АймақҚарағанды

Құрылысшы қашан да қадірлі

Мынау жарық жалғанда адамзат баласына ауадай қажет мамандықтар бар. Соларсыз біздің айымыз батып, күніміз тумайды. Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де, олар сұраныста. Дәрігер, мұғалім дейміз, полицей, пилот дейміз, тізе берсеңіз – көп. Құрылысшы да ешқашан сұраныстан түспейтін жер бетіндегі ең қастерлі мамандық. Міне, тамыздың екінші жексенбісі дәл осы мамандық иелерінің кәсіби мерекесі. Жер жүзіндегі барлық тіршілік иесіне жылы ұясы керек. Адамға да керегі – сол. Зәулім-зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлерді салып, миллиондаған адамға қуаныш сыйлап жүрген мамандық иелерін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтап, мемлекеттік наградалар тапсырды. Биылғы кәсіби мереке «Жұмысшы мамандықтарының жылымен» тұспа-тұс келіп отыр.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Салтанатты жиында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. Құттықтау сөзінде аймақ басшысы құрылысшылардың өңір дамуына қосып жатқан зор үлестерін айрықша атап өтті.

– Ел Президенті қашан да құрылысшыларға ерекше көңіл бөледі. Бұл сала еліміздің дамуына айрықша үлес қосатынын білесіздер. Әсіресе, өндірісі жыл сайын қарқын алып, экономикасы ілгерілеп келе жатқан өңіріміз үшін аса маңызды. Мәселен, аймағымыз­да 3 мың құрылыс компаниясы сәтті жұмыс істеп келеді. Құрылыс саласының әр тарабындағы компаниялар болса да, бәрінің мақсат, міндеті – бір. Біздің басты назар аударатынымыз, әрине, тұрғын үйлердің құрылысы. Мәселен, былтыр 540 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Ал, биыл 548 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Соның 1100 шаршы метрі жалға берілетін пәтерлер. 5 мыңға жуық адам жаңа пәтердің кілтін алады деп жоспарлануда. Бұның барлығы сіздердің еңбектеріңіз! Алдағы уақытта да тізе қосып жұмыс істеп, биік белестерді бағындыратынымызға кәміл сенемін! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Әлеуметтік нысандарда да құрылыс жұмыстары қарқынды. Мәселен, екі жылдың өзінде-ақ 10 мектептің құрылысы басталған. Былтыр 5 мектеп тапсырылыпты. Жоспарға сәйкес биыл 6 мектептің құрылысы аяқталуы тиіс. Бұл тек білім саласында ғана. Ал, өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін 92 медициналық нысанның құрылысы басталған. Нысандар ауылдық елдімекендерде бой көтереді. Бәрі өз мерзімінде тапсырылуы тиіс деді аймақ басшысы. Бұлардан бөлек, ауқымы кең өндірістік нысандардың құрылысыда тілге тиек етілді.

– Өздеріңізге белгілі, Қарағанды өндірістік аймақ. Бұл атқа қашан да лайық болуымыз керек. Өңір аумағында өндірістік орындардың құрылысы басталып, қарқынды жүріп жатыр. Еліміз алдағы уақытта атом электр станциясының құрылысын бастамақ. Осы құрылысқа қарағандылық компаниялар да қатысады деп сенемін. – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Салтанатты жиында Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар азаматқа мемлекеттік награда тапсырылды. Құрылыс саласында көп жылдық тәжірибесі бар, «Полимер-С» ЖШС құрылыс компаниясының білікті басшысы Азамат Ақжігітов «Құрмет» орденімен марапатталды. Азамат Ақжігітов арнайы сөз алып, құрылыс саласының өзге мамандықтардан ерекшелігіне тоқталды.

– Құрылысшы дегеніміз жай ғана тас қалаушы, немесе, ауыр жұмыстарды істейтін адам емес. Ол – мына қаланың жаны, алғашқы іргетасына біткен күретамыры. Мыңдаған адамның өмірі һәм қуанышы солардың қолында. Кабинеттерде ақ жағалы көйлек, сәнді костюм кимесе де, олар ең маңызды жұмысты атқарушылар. Еңбектері орасан. Компания басшысы болсам да, жұмысшыларымның арасында көп жүремін. Бүгінгі құрылысшы жастар өте білімді және жауапкершіліктері мол. Мен оларға толықтай сенім артамын, – деді Азамат Ақжігітов.

Құрылыс ардагері Валентин Пак та «Құрмет» орденімен марапатталды. Марапат иесі 83 жаста. «Оливия» ЖШС құрылыс компаниясында әлі күнге дейін инженер болып қызмет атқарады. Басшылық тәжірибелі һәм білікті маманның қабілетін бағалайды екен. Еңбек жолын 1957 жылы бастапты. Бұл салаға әкесі баулыған.

– Құрылыс – өнер. Өйткені, құрылысшылар жүз жылдан астам уақыт тапжылмай, теңселмей тұратын көпқабатты ғимараттарды салады. Ал, сол ғимаратта миллиондаған сызық пен бөлшек бар. Солардың бәрін бір арнаға тоғыстырып, бір тұтас туынды жасайсыз. Ал, мұндай екінің бірінің қолынан келмейді. Әр ғимарат қаланың ажарын ашады, деміне дем қосады, – деді Валентин Пак.

Еңбек ардагері Антанина Асташеваның кеудесіне «Құрмет» ордені тағылды. III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен «Самрат Строй» ЖШС құрылыс компаниясының инженері Георгий Гарифов пен «VDK-Build» ЖШС құрылыс нысанының бас шебері Алексей Лаппа марапатталды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button