіріне кірмейді. Әйтсе де, өткен жылы бізге квотасыз 136 отбасы, яғни 315 адам көшіп келді. Шет мемлекеттерден атажұртқа оралған бауырларымыз квота берілмейтінін білсе де, саналы түрде Теміртауда тұруды таңдады. Бұл олардың өз шешімі. Ал, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, ол қатаң түрде заң аясында шешіледі. Қандастар тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне тұра алады. Әйтсе де, оларға қандай да бір басымдық берілмейді. Пәтер қатаң түрде, кезек тәртібінің келуіне орай ұсынылады. Қазір кезекте 15 қандас отбасы тұр. Былтыр төрт отбасына пәтер берілді. Ал, биыл жыл басынан бері кезекке бір отбасы ғана қосылды.
Қандастарды жұмыспен қамту мәселесі де өзекті тақырыптардың бірі. Биыл екі қандас еңбек мобилді орталығының көмегіне жүгінген екен. Олардың біреуіне тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама берілді. Ал, екінші азамат қоғамдық жұмыстарға тартылды. Қазір 14 қандас жұмыссыз есебінде тіркеуге алынған. Оларды қалалық ортаға бейімдеу, жұмысқа орналасу мәселесін ұдайы назарда ұстап отырмыз. Біз қандастардың әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан толыққанды интеграциялануы үшін тиісті жұмыстарды жүргіземіз. Сондай-ақ, қоныстандыру мәселесі облыстық комиссияның құзырында, олар қандастарға Теміртаудан тыс жерлерде де қоныстану нұсқаларын ұсынады.
– Соңғы уақытта тұрғындар қаңғыбас жануарларға қатысты шағымдарын айтып жүр. Сондай-ақ, теміртаулықтар Оң жағалауда салынған, бірақ әлі ашылмаған жануарларға арналған приют-баспананың жағдайына алаңдаушылық білдіреді…
– Қазіргі уақытта қаңғыбас иттердің, сондай-ақ иттерді серуендету мәселелері өзекті болып отыр. Бұл тек жануарлардың қауіпсіздігі үшін ғана емес, қала тұрғындарының жайлылығы мен қоғамдық тәртіп үшін де маңызды. Осыған байланысты 2024 жылы Теміртау қаласында үйсіз жануарларды уақытша ұстауға арналған приют ашу үшін арнайы жер телімі бөлінді. Ол қаланың оң жағалауында, Батыс көшесіндегі жанармай бекеті маңында орналасқан. Бұл – қаладағы үйсіз жануарларға көмек көрсетудің маңызды қадамы. Қазіргі уақытта аумақта 44 вольер мен ангар орнатылып, аумақ толық қоршалды. Үш бөлмесі мен санитарлық торабы бар ветеринарлық блок салынды, онда жануарларға қажетті медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнер алаңы қойылып, кіру жолдары реттеліп, одан бөлек су, жарық және желдету жүйелері тартылды. Осындай шаралардың арқасында жануарларды күтіп-ұстау жағдайы жақсарды. Приютте 28 сыртқы вольер қарастырылған, бұл жануарлардың таза ауада серуендеуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге, тұрғындардың көптеген өтініштері бойынша биыл Теміртау қаласы ТҮКШ бөліміне иттерді серуендету алаңдарының санын көбейту жөнінде тапсырма бердім. Қазіргі уақытта қалада екі алаң бар, олар Мичурин және Амангелді көшелерінде орналасқан. Алдағы уақытта жаңа серуендеу алаңдарын ашу жоспарлануда. Өткен жылдың қараша айында бұл нысандар Қарағанды облысының ветеринария басқармасының балансына берілген болатын. Қазір приют тұрақты жұмыс істеп, дамып келеді. Оның қызметі жануарларға қажетті көмек көрсетіп қана қоймай, қала тұрғындарының қауіпсіздігіне де оң әсерін тигізеді. Иттерді серуендетуге арналған орындарды көбейту, жануарларға жауапты қарау мәдениетін дамыту және үйсіз жануарлардың санын реттеу бойынша шаралар болашақта қабылданатын болады. Бұл – жануарлар мен қала тұрғындарының жайлылығы үшін маңызды жұмыс.
– Теміртау қаласының тұрғындары даңқты «Строитель», «Арыстан» хоккей командаларының және «Болат» футбол клубының жетістіктерін ұмытқан жоқ. Қалада басқа да спорт түрлері дамып, бірегей спорт нысандары салынды. Теміртау қашан қайтадан спорттық аренада өз орнын айқын көрсетеді?
– Теміртау – әрдайым спорттық жетістіктерімен мақтанатын қала. Біздің спортшылар ұлттық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, қаламыздың атын шығарып жүр. Бүгінде Теміртау спортшылары биатлон, хоккей, велоспорт, синхронды жүзу, дзюдо, академиялық есу және футбол сияқты спорт түрлерінде үлкен жетістіктерге жетуде. Күні кеше биатлоншы Владислав Киреев 2025 жылғы Азия ойындарының чемпионы атанып, эстафетада күміс медаль жеңіп алды. Хоккейшілеріміз Артём Лихотников пен Владимир Гребенщиков Азия чемпиондары атанса, Семён Симонов пен Егор Левковец әлем чемпионатының 1-дивизионында жеңіс тұғырына көтерілді. Қаламызда бұқаралық спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. «Теміртау әуесқой хоккей лигасы» жобасы аясында қалалық чемпионат өтті, ал жас спортшыларымыз «Барыс» және «Сарыарқа» клубтарында шыңдалып, Қазақстан құрамаларының қатарында өнер көрсетіп жүр.
Спорттық инфрақұрылымды жақсарту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Тұрғындардың сұранысы бойынша «Металлург» стадионы қаланың балансына қайтарылып, 2024 жылы тартан жабыны жаңартылды. Қазір стадионды толықтай стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Биыл техникалық тексеру өтіп, оның нәтижесінде ауқымды жөндеу жұмыстарына арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірлене бастады. Теміртау – әрқашан мықты спортшыларды тәрбиелейтін қала. Біз бұл дәстүрді жалғастырып, спортты дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасай береміз.
Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДА
ТЕМІРТАУ