Құрылыста қарқын да, түйткіл де бар
Қарағанды шаһарының Оңтүстік-Шығыс бөлігі бұл күні бөлек түске боялып келеді. Жаңалықтың, жақсылықтың жаршысындай жаңа үйлер бой көтеріп-ақ жатыр. Жарнамалары жер жарып, үлескерлерді үміттендіріп-ақ қояды. Көз қызыққан соң қол қарап отыра ма? Жиған-тергенін енді іргетасы құйылған үйге салатын жұртшылық та қазір арындаған атының басын тарта алмай тұр. Әлбетте, арзан әрі жаңа үйді кімнің алғысы жоқ? Бірақ, қарағандылықтардың ауызы бұл тұрғыда биыл оңбай күйген. Басқа-басқа, қарағандылықтар содан да «аузы күйген үріп ішедіні» өзге өңірге қарағанда жақсырақ түсінуі тиіс-ті. Тәуекел деп тас жұтып, соңында сол тастан тұншығып қала жаздағандардың жағдайы әлі ұмытыла қойған жоқ. Сондықтан да, облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жақында тағы да дабыл қағып, дабырайтып, проблемалы үйлерді тұмсығынан тізіп берді.
Үлескер қаражатын тартуға рұқсат жоқ
Ескі жараның аузын тырнағандық емес. Былтыр бұқара үлескерлік баспанада біраз тұйыққа тірелген. Әрі-сәрі күй кешіп, арасында әкімдік ара ағайын боп, мәселе тұрғындардың пайдасына шешілген. Ендігіде ақырын жүріп, анық басу – міндет-ті.
Жалпы, Қарағанды қаласында басқарманың мәлімдеуінше, 55 көппәтерлі үйдің құрылысы қызу жүріп жатыр. Оның 48-інде құрылыс жүргізуге құжаттары толық, сақадай сай.
«Төрт көппәтерлі тұрғын үйде құжаттардың толық пакеті бар, бірақ, құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Біреуінің рұқсаты жоқ және екеуі ұзақ уақыт салынып жатқан үйлер», – дейді басқарма мамандары.
Сонымен қатар, Шахтерлер даңғылы, 41б мекенжайындағы «Dream House» тұрғын үй кешінін қоспағанда, үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты бар тұрғын үй кешендерінің жоқтығын да қоса хабарлады.
«Сонымен қатар, үлескерлердің қаражатын тарту үшін тұрғын үй-құрылыс кооперативтері (ТҮҚК) құрылады, бұл заңмен тыйым салынбаған, бірақ тұрғын үй кешені құрылысының аяқталу мерзімдері туралы 100% кепілдік бермейді. Мұндай «Жилой фонд» ТҮҚК (барлық нысандар) және «Comfortniy Gorod» («Новый Город-2» ТК, «Новый Город-3» ТК, «Британский Комфортный Квартал» ТК) құрылыс компанияларында құрылған», – дейді басқарма мамандары.
Заңға сәйкес үлестік құрылыс туралы қолданыстағы заңнаманы айналып өту арқылы жасалған барлық мәмілелер жарамсыз екенін де еске салады.
Ондай мәмілелердің қатарында алдын ала брондау шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын беру шарты бар. Яғни, мұндай шарттар жасауға үй салып жатқан бірде-бір компанияның хақысы жоқ. Мұны көзі ашық, хат танитын қауым біле жүруі тиіс.
Бүгінде «Отбасы банкінің» мамандары Қарағанды қаласындағы құрылыс компаниялардың бірде-біреуінде Қазақстан тұрғын үй компаниясының сақтандыруы, кепілдігі жоқтығын айтады. Сол себепті де ондай компаниялар «Отбасы банкімен» жұмыс істей алмайды. «Отбасы банкі» тек әкімдіктің үлескер тартуға рұқсаты бар рұқсатнамасы және «Отбасы банкпен» тұрғын үй компаниясының келісімі болған жағдайда ғана несиелендіруге пейілді. Ал, ондай компаниялар Қарағандыда жоқ екенін жоғарыда айттық. Яғни, бұған дейін айтқанымыздай, егерде салынып жатқан үйге қаржы құйсаңыз, оның салмағы да, алмағы да өзіңізде. «Әкімдік не қарап отыр?» деген айғай-сүрең бұл арада жүрмейді. Әкімдік ескерткенімен, әлеумет құлақ аспай жататыны да өтірік емес. Сол себепті де, заңсыздықтар анықталған жағдайда жергілікті билік тарапынан қандай да бір қолдау күту – негізсіз. Өйткені, құзырлы орындардың жарғақ құлақтары жастыққа тимей, жұртшылыққа ұдайы айтып, хабарлаудан құр қалған кезі жоқ. Сауаттылық пен жауапкершілік қажет мұндайда.
Құрылыста өсім – 18 пайыз
Ресми орындардың мәлімдеуінше, аймақта жалпы құрылыстың қарқыны едәуір. Пайызға шаққанда 18 пайыз өсімді көрсетіп отырса керек. Бұл шаршы метрмен өлшегенде – 500 мың шаршы метр екен. Мұның барлығы дерлік ендігі мәресіне жетіп те қалған көрінеді.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин бұған дейін мәлімдегендей, жалпы көлемнің 76%-ы коммерциялық тұрғын үйге тиесілі. Облыс бойынша кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін 14 жалға берілетін тұрғын үй жобасы іске асырылуда. Несиелік тұрғын үй құрылысы да жалғасуда.
– Биыл Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігін әзірледі. Атап айтқанда, биылдан бастап, жалға берілетін тұрғын үй жеке құрылыс салушылардан сатып алынды. Тұрғын үй сатып алу бекітілген жол картасы мен қаржыландыру жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді басқарма басшысы. Ал, осы жылы тұрғын үй салу және сатып алу есебінен кезекте тұрған 1 635 отбасы баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс екен.
Түйін
Бір жылдары томардай боп түйілген баспана мәселесінің түйіні осы күні тарқатылған. Соңғы жылдары көпшіліктің үй алудағы үлесі зор. Бұдан бұрынғы ахуалмен салыстырғанда тұрғын үй құрылысындағы көш түзу. Құдайдың құтты күні құрылысы басталып жатқан коммерциялық үйлерді айтпағанда, үйге берілетін мемлекеттік несиелер де елді өкпелетіп отырған жоқ. Бұрын басыңызда үй атымен жоқ болса ғана жеңілдетілген несиемен пәтер алуға хақылы едіңіз. Енді қазір қос-қостап алсаңыз да, ешкім «тәйт!» демейді. Төлей алатын жағдайыңыз жетсе, жарады. Тек кей түйткілдеріне назар аударуды ұмытпаған жөн.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz