Құрылыс саласы серпін жоғалтпайды
2025 жыл Қарағанды облысы үшін құрылыс, сәулет және қала құрылысы салаларындағы тұрақты дамумен ерекшеленді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін беріп, құрылыс саласы өңір дамуының негізгі драйверлерінің біріне айналды.

Жыл қорытындысы бойынша орындалған құрылыс жұмыстары мен көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 720,5 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,2 пайыздық өсімді көрсетіп, саланың тұрақты дамуын айғақтады.
Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жалғасын тапты. 2025 жылы Қарағанды облысында 596,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2024 жылғы көрсеткіштен 9 пайызға артты. Тұрғын үйлердің басым бөлігі жеке инвестициялар есебінен салынған коммерциялық нысандарға тиесілі болды.
Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 18,4 млрд теңге бөлініп, бұл қаражат жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйлерді сатып алуға, сондай-ақ, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға бағытталды. Нәтижесінде 1503 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Оның ішінде, 1318 отбасы жалдамалы, ал, 185 отбасы кредиттік тұрғын үймен қамтылды.
2026 жылы тұрғын үй құрылысының көлемін 600 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үй сатып алуға 3,6 млрд теңге көлемінде трансферттер қарастырылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы өңірдің ауылдық аймақтарында медициналық инфрақұрылымды айтарлықтай жақсартты. 2023-2025 жылдар аралығында Қарағанды облысында 92 медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Олардың қатарында дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар.
Сонымен бірге, Теміртау мен Балқаш қалаларындағы орталық ауруханаларда ангиографиялық операциялық блоктар іске қосылып, жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Мәдениет және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында да оң өзгерістер орын алды. Қарағанды қаласында Мемлекеттік архивтің жаңа ғимараты бой көтеріп, бірқатар әлеуметтік нысандар жаңғыртудан өтті.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылы облыста екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қалған төрт білім ошағының құрылысы аяқталып, оларды пайдалануға беру сатысында тұр. Жаңа мектептер оқушылар үшін қауіпсіз, заманауи және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, өңірде жаңа мектептер мен спорт залдары салынып, жылы өткелдер мен білім беру нысандарына қосымша ғимараттар тұрғызылды. Бұл бастамалар ауылдық және қалалық елдімекендердегі білім сапасын теңестіруге бағытталған.
Биыл Қарағанды облысындағы елеулі әлеуметтік нысандардың жобаларын аяқтау жоспарлануда. Атап айтқанда, Қарағанды қаласында перинаталдық орталық, 600 орындық жаңа мектеп және 320 орынға арналған балабақша пайдалануға беріледі. Бұл жобалар демографиялық өсім мен әлеуметтік сұранысты ескере отырып жүзеге асырылуда.
Бүгінде облыстағы 359 елдімекеннің барлығы жаңартылған бас жоспарлармен қамтылған. 2025 жылы Қарағанды қаласының бас жоспары Үкімет қаулысымен бекітілді. Қазіргі таңда Теміртау, Приозерск және Абай қалаларының бас жоспарларына түзетулер енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, спорттық-сауықтыру кешендері, стадиондар, бассейндер мен мәдениет нысандарының құрылысы жалғасуда. Қарағанды қаласындағы «Шахтер» стадионында ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Салалық басқарма тұрғындармен кері байланысты нығайтуға ерекше мән беріп келеді. Бұл мақсатта GOV.KZ порталы, Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалар белсенді қолданылады. Сондай-ақ, азаматтар E-Өтініш жүйесі арқылы өз сұрақтары мен ұсыныстарын жолдай алады.
Қорытындылай айтқанда, 2025 жыл Қарағанды облысында құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан нәтижелі кезең болды. Ал, 2026 жылға жоспарланған жобалар өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, аймақтың орнықты дамуына жаңа серпін береді.
Саян МҰРАТҰЛЫ,
Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы
басқармасының басшысы



