АймақТеміртау

Құрыш қала қайта түлейді

Теміртауда қысқы маусымға дайындық қызу жүріп жатыр. Одан бөлек, жылу жүйелерін жөндеу, қоғамдық көлікті жаңарту және жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Осыған байланысты аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Теміртауға жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды нысандарды аралады. Сапар барысында өңір басшысы қаланың жылу көздерін – ҚарМАЭС пен ЖЭО-2 станцияларын тексеріп, жаңартылған трамвай паркімен және орталық көшелерді қайта құру барысымен танысты. Сонымен қатар, трамвай депосының еңбек ұжымымен кездесіп, қала тұрғындары үшін маңызды инфрақұрылымдық мәселелерге ерекше көңіл бөлді.

Металлургтер даңғылы жаңаруда

Бұл жұмыстардың барлығы – Теміртаудың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жаңа кейіпке енуіне бағытталған кешенді жоспардың бір бөлігі. Қыс мезгіліндегі тұрақты жылумен қамтамасыз ету, жайлы қоғамдық көлік қатынасы және қауіпсіз жол инфрақұрылымы – облыс әкімінің назарында.

Қаланың басты көшелерінің бірі – Металлургтер даңғылын қайта жаңарту жұмыстары басталды. Бұл бағытта жолдың жүру бөлігін жөндеп, жиек тастар ауыстырылмақ. Сонымен қатар, заманауи жарық тіректері, орындықтар, шағын сәулеттік формалар орнатылып, гүлзар жағындағы ротонда қалпына келтіріледі. Қала әкімінің орынбасары Ринат Қыдырбековтің айтуынша, мерейтой қарсаңында Теміртау меймандарды жаңарған кейіпте қарсы алмақ.

– Барлық учаскелерде жол жұмыстары басталар алдында жылу желілері де жөнделеді, – деді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Ринат Қыдырбеков.

Қазіргі таңда Республика даңғылы, Абай көшесінің бір бөлігі және Бейбітшілік даңғылы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта тағы 23 учаскеде жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұдан бөлек, қала көшелеріне 150 жаңа жарық тіректері орнатылады.

Трамвай паркі жаңғыруда

Өңір басшысы трамвай депосының еңбек ұжымымен кездесіп, кәсіпорынның даму жоспарымен танысты. Қазір мұнда 83 адам жұмыс істейді, тағы 12 адам «трамвай жүргізушісі» мамандығы бойынша оқып жатыр. Депо басшысы Алтынбек Қалиақпаровтың айтуынша, ескі техникалар толық жарамсыз болған соң сегіз жаңа заманауи трамвай сатып алынған.

– Барлық ескі трамвайлар жарамсыз болып қалды. Біз метро вагондарының негізінде жасалған сегіз жаңа заманауи трамвай сатып алдық. Олар жайлы және ыңғайлы. Қыста жылынатын, ал, жазда салқындататын кондиционерлермен жабдықталған. Бір вагонның сыйымдылығы – 130 адам, – деп хабарлады трамвай паркінің директоры.

Облыс әкімі трамвай паркінің қызметін жоғары бағалап, жаңа меншік иесінің нақты қадамдарына оң баға берді. Сонымен бірге, өңірде қоғамдық көлік жүйесін, оның ішінде, ONAY! төлем жүйесін кеңейту жоспарланғанын айтты.

Жылу көздері – бақылауда

Сапар аясында Ермағанбет Бөлекпаев қаланы жылумен қамтамасыз ететін екі негізгі нысанды – ҚарМАЭС пен ЖЭО-2 станцияларын аралады. ҚарМАЭС директоры Сергей Кривов биылғы жоспарланған жөндеу жұмыстарымен таныстырды. Жазда №9, 10, 11 қазандықтар мен №8, 9 турбоагрегаттар жөнделеді. Облыс басшысы жұмыс кестесінің сақталуы мен материалдардың алдын ала сатып алынуын қадап тапсырды.

Ал ЖЭО-2-де былтыр орнатылған жетінші қазандықтағы іске қосу-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Станцияның бас энергетигі Виталий Шульжик бұл қазандықтың толық автоматтандырылғанын, басқарудың арнайы компьютерлік пульт арқылы жүзеге асатынын айтты.

– Бұл қазандық – біздің қаламыз үшін бірегей. Алғаш рет барлық процестер толығымен автоматтандырылған, басқару компьютер арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін арнайы жеке пульт бөлмесі салынды, – деді станцияның бас энергетигі Виталий Шульжик.

Ермағанбет Бөлекпаев қыс маусымына сеніммен кіріп, жылусыз қалған үй болмауы тиіс екенін қадап айтты.
Облыс әкімі қалада коммуналдық жүйелерді жаңғырту мен Қарағанды агломерациясын дамыту жоспарына да тоқталды. Оның айтуынша, халық үшін жылу, жарық, су және жол мәселелері әрқашан қолжетімді болуы тиіс. Бұл бағытта тиісті қаражат көздері іздестіріліп, кешенді көлік жүйесі құрылады.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button