Бас тақырыпНұрлы жер

Құрылыстан Қарағанды көш бастап тұр

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде биыл алғаш рет облыста 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл – тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша тарихи көрсеткішке қол жеткізу деген сөз. Яғни, облысымыз бұл салада көш бастап тұр. Өйткені, көп жылдан бері игерілмей келе жатқан жерлерде тұтас жаңа ықшамаудандар бой көтерді. Осы және өзге де саладағы өзекті мәселелер хақында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал ЖАЙЛЫБАЕВ құрылыс орындарына жасалған арнайы жұмыс күнінде кеңінен айтып берді.

Шындығында жаңадан салынып жатқан үйлердің ауласына барғанда өз көзімізге сенбедік. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Заманға сай жабдықталып жатқан тұрғын үйлерде барлық жағдай жасалған. Тіпті, жертөлесінде көлік кіретін қысқы гараждар да салынып жатыр. 10 қабатты бірнеше үйдің құрылыс жұмыстары біту алдында тұр екен. Жыл басында ғана басталған жұмыс аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

– Өткен жылмен салыстырғанда облыста тұрғын үй құрылысы 25%-ға өсті. 2021 жылдың 9 айында 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 662 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, – деді Абзал Әліпұлы.

Облыстағы ауқымды құрылыс жергілікті еңбек нарығын және құрылыс материалдарын жасап шығару өндірісін жандандырған. Жұмыс барысында негізінен отандық өнімдер қолданылады. Жергілікті өндірісті дамыту – облыс әкімдігі жұмысының басты міндеттерінің бірі. Бес мыңнан астам адам құрылыс секторында жұмыспен қамтылыпты. Жаңа тұрғын үйдің іске қосылуы үй кезегінде тұрған тұрғындардың кезегін жақындатуда. Бұл көз қуантып, көңіл көншітер дүние ғой. Өйткені, «Үйің болмаса, күйің болмайды» демекші, үй – ең басты қажеттілік. Еш уайымсыз өз үйіңнен кіріп-шығып жүрудің өзі – үлкен бақыт, түсінген адамға. Міне, осындай күрделі мәселені жан-жүрегімен түсінген облыс басшылығы бұл мәселеге бел шешіп, білек сыбана кіріскен. Нәтижесі ойдағыдай, оны көріп отырсыздар.

Дерекке сүйенсек, қазір пәтер кезегінде 35 мыңға жуық адам тұрса, жыл сайын отбасы басына есептесек, 10 мыңнан астам отбасы пәтер тойын тойлауда. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Өйткені, жыл сайын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына 2-2,5 мың пәтер бөлінеді. Бұл жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер – барлығы кезекте тұрғандардың табысына байланысты екен.

Бірақ, біз барып құрылыс жұмысымен танысқан үйлер жекеменшік сектор иелері тарапынан салынып жатқандықтан, бағасы да соған лайық. Бұларды көбіне қалтасы қалың азаматтар ғана ала алады. Өйткені, әр шаршы метрдің бағасы 300 мыңға дейін барады. Мұны қарапайым тұрғындардың қалтасы көтермейтіні анық. Бірақ, мемлекеттік бағдарламамен салынып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беріліп жатқан пәтерлер де баршылық.

Мәселен, Қарағандылық көпбалалы ана Саягүл Ниязбекова биыл Оңтүстік-Шығыстағы жаңа үйлердің бірінен екі бөлмелі пәтер алды. Ол бұған дейін үй кезегінде 13 жыл тұрған. Ойлап көріңіз, өте қиын жағдай. Оның үстіне жалғызбасты ана, төрт баламен. Күйеуі өмірден өтсе де, өмірдің сынағына сынбай, баракта тұрса да, балаларына аналық мейірім шуағын төгуін тоқтатпаған Саягүлдің ерлігіне іштей риза болдық. Есесіне, бүгін үйі жылы әрі жайлы. Балалары да өсіп, ер жеткен. Тіпт, көмекшісіне айналған. Бүгінде өзі Фармоцевтикалық компанияда жұмыс істейді. Жұмысына тиянақты, ары таза, отбасына қамқор аяулы ана.

– Қаңтар айында әкімдіктен қоңырау соғып, қабылдауға шақырды. Пәтер кілтін беретінін айтқанда, көз жасымды ірке алмадым. Қуанышым қойныма сыймай, балаларыма қоңырау шалдым. Олардың қалай қуанғанын көрсеңіз ғой. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұған дейін төрт баламмен ЖБИ-дегі барак үлгісіндегі үйде тұрдық. Су жоқ, пеш жағатынбыз. Әсіресе, қыста қатты қиналушы едік. Аллаға шүкір, арманымызға жеттік. Енді мен жұмыстан шаршап келгенде, жылы үйіме кіремін, құбырдан ыстық және суық су ағып тұр. Аялдама мен мектеп жақын. Серуендеуге арналған саябақ бар. Осы жағдайдың бәрін реттеп отырған облыс басшылығана шексіз ризамын. Қамқорлыққа мұқтаж біз сияқты аз қамтылған отбасылардың атынан үлкен рахмет айтамын, – дейді қоныстанушы.

Саягүл Ниязбекованың баспанасын мемлекет сатып алу құқығынсыз жалға берген. Ол айына мемлекеттік бағдарлама ережесіне сәйкес, 7 800 теңге және коммуналдық қызметтерді ғана төлейді. Бас-аяғын жинағанда 20-22 мың теңге көлемінде. Біздің түсінгеніміз, бұл арзан бағалы ұзақ мерзімге жалдап тұру құқығымен берілген үй Саягүл сынды көмекке зәру отбасылар үшін аяққа тұрып, етек-жеңін жинап, ел қатарына қосылу үшін таптырмас мүмкіндік. Үйдің ауласы да кейінгі үлгімен жасалып жатыр. Лифт істеп тұр. Екі бөлме болса да, ескі үйлердің 3 бөлмесіне пара пар. Одан да жайлы қылып, жасап алу әркімнің өз еркінде, әрине. Биылғы жылы Саягүлдің шаңырағында қос қуаныш. Мемлекет тарапынан үлкен ұлына отбасымен бірге «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер беріліпті. Ол жарымен бірге үш жасар ерекше күтімді қажет ететін егіздер тәрбиелеп отыр. Мұндай жағдайда, баспаналы болу үлкен қуаныш екенін көзі қарақты жан ұғары анық. Жыл соңына дейін Қарағанды облысында кезекте тұрған 3 мыңға жуық адам баспанамен қамтылады. Алдағы уақытта 830 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда.

Қазыбек би ауданының Оңтүстік Шығыс бөлігінде Қарағанды қаласының жаңа орталығы бой көтеріп жатқанын атап өткен жөн. Сала мамандарының айтуынша, алдағы уақытта Оңтүстік Шығыс пен Майқұдықтың арасына да көптеген тұрғын үйлер салынбақ. Тұрғын үй салынған соң, ол жерде әлеуметтік нысандар бой көтеретіні белгілі. Демек, жаңадан жұмыс орындары ашылып, елдің әлеуметтік жағдайының көтерілуіне септігін тигізері сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button