Ресми

Құрылысшылар құрмет төрінде

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Құрылысшылар күніне орай отандық құрылыс саласындағы жемісті еңбегі, еліміздің инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар құрылысшылары мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Атап айтқанда, 4 азамат «Парасат» орденінің және 36 адам «Құрмет» орденінің кавалері атанды. 40 жұмысшы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып, 72 құрылысшы «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болды.

Марапатталғандар қатарында қарағандылық құрылысшылар да бар. Мемлекет басшысының мемлекеттік марапатын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев табыс етті.

– Құрметті құрылысшылар, біз сіздердің баршаңызды құрметтейміз! Мемлекет басшысы әрқашан өз қызметіне адал, еңбек адамдарын мақтан тұтады. Сіздер нағыз еңбек адамдарысыздар. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді аймақ басшысы.

Көп жылғы адал еңбегі мен Қазақстан Республикасының құрылыс саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Құрмет» орденімен  «СМК Group» құрылыс компаниясының негізін қалаушысы Медетғали Жахметов және «Оливия» ЖШС директоры Владимир Нефедов марапатталды.

– «Құрмет» орденін иеленгеніме өте қуаныштымын. Құрылысшылардың еңбегін бағалап, құрмет білдіргені үшін Мемлекет басшысына зор алғыс айтамын. Құрылыста 20 жыл еңбек етіп келемін. Қарағанды облысының құрылысшыларының атынан да ризашылығымды білдіремін. Елге пайдамыз тигеніне қуаныштымын, – деді Медетғали Жахметов.

ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне «Оливия» ЖШС инженері Ирина Капинос, «НС Система» ЖШС учаске бастығы Қадыржан Урганчбаев, «Оливия» ЖШС бас инженері Игорь Юн ие болды.

– Мен өз жұмысыммен мақтанамын және жақсы көремін. 30 жылдан астам еңбек өтілім бар. Біздің жұмысымызға жоғары баға бергені үшін Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне алғысымды айтамын. Одан әрі сапаға жұмыс істейміз, кемелділікке ұмтыламыз, – Ирина Капинос.

 «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Агропромремстрой» ЖШС директоры Сатыбалды Жолдыбаев марапатталды.

– Марапат – бұл менің ғана жетістігім емес, барлық ұжымның еңбегі. Біз негізінен әлеуметтік нысандарды саламыз. Атап айтар болсақ, Сәтбаевтағы бес қабатты тұрғын үйлер, Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылындағы мектеп, Қарқаралы және Абай аудандарындағы спорт кешендері. Әріптестеріме алғысымды білдіремін, – деді Сатыбалды Жолдыбаев.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button